Жасыл қаланың алғышарты қандай?
Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі Айдар Өмірзақовпен сұхбат

– Айдар Мадиярұлы, қазіргі отандық сәулет өнерінің жай-күйі қандай? Елорда құрылысының архитектурасы туралы не айтасыз?
– Мен өзім Ленинград инженер-құрылыс иститутын бітірген құрылысшы-архитектормын. Қазіргі сәулет өнерінің дамуына келсек, Алматы, Астана қалаларында заманауи көрікті ғимараттар салынып жатқаны рас. Елордамыз – заманымыздың сәулетті де жаңа құбылысы. Бірақ терең үңіліп қарасақ, оның да кемшін тұстары бар. Жалпы өркениетке бастаған бағыты өте дұрыс.
Қазір сәулет өнері инновацияға, жаңа технология жетістіктеріне көбірек көңіл бөлуде. Енді соған кейбір ғимараттарды жобалау кезінде қазақи, ұлттық рең мен бояуды қосу жағы жетпей жатады. Дегенмен «Хан Шатыр», «Бәйтерек», «Пирамида», мешіттер шығыс үлгісінде салынған. Олар сәулет өнерімізді әлемге танытуда. Қаланың ұлттық бет-келбеті болғанын армандаймыз. Өйткені әрбір мейман Қазақстанға келгенін сезіне алуы қажет. Бұл барлық ғимараттар мен нысандарды ұлттық негізде не шығыстық үлгіде сала беру керек деген сөз емес. Алдағы уақытта әуежай, теміржол вокзалдарын және қаланың басты ғимараттарын жобалау барысында осы ұстанымды негізге алсақ, ұтымды болатыны сөзсіз. Тұрғын үйлерді әйнек пен бетоннан тұрғыза салмай, эстетикалық талғамға, табиғатпен үйлесімге мән берілгені жөн. Сәулет өнері адамды сүйсіндіріп, оған шабыт сыйлауы керек! Мысалы, Дубайдың өзінде ғимараттардың бәрі де шығыс үлгісінде деп айта алмаймыз. Сәулет өнерінің әртүрлі жетістіктерін пайдаланғанын көреміз. Сол сияқты басты қалаларымыздың да өзіндік ерекшеліктері болғаны абзал. Айталық, Скандинавия елдерінің сәулеті бүкіл әлемге үлгі болып келе жатыр. Олардың да табиғаты жайлы емес. Суығы да, желі де бар. Жері батпақты болып келеді. Бірақ олар ең бірінші адам мен табиғатты ұштастыра отырып, халыққа тұрмыстық-әлеуметтік жағынан қалай жайлы болатынына, демалыс орнына, балалардың қауіпсіздігіне мән береді. Олар жердің суын жойып, батпағын кептіріп, үстіне үй тұрғыза салмайды. Аздаған көлшік болса да, оны сол аумақта қалдырып, төңірегін жасыл желекке бөлеп, табиғатқа зияны келмейтін жерге үй салады. Көбіне 7 қабаттан асырмайды. Біздегідей кішкентай аумаққа қатар-қатар 25, 30 қабатты үй салып жатқан жоқ.
– Астананы көркейту, оның табиғи ерекшелігін ескере отырып, сапалы да сәулетті ғимараттар салу жөнінде қандай ой-пікір айтасыз?
– Елордаға көрік беріп тұрған керемет ғимараттардың бір-екеуін айта кетейін. Ең әуелі «Бәйтерек» кешені, оны сәулетшілер тобы Ақмырза Рүстембеков, Сүйерхан Базарбаев және Жұмабек Айтбалаев жобасын жасаған.
Астананы салуда өзіндік із қалдырған әйгілі британдық сәулетші Норман Фостер екені анық, ол «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Хан Шатыр» сауда орталығы, Тұңғыш Президент кітапханасы жобаларын дүниеге әкелген. Әлемнің танымал қалаларында жүздеген жобасы жүзеге асқан.
«Қазақстан» орталық концерт залының жобасын жасаған белгілі италиялық сәулетші Манфреди Николетти (1930-2017 жж.). Ал «Нұр Әлем» болашақ энергиясы мұражайының авторы – неміс сәулетшісі кіші Альберт Шпеер. Мен үлгі ретінде осы ғимараттарды айтар едім.
– Тұрғын үй кешендерінің ауласы мен көше тазалығына да ерекше мән беру қажет. Халық саны жыл сайын өсіп келеді. Қала тұрғындарының мәдениетін арттыру үшін не істеу керек?
