Ел тынысы

Президент тапсырмасы бойынша бизнесті қолдау және инвестиция тарту шаралары жүзеге асырылуда

Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы тапсырмалары аясында тұрақты өсімді қамтамасыз етуге, кәсіпкерлікті қолдауға, сондай-ақ инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған экономиканы дамыту жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыруда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

2025 жылдың тоғыз айында ел экономикасының өсуі 6,3%-ды құрады. Бүгінде көлік, құрылыс, сауда және өнеркәсіп салалары экономиканың қозғаушы күшіне айналып отыр.

Макроэкономика және қаржылық тұрақтылық

Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсуі 6,3%-ға жетті, бұл жыл басындағы көрсеткіштен 2,3 пайыздық тармаққа жоғары. Өсу қарқыны қаңтардан қыркүйекке дейін жеделдеді: қаңтарда – 3,8%, қаңтар-ақпанда – 5,4%, қаңтар-наурызда – 5,6%, қаңтар-сәуірде – 6%, қаңтар-мамырда – 6%, қаңтар-маусымда – 6,3%, қаңтар-шілдеде – 6,3% және қаңтар-тамызда 6,5% болды.

Бұл өсу қарқыны экономиканы әртараптандыру және салаларды теңгерімді дамыту есебінен жүзеге асырылуда. Өсімнің негізгі драйверлері көлік және қоймалау қызметтері (+21,2%), құрылыс (+14,9%), сауда (+8,8%), тау-кен (+9,3%) және өңдеу өнеркәсібі (+6,2%) болды.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің өсуі орта және ұзақмерзімді тұрақты даму үшін берік негіз қалыптастырып отыр.

Биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында инвестициялар жылдық мәнде 13,5%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 30,7%-ға ұлғайды.

Инвестициялардың жандануы іскерлік белсенділіктің өсуімен, екінші деңгейлі банктердің бизнеске несие беру көлемінің ұлғаюымен, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды, сондай-ақ «Тарифті инвестицияға айырбастау» және «Келешек мектептері» бағдарламаларын жүзеге асырумен байланысты.

Кәсіпкерлікті  дамыту және инвестициялар

Елімізде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны артып келеді. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елімізде 2 174 309 кәсіпорын тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен (2 043 760) салыстырғанда 6,4%-ға артық.

ШОБ-тың экономикадағы үлесі 38,6%-ға дейін (+0,9 пайыздық тармақ) өсті, ал өнім шығару көлемі 11,4%-ға ұлғайып, 18,7 трлн теңгені құрады.

Бизнес ахуалды жақсарту

2024 жылғы қабылданған бизнес жүргізу мәселелері жөніндегі заңның арқасында бизнесті тексеру азайып келеді. Жаңа тәсіл бойынша қадағалау жүйесі тексеруден профилактикалық шараларға көшу тұрғысында қайта қаралды.

Бас прокуратураның деректеріне сәйкес,  2024 жылы 53 320 кәсіпкер тексерілген, бұл мораторийға дейінгі  2019 жылмен (126 561) салыстырғанда 42,1%-ға төмен.

Мұндай үрдіс 2025 жылы да жалғасуда. Осы жылғы 6 айда тексерулер саны 1,9%-ға азайып, 46 375-ті құрады, бұл 2019 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 73,8%-ға аз.

Сондай-ақ бизнеске қойылатын 10 мыңнан астам артық талаптың күші жойылды, ал «1 in 2 out» қағидаты (қолданыстағы екі реттеу тетігін алып тастап, жаңадан бір талап енгізу) реттеу жүктемесін арттырмауға мүмкіндік берді.

Жыл соңына дейін рұқсат алу үшін қойылатын біліктілік талаптарын қайта қарау жоспарланып отыр, сондай-ақ оларды алу мерзімдері оңтайландырылады.

