Астанада қала құрылысына қандай цифрлық шешімдер енгізілуде?

Астанада Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған цифрландыру жөніндегі тапсырмаларды жүзеге асыру мәселесі талқыланды. Бұл тақырып «Астана бас жоспары» ҒЖЗИ» алаңында өткен кеңесте қаралды. Оған мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, елордалық құрылыс компаниялары мен жобалаушылар қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жиынға Астана қаласының Қала құрылысы, сәулет және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Аян Смағұлов төрағалық етті.
Қатысушылар Мемлекет басшысы Жолдауында айтқан қала тіршілігіне қатысты процестерге цифрлық технологияларды енгізу жолдарын талқылады.
«Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары Елнар Базыкен Green ID жүйесі арқылы жасыл желектерді цифрландыру жобасын таныстырды. Бұл жоба әрбір ағашқа QR-кодпен электронды паспорт беру арқылы оның негізгі деректерін және қазіргі жағдайын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жасыл желектерді уақытылы күтіп-баптау үшін арнайы датчиктер орнату жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Елнар Базыкен ғимарат қасбеттерін цифрландыру қажеттігін атап өтті. Цифрлық паспорт нысанның архитектуралық келбеті туралы толық мәліметті қамтуы тиіс. Урбанистің айтуынша, бұл көше бейнесін жүйелі түрде бақылауға, біртұтас стильді сақтауға және сәйкессіздіктерді жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта цифрлық құжат тек ғимараттар ғана емес, жасыл желектер, инженерлік желілер мен қоғамдық кеңістіктер туралы да деректерді қамтитын болады. Бұл өз кезегінде қала құрылысы саласындағы барлық процестің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Кеңес ашық диалог форматында өтті: қатысушылар сұрақ қойып, ұсынылған жобаларды белсенді талқылады.