Көпір маңындағы жазулар өшірілді

Астана қаласы Сарайшық ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен қоғамдық орындардағы күмәнді мазмұндағы граффитиді бояп, тазалау бойынша рейдтік іс-шара өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Атап айтқанда, Арқар көпірінің астындағы түрлі жазуларды өшіру акциясына қалалық мәслихат депутаты Арсланбек Мағзұм және аудандық полиция басқармасының қызметкерлері, аудандық прокуратура өкілдері, сондай-ақ «Жастар рухы» жастар ұйымының мүшелері қатысты.
«Бүгінгі шараның басты мақсаты – қала көшелерін күмәнді мазмұндағы жазулардан тазарту ғана емес, сонымен қатар құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу. Көше қабырғаларындағы мұндай граффитилер кей жағдайда заңға қайшы үгіт-насихатқа, жастардың теріс бағытқа бет бұруына себеп болуда. Сондықтан біз тек бояп тазалап қана қоймай, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын да жүргізіп жатырмыз. Қала — бәріміздің ортақ үйіміз, оны таза әрі қауіпсіз ұстау – әрбір азаматтың міндеті» деді Сарайшық аудандық полиция бьасқармасының номері 68 полиция пункітінің жұмысын ұйысмдастыруға жауапты полиция майоры Нұрлан Жұмаділов.
Айта кетейік, Астанада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы айлық жалғасуда. Құқық қорғау органдары бірлескен рейдтер өткізіп, оқу орындарында профилактикалық кездесулер ұйымдастыруда, сондай-ақ тыйым салынған заттарды тарататын интернет-ресурстарды анықтау және жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мұндай іс-шаралар халықтың хабардарлығын арттыруға, полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, сондай-ақ есірткі қылмысына және өзге де қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатерлерге қарсы бірлесіп күресуге маңызды ықпал етеді.