Қарттар күніне орай зейнеткерлер арасында шахматтан турнир өтті

Есіл ауданында Қарттар күні мерекесіне арналған ерекше спорттық шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Қариясы бар ауылдың – дариясы бар» атты тақырыппен өткен шахмат турнирі зейнеткерлер арасында қызықты әрі тартысты өтті.
Бұл игі бастамаға Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы қолдау көрсетіп, Есіл аудандық ардагерлер кеңесі бірлесіп ұйымдастырды.
Турнирдің негізгі мақсаты – ардагерлердің белсенді өмір салтын насихаттау, олардың қоғамдағы рөлін дәріптеу және қарттарға мерекелік көңіл-күй сыйлау болды.
Есіл ауданы бойынша мәдени көпшілік іс шаралар жұмыстарын ұйымдастырушысы, Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» қызметкері Гүлшат Әбубәкірова аталмыш жарысқа қатысты пікір білдірді.
«Жалпы Астананың алты ауданында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» бар. Орталыққа қызығушылық танытатушылар өздеріне жақын ауданды таңдап құндылық алады.
Соның бірі «Қарттар күні» мерекесіне орай ұйымдастырылған шахматтан турнир. Астана қаласының Спорттық іс-шара өткізу дирекциясы бізді осындай шараларды ұйымдастыру кезінде қолдау көрсетеді.
Қарияларымыз шахмат ойнауға тұрақты түрде белсенді қатысады десек артық айтпаймыз. Олардың қызығушылығы өте жоғары», — деді ол.
Шахмат додасына Есіл ауданынан барлығы 11 қария қатысты. Қатысушылардың барлығы үлкен қызығушылықпен ойнап, өз шеберліктерін паш етті. Турнир барысында жылы жүздесулер мен достық рухтағы бәсекелестік ерекше атмосфера қалыптастырды.
Шахмат клубының президенті, зейнеткер Мерғалым Нұрымов жарысқа әділ қазылық жасап, қатысушыларға қолдау білдірді.
Жарыс қорытындысы:
• 1-орын – Сәрсенбай Тастанов;
• 2-орынды – Алмабек Бердіғалиев;
• 3-орынға – Каримолла Урналиев.
Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.