Басты ақпаратҚоғам

Егемендіктің елең-алаңы

2007-2008 жж.

ШОРТАНБАЙ, ДУЛАТ ПЕН МҰРАТ АҚЫН

Астанадағы үш көше осы ұлы тұлғаларымыздың атымен аталса екен. Тіпті мектептердің атын берсек те артық емес!

Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы және Мұрат Мөңкеұлы. Бүгінде бұл ақындардың есімін еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін жақсы біледі. Әрине, білмейтіндер де бар. Оларға өкпелеудің жөні жоқ. Олар шыңыраудан шыққан Шортанбай түгілі, рухани әлемімізде асқақтап тұрған Абайды да жөндеп танымайды. Жұрттың осы үш ақынды мүлдем білмеген кезі болған. Ол тұста бұларды білгеннен гөрі білмеген тиімді еді. Бірақ әлі де жеткілікті дәрежеде құрметтей алмай жатырмыз. Ұлыларымыз­ды ұлықтай алмай жүрміз. Қаламызда неше түрлі кездейсоқ кісілердің атын иемденген көшелер әлі де бар. Соңына мәңгі тірі мұра емес, еті тірі ұрпақ қалдырған адамдардың атымен біраз көшені атап жүрміз. Айтсаң, ауыздың жібі шешіліп кетеді. Ауыздың жібі шешілген соң бітті. Жіп те жырым-жырым, ауыз да пырым-пырым болады. Оның беті аулақ.

24 ақпан

КӨШЕЛЕР КӨЛКІП ЖАТЫР

Бұл сөйлемді көктем ке­зінде әркімнің аузынан естуге болады. Өйткені қыс бойы сыртқа тасылмай, үсті-үстіне үйіле берген қар күн қызи түскенде қатты қарқынмен ери бастайды. Сай-саладан аққан лай су жол бойына ­жиналады.

Кез келген жолдың ортасы дөңес, екі шеті ойыс болып жасалатыны мәлім. Сол себепті жаңағы лай суыңыз жаяу жүргіншілердің жағдайын кетіреді. Есерсоқ есірік пе, әлде шынымен бір жаққа асығып бара ма, әйтеуір ызғытып келіп, зу етіп өте шыққанда талай мәшине сіздің де бетіңізге былш еткізіп батпақ жабыстырып кеткен шығар. Астанаға жаңа тұрмыс іздеп келіп жатқан халық қаншама. Өзі тар көшедегі жіңішке жолдарға ығы-жығы кептелген автокөліктердің де қатары күн санап көбейе түсуде. Оның үстіне көктемде еріген қар суын қосыңыз. Әжептәуір мәселе.

А.Мекеш

19 сәуір

КӨЛІК КЕПТЕЛІСІНЕН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛАМЫЗ?

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментінің ақпаратын негізге алсақ, тек соңғы үш жылдың өзінде ғана Астана қаласындағы автомашиналардың саны бұрынғысынан 90 пайыз­ға, өткен бір жылдың ішінде ғана 56 мыңға дейін көбейген.

Биылғы мәліметке көз жүгіртсек, олардың жалпы қарасы 156 мыңды көрсетеді. Елордаға күн сайын келіп-кетіп жататын көліктер өз алдына. Осының барлығы жинақталып келгенде, таңғы, түскі және кешкі уақытта қалада, әсіресе ескі қала аумағындағы көшелерде автокөліктердің мысықтабандап қалатын ұзыннан-ұзақ тізілетін кептелуін туғызып отыр. Міне, бүгінде Астананың ең өткір әлеуметтік мәселесі болып отырғаны осы жағдай. Сондықтан мұны қандай жол, қандай мүмкіндікпен шешу керектігі жөнінде департаменттің тиісті лауазым иелерімен пікірлесіп көрген едік. Олардың айтуына қарағанда, биыл қоғамдық автокөлікті жаңалау үшін саны 150-ге дейін автобус сатып алынып, құрылыс нысандарының қатарға қосылуына қарай қаланың әр аймағында қосымша көлік қозғалысының бес бағыты ашылмақ. Сонымен қатар саны 500 автомобильден тұратын қаламыздағы такси қызметін жоғары талапқа сай ұйымдастыру да қарастырылып жатыр. Әзірге бұл талапқа тек «Экипаж» таксилері ғана жауап беруде.