Бизнес пен мемлекеттің өзара тиімді іс-қимыл жасауы үшін «Менің бизнесім» атты жеке кабинет функционалы бар «eGov Business» мобилді қосымшасы іске қосылды.Ол арқылы 30-дан астам мемлекеттік қызметке оңай қол жеткізуге болады, олар – кәсіпорынды тіркеу, салық күнтізбесі, сертификат алу және цифрлық құжаттарға қол қою және тағы басқалар.

Бизнесті мемлекеттік қолдау

2024 жылдың қорытындысы бойынша жеңілдікпен қаржыландыру шараларымен жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге жуық 26 мыңнан астам бизнес жоба қамтылды.

2025 жылы микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттерін субсидиялауды қарастыратын жеңілдікпен несие берудің жаңа тетігі бекітілді. Субсидияланатын кредит сомасы 200 млн теңгеден аспайды, сыйақы мөлшерлемесі – 12,3%, кредит беру мерзімі – 3 жылға дейін.

Жеңілдікпен кредит беретін жаңа «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды, оның аясында кәсіпкерлер 10 жылға дейінгі мерзімге 12,6% мөлшерлемесі бойынша 7 млрд теңгеге дейін кредит ала алады. Бүгінде 392 млрд теңгеге кәсіпкерлік субъектілерінің 1 095 жобасы қаржыландырылды.

«Даму» қорының базасында екі кепілдік беру қоры құрылды.

  • 1-ші кепілдік беру қоры шеңберінде құны 281 млрд теңге болатын 1 618 жобаға қолдау көрсетілді, оның ішінде кепілдіктер сомасы 154,4 млрд теңгені құрады.
  • 2-ші кепілдік беру қоры бойынша құны 7,1 млрд теңге болатын 1 жобаға қолдау көрсетілсе, оның ішінде кепілдіктер сомасы 2,8 млрд теңгені құрады.

100-ден астам қаржылық және қаржылық емес шараларды қамтитын Бірыңғай өзекті тізілім жасалды. Оның тиімділігіне мониторинг жасау үшін «Baqylauda» жүйесі енгізілді, ол ашықтық пен бағдарламаның орындалуын қадағалауға мүмкіндік береді.

Мемлекет үлесін төмендету және бәсекелестікті дамыту

Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 922,1 млрд теңге сомасындағы 396 мемлекеттік нысан бәсекелес ортаға берілді, 69 нысан қайта ұйымдастыруға немесе таратуға жіберілді.

Ірі мемлекеттік компаниялар IPO/SPO-ға шығарылды:

  • «Қазмұнайгаз» АҚ – 153,9 млрд тенгеге,
  • «KEGOC» АҚ  – 22,6 млрд тенгеге,
  • «Эйр Астана» АҚ – 10,6 млрд тенгеге.

Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия 3 трлн теңгеден астам баланстық құны бар 400-ден аса компанияны оңтайландыруды қолдады.

2026-2030 жылдары үш кезеңді оңтайландыру жоспарлануда:

1 кезең (2026) – 200-ге жуық нысан;

2 кезең (2027-2028) – 100-ден астам компания;

3-кезең (2029-2030) – 60-қа жуық компания, негізінен жылу және энергетика саласында.

Басты мақсат – мемлекеттік активтерді бәсекелес ортаға беру, экономиканың тиімділігін арттыру және жеке бизнесті дамыту үшін жағдай жасау. Сонымен қатар бәсекелес салалардағы мемлекеттік кәсіпорындар санының қайтадан өсуіне жол бермеу үшін нормативтік шарттар пысықталуда. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуына негіз болатын тұстар қысқартылуда.

Аса ірі инвесторлар: Ресей ($4,1 млрд), Нидерланды ($3,8 млрд), Оңтүстік Корея ($1,2 млрд), Бельгия ($1,2 млрд) және Қытай ($1,2 млрд).

2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы ағыны $10,1 млрд құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға артық.

Үкімет инвестиция тарту, бизнесті дамыту және экономиканы демонополизация жасау жөніндегі бұл жұмыстарды жалғастыра беретін болады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button