Ғасырлық қақтығыстың жана кезеңі

Біздің ғасырдағы ең күрделі әрі шиеленісі шешілмеген геосаяси түйін – Палестина мәселесі. Бұл – тек бір халықтың бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресі ғана емес, Таяу Шығыстағы және жалпы әлемдік саясаттағы тұрақтылыққа тікелей әсер ететін жаһандық мәселе. Әсіресе Газа секторының қазіргі жағдайы бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Бейбіт тұрғындардың қырылуы, азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығы, ауруханалар мен инфрақұрылымның қирауы халықаралық құқықтың қауқарсыздығын және әлем елдерінің әділетті шешімге деген саяси ерік-жігерінің әлсіздігін ашып көрсетті.
ХАМАС Газаға апатты өзі шақырды
Бір ғасыр бойы қантөгістен, атыс-шабыстан көз ашпай келе жатқан Газа аумағының жағдайы 2023 жылы 7 қазаннан кейін тіпті ушыға түсті. ХАМАС «әл-Ақса дауылы» операциясын бастап, Израиль аумағына мыңдаған зымыран ұшырды әрі шекарадағы бөгеттерді бұзып өтіп, 200-ден астам адамды кепілге алды. Израильдің соңғы мәліметі бойынша ХАМАС-тың сол реткі шабуылынан Израильде шамамен 1,2 мың адам қаза тапты. Израиль тарихындағы ең ірі және ең күтпеген шабуылдардың бірі болған бұл оқиға Тель-Авивтің «Темір қылыш» атты қарсы операциясын бастауына мұрындық болды. Нәтижесінде Газа жермен-жексен болып, неше миллион адамның барар жер, басар тауы қалмай босып кетті, 65000-нан астам бейбіт тұрғын қаза тапты. Жүз мың адам жараланды. Гуманитарлық апат салдарынан 425 адам аштықтан көз жұмды. Арада Израиль мен ХАМАС уақытша келісімге келіп, ХАМАС кепілге алған адамдардың біразын босатқанмен, көп өтпей келісім бұзылып, соғыс қайта басталды. ХАМАС-тың қолындағы 40-қа жуық адамның өлі-тірісі әлі белгісіз.
Газадағы қақтығыстың ушығуы Палестина мемлекетін құру мәселесін күн тәртібіне қайта шығарды. Бүгінде Палестина мемлекетін БҰҰ-ға мүше елдердің 70 пайызы мойындағанмен, оның толыққанды халықаралық құқықтық мәртебесі әлі айқындалған жоқ. Әсіресе АҚШ пен Батыстың бірқатар одақтасы бұл қадамға қарсы шығып отыр. Дәл осы саяси бөлініс Палестинаның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуын тежеп, қақтығыстың жаңа кезеңдерге ұласуына жол ашты. Дегенмен өткен айда Ұлыбритания, Австралия, Канада және Франция сынды ірі мемлекеттердің Палестинаны мойындауы бұл мәселеге жаңа серпін берді. Әсіресе бір ғасыр бұрынғы «Бальфур декларациясы» арқылы Палестина дағдарысының бастауына себеп болған Ұлыбританияның осындай қадамға баруы символикалық тұрғыдан аса маңызды. Бұл шешім халықаралық аренада Палестинаның тәуелсіз мемлекет ретінде танылуына деген үмітті күшейткенін көрсетті.
Бәрін былықтырған – Ұлыбритания
1896 жылы қазіргі Израиль мемлекетінің атасы атанған Теодор Герцль «Еврей мемлекеті» (Der Judenstaat) атты еңбегін жазып, Израиль елін Палестина жерінде немесе өзге қолайлы аумақта құруды ұсынғаннан кейін еврейлердің Палестинаға қоныс аудару легі күшейіп, саяси сионизм қозғалысы қарқын алды. Кейін бұл идея 1897 жылғы Базельде өткен Бірінші сионистік конгресте ресми түрде бекітіліп, еврей халқы үшін Палестина жерінде ұлттық отан құру мақсаты халықаралық деңгейде күн тәртібіне шықты. 1917 жылы Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Артур Бальфур «Бальфур декларациясын» жариялап, Палестинада еврей халқы үшін «ұлттық ошақ» құруды қолдайтынын мәлімдеді. Бұл құжат сионизм қозғалысы үшін тарихи бетбұрыс болды. Себебі Палестина сол кезде Осман империясының құрамында еді, ал Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң, лига ұлттарының шешімімен ол Ұлыбританияның мандаттық аумағына айналды. Ұлыбританияның осы саясаты нәтижесінде Еуропадан және өзге аймақтардан Палестинаға еврейлердің қоныс аударуы қарқынды жүрді. Әсіресе, 1920-1930 жылдары Еуропадағы антисемитизм күшейіп, Гитлердің билікке келуімен қудалау үдеген шақта бұл көші-қон толқыны бұрынғыдан да арта түсті. Алайда еврейлердің жаппай қоныстануы жергілікті палестиналық араб халқының наразылығын тудырды. 1920-1936 жылдары Палестинада арабтардың көтерілісі болып, қақтығыс жиілей түсті. Бұл қайшылық кейінгі ірі араб-израиль соғыстарына алғышарт болды. 1947 жылға қарай Ұлыбритания Палестинадағы мандаттық биліктен шаршап, мәселені өзі шеше алмайтынын мойындады. Осылайша, ол бұл түйткілді Біріккен Ұлттар Ұйымының қарауына берді. Нәтижесінде БҰҰ-ның әйгілі 181-қарары қабылданып, Палестинаны бөлу жоспары ұсынылды. Жоспарға сәйкес, Палестина аумағында екі мемлекет — еврей және араб мемлекеттері құрылуы тиіс болды. Еврейлер бұл шешімді қабылдап, өз мемлекетін құруға дайындала бастады. Ал палестиналық арабтар мен араб елдері оны әділетсіз деп санап, үзілді-кесілді қарсы шықты. Себебі сол кезде Палестина халқының 65%-дан астамын арабтар құрайтын, жердің көбі де олардың иелігінде еді. 1948 жылы 14 мамырда Израиль мемлекетінің құрылғаны жарияланды. Бұл оқиға тарихтағы алғашқы араб-израиль соғысының басталуына түрткі болды. Міне, содан бері Палестина аумағы қан-қасап соғыстың оқ-дәрі мүңкіген майданына айналды.
