Арқауы – өнер, өрнегі – күй

Елордада Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрі қобыз тобының концертмейстері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, композитор, музыка зерттеушісі Жанар Жүсіпованың «Арқауы – өнер, өрнегі – күй» атты жеке концерті өтті.
Кеш иесі Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыкалық мектепте Әбдіманап Жұмабековтен қылқобыз шалудың қыр-сырын меңгеріп, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік консерваториясын аяқтады. Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінде, Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармониясындағы «Адырна» фольклорлык-этнографиялық ансамбльде жеке орындаушы және оркестр әртісі болып еңбек етті. Елорда төрінде қазақ ұлттық аспаптар оркестрі құрылғанда, соның негізін қалаушылардың біріне айналды. Күні бүгінге дейін жеке орындаушы және қылқобыз тобының концертмейстері болып осы ұжымда жұмыс істеп келе жатыр.
Әйгілі әнші, өнертану профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжеғали Мыржықбай – елорда филармониясының тұңғыш директоры. Құрамына Жанар Жүсіпова қабылданып, 60 адамнан жасақталған ұлт аспаптар оркестрін құрумен тікелей айналасқан Кенжеғали Тұрсынбекұлы кеш барысында өнер ұжымының тарихын еске алып, жылы лебізін жеткізді.
Қобыздың көне сарынынан сыр тартатын «Қоңыр» күйімен басталған концерт Ықылас Дүкенұлының «Жезкиік» күйімен жалғасты. Ал кеш бағдарламасы, негізінен, Жанар Жүсіпованың өзінің шығармаларынан тұрды. Атап айтқанда, оның қобыз атасы Қорқытпен байланысы бар аңыздан туындаған «Қырық қыз», «Сағым», «Тұран» сынды күйлері ұсынылды. Ұлтымыздың ұлы мұрасына айналған туындылар да өзгеше өңдеуде әуеледі. Ақан серінің «Маңмаңгерін» қазақ оркестрінің қобызшылар тобы орындады. Жас композитор, дирижер Әбілқайыр Сағымбаевтың «Дайдидау» халық әніне фантазиясы ерекше шықты. Сонымен қатар бүгінде аттарына жұрт қанық композиторлар Арман Жайым мен Әліби Әбдінұровтың туындылары, моңғол композиторы Өлзийбаярдың шығармасы ойналды.
Кеште Жанар Жүсіпова және Ғ.Жұбанова атындағы ішекті аспаптар оркестрі, астаналық филармонияның симфониялық оркестрі өнер көрсетті.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