Аманкелді ЖҰМАБЕК

29 мамыр

КАЗИНО – АРАМ АҚШАНЫҢ КӨРІГІ

Жер дегеннен шығады, жа­қында депутаттар мәре-сәре болып, қалалардағы казиноларды Қапшағай мен Бурабайға (Шортанды) көшіру туралы заң шығарды.

Білдей министрлер «казино-­казино» деп, бір жерден ақысы кеткендей қызарақтап сөйледі. Біз сонда ойладық: казино арам ақшаның көрігі екенін бастауыш мектептің баласына дейін біледі, бұл жерде бәрі былығып жатыр: тоналған ақша да осында, жезөкше де осында, атыс-шабыс, қорлау-зорлау да осында. Сонда біз оған неге жол береміз? Қалаңыз-қаламаңыз, бұл жөнінде тыпыр ете алмайсыз. Себебі нарық заманы оны екі қолдап қорғайды. Қорғаған соң да бұл мәселе жөнінде министр де, депутат та құдды балабақша­ны немесе зейнеткерлер мен мүгедектерді қорғағандай әзиз көңілімен, ынта-шынтасымен, айрықша мейіріммен сөйлейді.

Қапшағай – жасанды көл. Негізінен, жасанды жер. Ондағы казиноның жарасы жеңіл. Ал табиғи Бурабай өңірін жын-ойнаққа қалай қиямыз? Ау, дамыған деген елдерде казиноны тақыр жерден салған ғой. Сөйтіп, әулие қонып, нар шөккен Бурабай енді жаңа қазақтар мен өзге де «жаңалардың» казиносына айналғалы отыр. Әрі-бері ойлай келе, тағы да бір адамшылыққа салып әрі армандап, ол арман-аңсарымызды депутат ағайындарға бағыштап: «Осы мәселені қайта пысықтаңыздар, болашақтың алғысына бөленесіздер!» деуді орынды санаймыз. Бұл – санау­лы адамдардың емес, сіздерді сайлаған және сіздерге сенген халықтың аманаты.

Айтуған Досби

19 маусым

ӘНҰРАНДЫ… ОРЫСША?!

Жуырда қолымызға Мемлекеттік әнұранымыздың мәтіні басылған қос беттік нұсқа түсті. Ол, әрине, таңданыс туғызатын нәрсе емес.

Бізді бейжай қалдырмағаны мемлекеттік тілде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны», ресми тілде «Государственный гимн Республики Казахстан» деп жазылған үнқағаздың ішкі беттерінің бірінде әнұранның мәтіні орыс тілінде басылыпты. Орыс тілінде болғанда ешқандай «аударма» я «мағыналық түсінік» деген анықтама берілмеген. Жай ғана әнұранды орыс тіліне өлең түрінде толық аударып басқан да, «Авторы текста: Жумекен Нажмеденов, Нурсултан Назарбаев», «Авторы музыки: Шамши Калдаяков» деп қойған. Сонда Қазақстан Респуб­ликасы әнұранының екі түрлі нұсқасы бар болғаны ма? Қазақстанда әнұран екеу ме? Болмаса Жұмекең мен Нұрекең бірігіп орыс тілінде өлең жазып па? Әрине, Қазақстан мемлекеттігінен бейхабар кез келген шетел азаматы әлгі үнқағазды оқығанда осындай ойға қалары анық. Сонда бұған кім мүдделі? Онсыз да «гимн» деген сөзді әрең-әрең «әнұран» деп, «нышан» деген сөзді енді тиісінше «рәміз» деп жаздыруға тырысып, жалпы қазағымыздың шұрайлы тілін сансыз кедергі­мен күресіп жүріп, өз жөнімен қолдана алмай жатқанымызда Мемлекеттік әнұранымызды толығымен орысшалап әлек болып жүргендер кімдер? Биыл ғана депутаттар «Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік нышандары туралы» заң жобасын қарағанда, Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамбет Ертісбаев: «Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында 8-баптың 3-тармағына сәйкес әнұранды бекітілген мәтін мен музыкалық редакциясына сәйкес тек мемлекеттік тілде ғана орындау қарастырылған» демеп пе еді… Ал заңға, мемлекеттік саясатқа тікелей қарсы шығып жүргендер кімдер? Тым болмаса «орыс тіліндегі мағынасы» деп неге анықтама берілмеген? Өкініштісі сол, әлгі үнқағазда өндіріс өнімінің қайда басылғаны, кімнің тапсырыс бергені және қайда таратылғаны туралы ешқандай дерек көрсетілмеген.

