Мәдениет

Кезекті кітап мерекесі…

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық академия­лық кітапханада дәстүрлі «KitapTime – 2025» IV жалпы республикалық кітап фестивалі өтті.

Фестивальге ғылым мен мәдениет қайраткерлері, шетел елшіліктерінің өкілдері, баспагерлер, қолөнер шеберлері, иллюстраторлар, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.

«Дәл қазір бүкіл көпшілік кітапханада осы «KitapTime» мерекесі өтіп жатыр, бұл шара кітапханаға оқырман тартуға, кітап насихатына арналған. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырыстарында елдің ертеңі мен келешегі үшін кітап оқу мен кітап басып шығару ісінің маңызына тоқталып, кітап оқитын ел ғана зиялы ұлтқа айналатынын баса айтқан болатын. Кітап оқуды кеңінен насихаттау, рухани, интеллектуалдық даму жолында жастарды ынталандыру және мәдени құндылықтарымызды халыққа жеткізу мақсатында осы іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрына, шеберлерге, елшіліктерге, өнерпаздарға алғыс білдіремін» деді ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Қарсақбайқызы.

Фестивальдің басты көрініс­терінің бірі – кітап тиеген керуен бейнесіндегі инсталляция болды. Сонымен қатар, отандық және шетелдік баспалар мен кітап дүкендері өз туындыларын ұсынды. Олардың қатарында: «Арман-ПВ», «Қасым», «Мұқаба», «Мазмұндама», «Qyr balasy», «Qazbilim» баспалары, сондай-ақ «Алматы кітап», «Кіtapal», «Абай үйі» кітап дүкендері бар. Елшіліктердің «Ұлттық атрибуттар» кітап-иллюстрациялық көрмесінде Татарстан мен Ресейдің басылымдары ұсынылды.

Фестиваль аясында: «Абай ауылы» этнолокациясы мен көрмесі, «Ауылға кітап» сыйлау акциясы, Елшіліктердің «Ұлттық атрибуттар» кітап-иллюстрациялық көрмесі, Шеберлік сағаттары, «Bookcrossing», «Библиоринг» әдеби ойыны, «Picnic time» фотоаймағы сияқты түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Ал Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры М.Әуезов­тің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасынан үзінді қойып, Абай әндері орындалды. «Шаңырақ» әжелер ансамблі де көпшілікке әннен шашу шашты.

Сондай-ақ іс-шараның ­«Велошеру» бөлімінде АҚШ-та 21 күн велосаяхат жасаған журналист, велошабандоз Ернат Рахметолла өзінің Абай мұрасын шетелде насихаттау, сондай-ақ салауатты өмір салты мен жеке жетістікке жету жолдарын баяндады.

Ал рухани іс-шараның ­«Қазақтың Табылдысы» сырлы саз сағаты ақын ­Табылды ­Досымовқа арналды.

Фестиваль – «Күзгі жыр» поэзиялық battle және автограф-­патимен қорытындыланды. Онда Батырхан Сәрсенхан, Қабиден Қуанышбай, Айдана Сегізбай, Дәулет Жадырасын, Шапағат Әбдір, Ділда Уәлибек, Абзал Мақаш, Мәрлен Ғилымхан, Назерке Семей сынды ақындар қатысып, өлең оқып, көрермен ықыласына бөленді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button