«Жасыл балабақша»: ерекше жоба оң нәтиже көрсетті

Астана қаласындағы №74 «Дәурен» балабақшасында «Жасыл балабақша» жобасы аясында қалалық деңгейде семинар ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Семинарға елордадағы №24, №74, №77 және №84 балабақшаларының өкілдері қатысып, атқарылған жұмыстар мен тәжірибелермен бөлісті.
«Жасыл балабақша» – мектепке дейінгі ұйымдардың аумағын көгалдандыру, ландшафтық зерттеулер жүргізу және балаларға экологиялық тәрбие беру мақсатында қолға алынған маңызды жоба. Жобаның басты мақсаты – жас ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, экологиялық сананы ерте жастан қалыптастыру.
Семинар барысында №74 «Дәурен» балабақшасы осы жобаны жүзеге асыру бағытында соңғы үш жылда атқарылған жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды.
Атап айтқанда, балабақша аумағында түрлі сәндік және пайдалы өсімдіктер отырғызылып, шағын көкөніс бақтары мен гүлзарлар ұйымдастырылған. Сонымен қатар, тәрбиеленушілерге экологиялық бағыттағы арнайы сабақтар мен ойын түріндегі іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Жобаның тағы бір маңызды ерекшелігі – ландшафтық зерттеулерді қолдану арқылы балабақша ауласын тиімді көгалдандыру. Бұл тәсіл қоршаған ортаны көркейтіп қана қоймай, балалардың табиғат туралы білімін тереңдетіп, оларды табиғатқа жанашыр болуға тәрбиелеуге ықпал етеді.
Семинарға Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Серік Әділбаев қатысып, жобаның барысымен танысты. Жиын барысында балабақша бүлдіршіндері «Нан дастарханға қалай келеді?» атты көрініс қойып, бидай дәнінен бастап, дайын нан өнімінің дастарханға дейінгі жолын сахналық қойылым арқылы көрсетті. Бұл көрініс балалардың ауыл шаруашылығы, еңбек, табиғат және тағам арасындағы байланыстар туралы білімін тереңдетуге бағытталды.
Іс-шараға қатысушылар «Жасыл балабақша» жобасының маңыздылығын жоғары бағалап, мұндай экологиялық бастамалардың басқа да мектепке дейінгі ұйымдарда жалғасын табуы қажеттігін атап өтті. Жоба – экологиялық мәдениетті бала жастан қалыптастырудың үлгісі ретінде оң нәтиже беріп отыр.