Нәзира Байырбек

4 қазан

ҚАЖЫМҰҚАННЫҢ ӘЖЕСІ КІМ?

Қажымұқан ауылының ар­ғы жағында Сарытерек, Төңкеріс ауылдары іркес-тіркес қоныстанған. Бәрі – бала Мұқанның ізі қалған жерлер.

Осыдан 5-6 жыл бұрын жасы 80-нен асып кеткен Халық деген қағылез қариямен кездестім. Қутыңдаған әзілқой ақсақал Оспанханның жазған шақпа қалжыңдарын жатқа соғып отыр­ды. Қаладан 40 шақырым жердегі Төңкеріс ауылында тұрады екен. Сөз арасында әлгі қария былай деді: «Балам, мен тұрған Төңкеріс ауылының іргесіндегі зиратта Қажымұқанның әжесі, асырап, сақтап адам болдырған анасы Ақыштың (Айсараның) зираты бар. Білетіндер азайып барады. Келіп көріп кетсеңші» деп ұсыныс жасады. Біз мақұл көрдік. Арада айлар өтіп кетті. Әне-міне деп жүргенде Халық ақсақалдың дүниеден өткенін естідім. Санды ұрып біз қалдық. Бірақ осы елдің адамдарынан жалықпай сұрастырып жатып, біледі-ау деген біреуді таптық. Ол азамат Қарағандыда тұрады екен. Аты-жөні – Қуатбек Дайрабайұлы Атыбаев. 1954 жылы Төңкеріс ауылында туған. Әкесі Дайрабай бала кезінде зиратты көрсетіп: «Есіңде сақта, балам, бұл – Қажымұқанның анасының зираты. Мына басына қойылған ұзындығы 2 метр, ені 0,5 метр қыш тасты әкем Атымай керуен тартып бара жатып Самарқан жақтан әкелген. Мақсаты ата-бабаларының басына орнату екен. Содан бір күні үйге Қажымұқан келіп: «Атеке, мына тасты маған бер, шешемнің басына апарып орнатайын» депті. Осылайша Айсара әжеміздің зиратына көк сұр тас орнатылыпты.

Бекен Қайратұлы

10 сәуір

КЕЙІПКЕРЛЕРІМІЗ ҚАНДАЙ?

Кез келген мемлекеттің ­келешегі – жастар. Болашақ ұрпақтың ұлттық болмысымызды танып-біліп, көзі ашық, көкірегі ояу болуы үшін тәрбиенің тал бесіктен басталғаны абзал.

