Келешектің тілі

Әлемдік аренада еліміздің әлеуетін көрсету үшін келешекке бірқатар жоспар құрдық. Жаһанға «қазақтың имиджін» көрсетіп, тәнті етуді армандаймыз. Болашақтың кілті – жастардың қолында. Мәдениетіміз, діліміз, ұлттық кодымыз өскелең ұрпақпен бірге жетіліп, бойына сіңісуі керек дейміз. Қазіргі күні трендтен қалмай, брендке қол созған бүлдіршін балалардың өзі цифрлық дәуірге етене араласып кетті. Батыстан жаңа көзқарастардың жақындап жатқаны өркениетімізге өзгерістер енгізуде.
Тілімізге мақалды тиек етіп, көркем әрі әуезді сөйлеуді қазақы болмысқа тән деп таныдық. Бұл бәрімізге ортақ қасиет еді. Ырғақты дыбысты тыңдаған құлақтың құрышы қанып, назарын сыртқа аудармай ұйып тыңдайды. Шешендік өнеріміз күллі Азия халықтарын тәнті еткен. Заман аңғарымен астасып, бірге жұтылып бара жатқан тіл көркемдігі құндылығын жоғалта бастаған секілді. Көнерген сөздерді қолданысқа қайта енгіземіз деп жүргенде келешектің тілі күрделеніп барады.
Ауызекі сөйлеуде шашасына шаң жұқпаған дала ділмарлары шешендіктің шыңына жетті. Қазіргі күні тілі шұрайлы жастарды жолықтыру қиынның қиыны болды. Олар кітаптан алыстап, әлеуметтік желідегі қысқа әрі құрғақ баяндамаларға бас ұрып бітті. Көргеніне еліктеп, ісін жасап, айтқанын қайталап бағып жүр. Десе де технологияның тілін тауып, шарайнада шарықтап жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Сөйлеу әдебіндегі шикіліктер алдағы уақытта шыңдалуды талап етіп тұр.
Тіл мамандары мен өнер адамдары тіл тазалығын сақтау үшін барын салып жүр. Неологизм, жаргон, сленг және интернационалды сөздер қарым-қатынас құралының басты тетігі болып тұр. Ұлттың ұлт екенін айқындайтын басты негіздің бірі ана тілі емес пе?! Заман заулап, уақыт өткен сайын адамзат дамуының ақыры айшықтала бастаған секілді. Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің теориялық тұжырымдары іс жүзінде орындалатындай көрінеді. Олар айтқан адамзаттың эволюциялық шарықтау шегі мемлекетсіз, бірақ жер жүзіндегі бүкіл халықтың бір қоғамға бірігуімен аяқталады. Жер-жаһандағы күллі халықтың бір ғана тілге икемделуі жоғарыдағы өзгерістің бастауы сияқты.
Жастарға жат жұртпен қарым-қатынас жасау қиындық тудырмайтын болды. Олармен байланыс құруға бейімделген ой мен ұғынықты тіл бар. Әлемдегі қауқары күшті ағылшын тілінің сөздігі қолданыстан тыс қалған емес. Технологиямен қатар сөздік қорымызға термин сөздер екпіндеп еніп келді. Бұл тек кәсіпте емес, күнделікті тұрмыста айтылатын қалыпты әңгімеге айналған. Соның салдарынан топ пен екеуара сөйлесіп жатқан жастардың ортасынан шұбарланған ала сөз шығады.
Қазақ тілі өзгелерден табиғилығымен де ерекшеленеді. Қай жерде қолданамын десең де шектеу жоқ. Бұрқырап қайнап жатқан бір өзек шалқар теңізді толтырып жатқан секілді. Қазақ тілінің байлығын көрсететін керемет сөздік қор бар. Өкініштісі сол, сөздеріміз орынды қолданылып жатқан жоқ. Керісінше, өзге елдің сөздерін сұрыптамай енгізіп жатыр. Ақ-қарасын айырып жатқан жан жоқтың қасы. Тілімізді тірі организм ретінде қарасақ, өзгелерден ата тегімізде болмаған вирустарды жұқтырып жатқандаймыз. Жас буын қашан да әлсіз. Көргенін бірден сіңіреді. Кейбіріне «қазақ тілінде неге сөйлемейсің?!» дегенде: «ыңғайсыз» деп тартынатынын қайтпексің…
Айтылған уақытта құлаққа түрпідей тиетін ұғынықсыз сөздердің әсері көп. Жадымызда жатталып, ізгілік пен ізеттіліктің, сыпайы әрі көркем сөйлеудің ізін өшіріп, дөрекілікке үндеп жатқан сыңайлы. Мәселен, ауыздан түспейтін мынадай мысалдарды тізбектейін: сымбатты – «краш»; рас айтамын – «рили»; ең үздік, керемет – «топ»; қалжың, әзіл – «рофл»; қабілет, мүмкіндік – «скилл». Осы тектес сөздерді естігенде жанымның дегбірі қашады. Көзге елестейтін бейнелі әрі жанды сөздеріміз тарих сахнасында қолданыстан шығып, көнерген сөздердің қатарына енеді ме деп қорқамын.
Үрейдің болуы – заңды құбылыс. Әр заманда өзге ұлттың ықпалымен тілімізге бірталай сөздерді енгіздік. Соның ішінде араб, парсы, моңғол және кеңес өкіметінен кірме сөздік бар. Дегенмен өз тілімізге икемдеп, жатық қылып өзгертіп алдық. Қазіргі сөздерді тап солай неге өзгертпейміз? Мейлі, өзгеріссіз қолданайық. «Жаңашыл» қоғамдағы жаңа сөздік өткеннің ізін өшіріп тастамаса болғаны…
Жоғары оқу орындарында, тіпті мектепте жасанды интеллектіні қолданбайтындар аз. Тапсырма түссе болды, ChatGPT-ға бұйрық бере жөнеледі. Бірақ сөйлеу тіліндегі кемшін тұстарды байқап жатқан жоқ. Сол қалыпқа өздері түсе бастады. ChatGPT қазақ тілінде табиғи сөйлей алмайды, қолданыс аясы тар. Орыс тілінен аудармалар ұзын-сонар мәтінмен ағылып келіп жатады. Алпауыт елдердегідей жасанды интеллект қазақ тілінде сөйлесін десек, әуелі өзімізді дұрыстағанымыз абзал. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ана тіліміздегі контенттерді көбейткеніміз жөн. Өзгелерден жат сөзді жұта бермей, сыртқа шығарып үйренгеніміз абзал. Сонда жаһан қолданысындағы жасанды интеллект қазақ тіліндегі пәрменді түсінеді.
P.S: Қазақ тілінің келешегі – бүгінгі ұрпақтың таңдауында. Біз тілді қалай қолдансақ, ертеңгі күні ол да бізге солай қызмет етеді. Тілдің бүлінуі сыртқы әсерден емес, өз ішіміздегі немқұрайдылықтан басталады. «Заманауи боламыз» деп шетелдік жаргонды қусақ неміз қалады? Ана тіліміздің шұбарлануына жол бермей, өзгелерге дәріптеуді үйренейік. Келешекте қазақ тілі көркеюі үшін қамсыздық танытпайық. Шын мәнінде, тілдің қадірін арттыратын да, оны болашаққа жеткізетін де – қарапайым адамдардың күнделікті таңдауы. Таңдауымыздан жаңылып қалмайық!
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