Басты ақпаратРуханият

Құлазу – шығармашылықтың кілті

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы елорда филиалының «Қаламгер ұстаханасы» жобасының кезекті қонағы көрнекті жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Асқар Алтай болды. Ол «Құлазу – жан-дүние мен шығармашылықтың кілті» тақырыбында дәріс оқыды.

Поэзиядан – прозаға

Құлазу мен сағынышсыз кез келген көркем шығарма тумайды. Бұл – әр адамға, әсіресе шығармашылық адамдарына тән сезімдер. Оның арғы жағында жалғыздық жатыр. Қаламгер дәрісін осы ойымен бастады.

«Адамдардың арасында қаншалықты жүрсең де, қоғамның, әлемнің ортасына кірсең де, жалғыздықты сезінесің. Өнер адамы жалғыздықпен бетпе-бет қалғанда жазғаны-сызғаны дүниеге келеді. Менің шығармаларым осылай жазылды» деген жазушы өзінің жазуға қалай келгені жөнінде сыр тарқатты.

Оның айтуынша, алтыншы сыныпта оқып жүргенінде сыныптас қыздарға өлең арнай бастады. Бұған бозбалалық кезең, шуағын шашқан көктем әсерін тигізді. Көп қаламгердің шығармашылығы өлеңнен басталғандай, әдебиет әлемінің есігін солай қақты. Кейіннен әңгімелер жаза бастады. Алғашқы әңгімесі «Қызбейіт» аталады. Оны жазушы 15 жасында жазды. Есейген шағында үстінен қарап, жетілдіріп, қайтадан жазып шықты. Бірақ шамалы ғана өзгерістерді енгізді. Соңынан «Құла құнан» әңгімесі дүниеге келді. Осы екі шығармадан соң 1979 жылы құрбы-құрдастары туралы «Біз әлі кездесеміз» атты романын бастады. Бірақ аяқтамастан жоғалтып алып, қайта қолға алмады.

Үш жоғалтуы

Жалпы жазушы өмірінде 3 шығармасын жоғалтқан екен. Бұл – жоғарыда аты аталған «Біз әлі кездесеміз» романы, махаббаттан туған, Бауыржан Омар, Қыдырбек Рысбек, Қайрат Әлімбек сынды достары дәнекер болып, «Жас Алаш» газетіне жариялануға беріліп, шықпай қалған «Көз» әңгімесі және қолжазбасының 60-65 пайызы жоқ болып кеткен «Алтайдың алқызыл модағайы» атты романы. Бұл романды жазушы әкесі түсіне кіргеннен кейін қайтадан жазып шықты.

«Өмірімдегі, шығармашылы­ғымдағы ерекше сәттердің бірі – осы үш жоғалту» деген жазушы өзінің «Альпинист» әңгімесінің, «Қызыл бөлтірік» повесінің жазылу тарихын тарқатты. Шығармаларының біразы балалық шақтың әсерімен жазылғанын жеткізді.

«Жалпы балалық шақта алған әсер жазушы үшін оның мәңгілік сусындайтын суаты» деді қаламгер.

Тарази тағылымы

Жазушының пікірінше, қаламгерге әңгіме жазуға бір детальдер жеткілікті болса, роман жазуға оны ішкі болмысы итермелейді.

«Қаламгердің болмысы, ішкі рухы қаншалықты бекем, қаншалықты толық, қаншалықты жан-жақты, қаныққан болса, соншалықты роман төрт аяғын тең басып дүниеге келеді. Мысалы, «Алтай балладасын» (Алтайдың алқызыл модағайы) 30 жасымда жаздым. Сонда менің ішкі рухым, балалық шағымнан келе жатқан болмысым бар деуге болады. Жалпы адам шығармашылыққа келемін деп келмейді. Мен, мысалы, геолог болуды армандадым. Әкем геологтарды «жер тінтушілер» деп атайтын. Бірақ бәлкім, Алтайдың табиғаты, ерекше болмысы жан дүниеме әсер етіп, жазушылыққа алып келген шығар» деді Асқар Алтай.

Өзінің қаламгерлік мектебі туралы айтқанда, қазақ әдебиетінің классигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Тарази есімін ерекше атап өтті.

«Қаржы-қаражат» журналында Әкім ағаның орынбасары болдым. Бұл кісі шын мәнінде мені тәрбиелеген аса зиялы адамдардың бірі еді. Онымен қызметтес болғаныма өз басым қуанамын. Ағадан көп нәрсені, соның ішінде сабырлығын үйрендім» деді Асқар Алтай.

Роман жазудың хикметі

Роман жазудың ерекшелігіне тоқталған қаламгер Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романын мысалға келтірді. Өзінің бір романына қабырғалы қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қалихан Ысқақтың риза болғанын жеткізді.

