Депутаттар жаңа студенттік жатақхананы аралады

Астана қалалық мәслихатының депутаттары «JOLTAP» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан нысандарды және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ның жаңа студенттік жатақханасын аралап көрді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Екі жыл бұрын елордада бастау алған «JOLTAP» жобасы халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге, кәсіби дағдыларды дамытуға бағытталған. Жоба әсіресе жұмыссыздарға, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға және жастарға арналған.
2023 жылғы қарашадан 2025 жылғы сәуірге дейінгі аралықта:
- 30,7 мыңнан астам азаматқа жұмыспен қамту және мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша кеңес берілді;
- 5,4 мың өтінім мемлекеттік қолдау шараларына, 1,5 мың өтінім микрокредит пен гранттарға тапсырылды;
- 14 мың адам қысқа мерзімді курстардан өтіп, сұранысқа ие мамандықтарды игерді;
- 1 000-нан астам жеке кәсіпкерлік ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылды;
- «JUMYSTAP» онлайн-платформасы іске қосылып, оның қолданушыларының саны 19,9 мың адамға жетті;
- әлеуметтік желілерде жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бойынша ақпараттық қамту 2 млн қолданушыдан асты;
- кеңес беруге арналған Call-орталық жұмыс істей бастады.
Оқыту 12 сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары бойынша жүргізілуде (тігінші, бариста, электрогазбен дәнекерлеуші, бухгалтер, жиһаз шебері, автосервис маманы және т.б.), сондай-ақ «FREELANCE МҮМКІНДІК» жобасы аясында цифрлық бағыттар бойынша (SMM, таргетинг, графикалық және веб-дизайн, бейнемонтаж және т.б.).
Тағы бір маңызды нысан – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ 2 656 орынға арналған студенттік жатақханасы.
Бұл – Қазақстан тарихындағы ең ірі студенттік кампус. Ол үш блоктан тұрады, олардың ішінде коворкинг аймақтары, кітапханалар, спорт залдары мен коммерциялық орындар бар.
Жеке блок инклюзиясы бар студенттерге бейімделген.
Жаңа кампус тұрғын үйді, оқу және демалыс кеңістіктерін біріктіріп, заманауи студенттік өмірдің орталығына айналды.