Балаға мектепте үйретілген әрбір нәрсе, оның айналасындағы қоршаған ортасы, достары, тіпті күнделікті пайдаланатын мектепке қажет құралдарының өзі – үлкен тәрбиелеуші құрал. Ал қазіргі мектеп оқушыларының басынан аяғына дейін бақылап, күнделікті пайдаланып жүрген құрал-жабдықтарын қарап шықсаңыз, мәселенің мәнісі басқада. Яғни қазақстандық мектеп оқушыларының «геройы» америкалық және ресейлік мультитоптамалардағы кейіпкерлер мен жартылай ғана «шүберекке оранған» әнші қыз-жігіттерге айналыпты. Бұдан кейін елін сүйер ­патриот, қазақша сөйлейтін ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз деп айтудың өзі артық сияқты. Қазіргі мектеп оқушыларының қолындағы дәптерінен бастап қарындаш ұштағышының сыртына дейін әйгілі «Шрек», «Бэтмен», «Өрмекші адам», «Барби» қуыр­шағы және тағы басқа шетел брендтерінің қаптап тұрғанын байқайсыз. Одан қалса, әнші қыздардың жартылай жалаңаш бейнесі. Биыл бір үйде «махаббат іздеп жүрміз» деп төбелесуге дейін баратын ресейлік «Дом-2» бағдарламасындағы жүргізуші Ксения Собчак пен сондағы «әйгілі» ке­йіпкерлер дәптер бетіне сериал болып шығыпты. Осының бәрі – жеткіншектеріміздің сүйікті де сүйкімді кейіпкерлері. Өйткені дәл қазіргі уақытта нарықта таңдау мүмкіндігі молайған са­йын осындай жағдайға тап болып отырмыз.

Серікгүл Сұлтанқажы

9 қазан

ЕСІЛДЕ ЕНДІ КЕМЕМЕН ЖҮЗЕМІЗ

Осыдан біраз жыл бұрын ­Ас­та­нада кеме жүзетіні туралы әңгіме қозғалғанда көп адам­ға бұл ертегідей елестеген.

Бірақ қала билігі уәдесінде тұрды. Осыдан бір айдай бұрын Есіл өзенінде шағын кемелер жүзе бастады. Осынау су көліктерін қарамағына алып, күтіп-баптайтын «Есіл-Астана» атты мекеме де құрылған.

Қымбат Тоқтамұрат

25 маусым

ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ЖАҢА БОЙТҰМАРЫ

Еліміздің баянды болашағына бағдар сілтейтін еңселі ескерткіш – «Қазақ елі» монументі тура мереке күні тұсауын кесті.

Ескерткіштің биіктігі – 91 метр. Бұл тәуелсіздігіміздің тұсауын кескен жылды меңзейді. Оның салтанатты ашылуына қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздегі басты ескерткіш осы болатынын атап өтті.

Қымбат Тоқтамұрат

10 шілде

 ЕГЕМЕНДІКТІҢ ЕЛЕҢ-АЛАҢЫ

Өткен ғасырдың аяғында қоскіндікті дүние жағда­йындағы тым ұзаққа созылған текетіресте тізесі тәлтіректеген қызыл империя өз қолынан соққан Берлин қабыр­ғасын өз қолымен күйретті.

Үшінші дүниенің жарыл­қаушысы болмақ дәмесінен де күдер үзді. Шығыс Еуропадағы одақтастары өз тізгіндерін өз қолдарына ала бастады. Бұндай «індеттің» енді өз ішіне тарап кетпеуі үшін құрамдастарын алдын ала керектер мен керек еместерге жіктей бастады.

Осы жылдары талай соқталаңға түскен Қазақстан кемесі сең жүре бастаған уақыт мұхитында өзі көксеген бағытқа аса абайшылдықпен жүзіп келе жатты. Өйткені өткен кезеңдер ол жүзіп келе жатқан шығанақты қопарылыс аймағына айналдыруға не керектің бәрін артығымен жасап үлгерді. Сондай қатерлі кеңістікті мейлінше қауіпсіздендіріп, ортақ сенім мен үміт аймағына айналдыру қиынның қиыны еді.

Менде «Қазақ ССР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы мәлімдеменің» дауысқа қойыл­ған нұсқасы әлі бар. Онда әр баптың тұсына дауыс беру нәтижелері көрсетілген. Соған қарап отырғанда, ондағы әр бапты қабылдаудың қаншалықты күшке түскені көз алдымызға келеді. Ең соңынан, мәлімдеме тұтастай дауысқа қойылғанда таблодағы жазуды көргендердің көпші­лігінің көзі дымданып тұрды. Олардың арасында үміттің де, күдіктің де, ызаның да, «ендігі күніміз қандай болады?» деген қобалжудың да, «бұл өзі не болып кетті?» деп аңтарылудың да жасы бар еді.

Әбіш Кекілбаев,

сенатор

16 желтоқсан

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button