«Роман жазудың хикметі ерекше. Роман дегеніміз, негізі полифонизм дейді ғой… Баяғыда Мұхтар Мағауинмен бірге қызмет істедім. «Аласапыранды» қазақ тарихи романдарының ішінде ұлы роман деп есептеймін. Онда оқиға қат-қабат болып өріліп отырады. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында да шатаспасам, «Қат-қабат» атты тарау бар. Сол сияқты романда осындай көрінбейтін қабаттар болады. Менің алғашқы романымнан гөрі «Былғары табыт» романымда осындай дүниелерді қолдануға тырыстым. Роман жазуға келгенде қалай болғанда да тәжірибе бірінші орынға шығады. Адам жастай роман жазуы мүмкін, бірақ тәжірибе жетіспегендіктен олпы-солпы жерлері, әлсіз жақтары көп болуы ықтимал. Сондықтан жазушы әңгімеден, повесьтен түсіп барып романға келеді» деген жазушы әлемдік тәжірибені келтірді. Соның ішінде Ги де Мопассан есімін атап өтті. Михаил Шолохов жастай «Тынық Дон» романын жазғанымен, соған үлкен дайындықпен келгенін, бірақ одан кейін осы деңгейде шығарма жаза алмағанын тілге тиек етті.

«Шолоховтың алдында орыс әдебиетіндегі Толстойдай үлкен мектеп тұрды. Біздің қазіргі жазушылардың алдында да үлкен мектеп бар. Университеттерде қазақ әдебиетіне келгенде білім үстірт беріледі. Оның ішкі лабораториясына кіре алмайды. Өзім Горький атындағы әдебиет институтында оқымадым, бірақ естігенім, сондағы профессорлар дәріспен ғана шектелмей, жазушы лабораториясына үңіледі» деді Асқар Алтай.

Тапсырыспен жазылған жалғыз туынды

Оқырманның көңілінен шығатын шығарманы қалай жазу керек?

«Кейбір дүниені жазушы жазайын деп жазбайды. Кейіпкер болмысы, автор болмысы деген екі бөлек дүние болады. Кейде екеуі бір ғарыштық байланыс­та түйіссе керек. Қолына қалам алған адам жазам деген дүние­сін бүге-шігесіне дейін өзінің жандүниесінен, сана сүзгісінен, жүрегінен өткізуі керек. Сонда шығарма табиғи, ешқандай күмәнсіз шығады. Мысалы, өзім жүрегімнен өтпеген дүниеге қалам сілтеп әуре болмаймын. Ондайға баспаймын. Өмірімде бір-ақ рет тапсырыспен әңгіме жаздым. Бұл – «Түсік» деген әңгіме. Мұны жұрт көп талдап жүр. Әсіресе, жастарға ұнады. Кейбір үлкен ағаларымызға ұнамай да қалды. Нұртөре Жүсіп «Жас Алашқа» бас редактор болғанда осы шығармаға тапсырыс беріп, жазылды. Қалихан Ысқақ, Жанат Ахмади дейтін ағаларыма да берілген екен. Үшеуі газетте қатар жарияланды. Кейін сол әңгімені газеттегі нұсқасынан сәл өңдеуге, тереңдеуге тура келді» деді жазушы.

 Оқырман Оралханды уақытында мойындады

Дәрістің сұрақ-жауап кезеңінде жас ақын Ауғанбай Санақұлы көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оралхан Бөкей туралы сұрады.

«Орағаңды ойлаған кезде, жүрегім ауырады. Қазақтың ұлы суреткері еді. Өзінің қатарындағы кейбір азаматтар оны, тіпті жазушы деп есептеген жоқ. Сондай адамдармен қатты сөзге барысып қалған кездерім болды. Кей талант уақытында мойындалмай да жатады. Уақытында оқырман ерекше мойындаған адам – Оралхан ағамыз. Әлі күнге дейін қолына қалам алған, жазушы болғысы келетін адам Оралханды айналып өте алмайды. Біздің қазақ қаламгерлері бұрыннан екі адамды айналып өте алмаған. Біріншісі – Әуезов. Жас прозаиктер Оралханды айналып өте алмайды. Бұл – ақиқат шындық. Орағаңмен қатты араласқан екі адам болды. Оның алғашқысы – марқұм Талаптан Ахметжан, екіншісі – Жүсіпбек Қорғасбек. Екеуі де – Орағаңның прозасына бас иген және оған жарым-жартылай еліктеген азаматтар. Өз басым Оралханға еліктеген жоқпын. Оралхандағы мұң, қасірет, романтизм менің шығармаларымда жоқ» деген Асқар Алтай ешқандай жазушыға еліктемеу керектігін айтты.

Өзінің шығармашылық лабораториясына келгенде, бұрын түнде жазса, қазір денсаулығына байланысты күндіз ғана жазатынын, шығарманы миында әбден пісіріп барып, үстелге отыратынын, аз уақытта жазып шығатынын, көп жөндемейтінін жеткізді. Елорда мектептерінің бірінде Асқар Алтайдың «Киллер сауысқан» әңгімесі бойынша ғылыми жұмыс қолға алынды. Дәріс соңында мұнымен айналысып жатқан оқушы мен ұстазы қаламгерге ықылас танытты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button