Қоғам

Қос ғасырдың куәсі

Жұмыр басты пенденің мақсаттарына жетіп, ұзақ өмір сүруді армандамайтыны жоқ шығар. Тыл еңбегінің ардагері, астаналық көпбалалы ана Саржан Әбдірахманқызы – осындай мұратына жеткен жандардың қатарынан. Жиырмасыншы ғасырдың басында дүниеге келіп, жаңа дәуірді де көзімен көрген кей­уана күні кеше 100 жасқа толды.

Әдетте бұл – екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Жаратқанның жарылқағаны ғой. Талай кезеңді бастан кешірді, ұлт тарихындағы қаншама оқиғаға куә болды. Балалық шағы төңкеріс пен ұжымдастыру кезеңіне, тәркілеу науқаны, ашаршылық әрі соғыспен тұспа-тұс келіп, жақсылық пен жамандықты, бейнет пен зейнетті, қиындық пен қуанышты қатар көрді.

Ата-анасының азан шақырып қойған аты – Сарбалдақ. Өздері еркелетіп Саржан деп атап кеткен. Отбасындағы екі баланың үлкені Ақбалдақтан кейін 1925 жылы Ақмола облысының сол кездегі Сталин, қазіргі Ақкөл ауданы Ақсу кенішінде дүниеге келді. Орта мектепті бітірген соң Куприянов атындағы артельде сұрыптаушы болып еңбекке ерте араласты. Аяғынан тік тұрып күніне 14-16 сағат жұмыс істегені, резеңке етіктің табанынан өткен сыз тас төбеден бір-ақ шығатыны, елдегі зобалаң мен аштық, бәрі-бәрі есінде.

Ғазиз Бейбітов екеуі бір мектепте оқыды. Соғыс­тан аман-есен оралған соң бір жылдан кейін сөз байласып, отау құрды. Сол күннен бастап Саржан Әбдірахманқызы отағасының көмекшісі, ақылшысы бола білді. Әділдікті жаны сүйе­тін, адалдықты ту еткен азаматтың ел алдындағы абырой-беделі де зор болды. Алматыдағы партия мектебін бітіріп, Бестөбе кенішінде он жылдан астам партия ұйымының хатшысы қызметін атқарса, бәйбішесі тікелей үй шаруа­шылығымен, бала тәрбие­сімен айналысты. Қызмет бабымен әр жылдары Ақсу, Жолымбет кеніштеріне қоныс аударып, балалар сол жерлерде оқып, орта білім алды.

Соғыс ардагерінің қазасы балалардың қабырғасын қайыстырды, әжейге де оңай болған жоқ. Басына түскен ауыртпалықты қайыс­пай көтеріп, балапандарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қатарынан кем қылмай өсіріп-жеткізу үшін ер-азаматтарша белді бекем буып, үйдегі, түздегі жұмыстардың барлығын бір өзі атқарды.

– Ол кезде елдімекендерде қонақ үй деген жоқ, келген қонақтар біздікіне қона жатып аттанушы еді. Сонда анамыз қонақтардың қас-қабағына қарап, қабақ шытқанын көрмеппіз. Әжеміз, анамыздың енесі Қалима, өз шешесі Ғалымжанды құрметтеп күтті, қайын сіңлі, күйеу балаларын да ерекше қадірледі. Көрші-қолаңмен тату, қолы ашық, ісмер болатын. Барқыттан вельвет тігіп беретін. Анамыздың жүзге жетуінің құпиясы көп еңбектенуінде, кеңпейілдігі мен ақжарқын мінезінің арқасы деп ойлаймын. Біз ол кісіні мақтан тұтамыз, қадір-қасиеті немерелеріне дарыса екен, – деді кенже қызы Раушан.

Өз ғұмырында әжей он бір құрсақ көтеріпті. Төртеуі жастай шетінеп, қалғанын қаймағы бұзылмаған қазақы тәрбиемен өсіріп жеткізді. Бүгінде әрқайсысы үйлі-баранды, жоғары білімді, әр салада абыройлы еңбек етіп, өмірден өз орындарын тапқан құрметті зейнеткерлер. Гүлжаны ұзақ жыл Астанадағы №6 емхананың бас дәрігері, кейін қалалық мәслихаттың депутаты болды. Жанаты инженер-­энергетик, елордадағы іргелі кәсіпорындардың бірі – Ақмола электр желілерін тарату компаниясында жауапты қызмет атқарды. ТМД-ның, Қазақстанның құрметті энергетигі, Қазақстан Республикасының құрметті азаматы. Райханы – Теңіз ауданында біраз жыл білім саласында, Рау­шаны – Жолымбет кенті әкімінің орынбасары, кейін «Каззолото» комбинатының кәсіподақ кеңесінде еңбек етті, екеуі де педагог. Серігі – инженер, Берігі – кеден саласында, Еркіні жеке кәсіппен айналысып жүр. Осы ұл-қыздарынан 11 немере, 25 шөбере көріп, ортасында тамырын тереңге тартқан бәйтеректей сая болып отырған әжей елінің амандығын тіледі.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button