Халықаралық қысым күшейді
Палестина мемлекетін құруға қазіргі таңда Израиль тіс-тырнағымен қарсы шығып отыр. Әсіресе Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяху бұл идеяны ашық түрде қабылдамайтынын бірнеше рет мәлімдеді. Оның айтуынша, Палестина мемлекеті құрылса, ол Израильдің қауіпсіздігіне қатер төндіреді, ХАМАС секілді топтар күшейіп, ел аумағына жаңа қауіп әкелуі мүмкін. Сол себепті Израиль үкіметі, халықаралық қысымға қарамастан, БҰҰ-да көтерілген «екі мемлекет» шешімін қолдаудан бас тартып келеді. Керісінше, Тель-Авив қазірдің өзінде батыс жағалаудағы еврей қоныстарын заңдастырып, жаңа елді мекендер салуды жалғастыруда. Бұл әрекеттер Палестинаның болашақта егемен мемлекет құру мүмкіндігін одан әрі тарылтып отыр. Ал АҚШ президенті болса Ұлыбритания, Франция секілді мемлекеттердің Палестинаны мойындауын құптамай, оны
ХАМАС-қа жасалған «сыйлық» деп бағалап, АҚШ-тың жуық арада Палестинаны мойындамайтынын ашық аңғартты. Алайда халықаралық қысымның күшеюі Израиль мен АҚШ-ты жаңа шешім қабылдауға мәжбүр етті.
Жаңа жоспар бейбітшілікке жол аша ма?
Жақында АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль Премьері Беньямин Нетаньяху келіссөздерінен кейін Трамп Газадағы соғысты тоқтатуға арналған 21 тармақтан тұратын жоспарды жариялады. Жоспарға сәйкес, тараптар келісімге келсе, соғыс аяқталып, Израиль әскері шегінеді, әуе соққылары мен құрлық операциялары тоқтайды. 72 сағаттың ішінде ХАМАС кепіліндегі тұтқындар толық босап, оның орнына Израиль мыңдаған палестиналықты түрмеден шығарады. Бұдан кейін ХАМАС қарусыздануға міндеттеліп, бейбіт өмірге өтуге уәде береді, ал ұйым мүшелеріне рақымшылық жасалып, кеткісі келетіндерге қауіпсіз дәліз ашылады.
Жоспарда сондай-ақ Газаға толық көлемде гуманитарлық көмек жеткізу, су, электр, аурухана секілді инфрақұрылымды қалпына келтіру қарастырылған. Аймақты уақытша халықаралық бақылаудағы технократтық басқару жүргізіп, инвестиция тарту үшін арнайы экономикалық аймақ құру жоспарланған. Газадағы барлық әскери нысандар мен туннельдер жойылып, халықаралық «тұрақтандыру күштері» қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Израиль Газаны отарламайды және тұрақтандыру күштері Газаны бақылауға алғаннан кейін әскерін біртіндеп әкетуге тиіс. Трамптың бұл жоспарын араб елдері бастаған халықаралық қауымдастық «дұрыс қадам» деп қабылдап жатыр. Алайда ХАМАС-тың бұл жоспармен келісетін-келіспейтіні белгісіз. Егер ХАМАС Палестина халқының су боп аққан қанымен, өзен боп аққан көз жасымен санасса, бұл жоспармен келісуі тиіс. Ал келіспесе, онда Израильдің ойлағаны болайын деп тұр. Өйткені Трамптың «ХАМАС келісуі тиіс, келіспесе Израиль істі соңына дейін жалғастырады» деп мәлімдеуіне қарағанда, келісім жасалмаса, қанды жаныштау қайта жалғасын табатын тәрізді.
Сарапшылардың айтуынша, Трамп жоспарының қабылдануы Таяу Шығыстағы ұзақ жылғы қақтығысты тоқтатуға белгілі бір мүмкіндік беретіндей көрінгенмен, оның жүзеге асуы өте күрделі. Өйткені Израильдің қатаң ұстанымы мен ХАМАС-тың талаптары бір-біріне кереғар. Сондықтан бұл құжат тек уақытша дипломатиялық қадам ғана болуы мүмкін деген пікір басым.
Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