– Әрбір адам «Қалаға қандай пайдамды тигізе аламын? Әсемдікті қалай қорғаймын?» деген ойда болса, көп ілгері басар едік. Үйлердің қабырғаларын сызып тастайды, ауладағы ойын алаңдарын сындырады, лифтінің ішіне де жазулар жазады. Кез келген жерге қақырып, түкіріп кету, судың босаған бөтелкелерін, пакеттерді лақтырып тастау жиі кездеседі. Соның бәрі – мәдениеттің жетіспеуі. Сондықтан қала тұрғындарының әдеп сақтауына қатысты жүйелі жұмыстар жүргізілгені жөн. Әр адамның санасына «Өз қаламды өз үйімдей көремін! Таза ұстау – міндетім!» деген ұғымды қалыптастыру қажет. Телеарналардан, автобустардағы мониторлардан тазалық сақтау туралы бейнероликтер жиі көрсетілгені жөн. Жапония, Қытай сияқты дамыған елдердің тәжірибелерін алуымыз керек.
– Биік үйлер салудағы кемшіліктер қандай?
– Ғимараттарды бір-біріне ұқсас етіп тұрғыза бермеу қажет. Ең бастысы, сапаға мән берілгені абзал. Үйдің сыртын қаптаған қыш тақтайшалар жаңбыр мен қарға, ыстық пен аязға төзімді болуы керек. Әйнек пен бетоннан салған үй қыста -30 градус суықта жылылықты сақтайтын, ал жазда аптап ыстықты өткізбейтін болуы тиіс. Мысалы, бұрын үйдің қабырғасын кірпіш таспен қалады. Қазір сыртқы қабаты әйнекпен қапталған ғимарат әдемі көрінгенмен, оны жылытуға энергия көп жұмсалады. Бүгінде энергия үнемдеу технологиясымен жасалған әйнек қаптамалар шығып жатыр. Бірақ оның құны кәдімгі әйнек қабатынан кем дегенде үш есе қымбат. Сол себепті кейбір құрылыс компаниялары үйлерді арзан дүниелермен салады. Жалпы қазір салынып жатқан тұрғын үйлердің кепілдігі – 50 жыл. Дегенмен 50 жыл деп жазылса да, жүз жыл тұруы керек. Кезінде «Хрущевка» деп аталған тұрғын үйлердің пайдалану мерзімі – 25 жыл. Бірақ олардың екі-үш есе мерзімі өтсе де, әлі тұр. Ал айрықша ғимараттардың пайдалану мерзімі ұзақ болады. Оларға қымбат материалдар қолданылады. Астанада 1997-1998 жылдары үйлер салына бастағанда бетон қабырғаның қалыңдығы 50 сантиметр болды, одан кейін 40, 30 сантиметр жеткілікті деп тапты. Қазір 20-25 сантиметрден келеді. Ол үйлер жүз жыл тұра ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.
– Қаланың сәні – саябақ. Жаңа саябақтар, алаңқайлар көбірек болса…
– Астанада саябақ өткір мәселе болып тұр. Жаңа құрылыс ауданын барып көрсеңіз, 17-20 қабатты үйлерді тығыз салуда. Құрылыс компаниясының мақсаты – көп қабатты үйдің әр шаршы метрінен ақша жасап, пәтерлерді көбірек сату. Арасына шағын саябақ не жасыл желекті алаңқай жоспарласа, қандай жарасымды болар еді. Алдағы уақытта осыны ескерген жөн.
Астанада «Мыңжылдық аллеясы» салынатын болды. Бұл көптеген сәулетшілер, суретшілер мен тарихшылардың ортақ идеясы негізінде жасалды. Ол жобаға өзім де қатыстым. Эскиздік жоба бойынша ұзындығы 5 шақырымды, ені 500 метрді қамтиды. Жан-жағында кішігірім 2-3 қабатты үйлер, мейрамханалар болатыны жобаланды. Ол бастапқыда «Пирамидадан» жаңа теміржол вокзалына дейін жоспарланған. Одан соң Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрынан әрі қарай жалғасатын болды. Ол да кейін көп өзгеріске ұшырап кетті. Биік тұрғын үйлер салынған. Енді үзік-үзік шағын аллея салынуда.
Осы орайда, биыл 19 маусым күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Мыңжылдық аллеясына» барып, елорданы дамыту жобасымен танысты. Ендігі жерде кемшіліктерге жол беруге болмайтынын жеткізді және алдағы уақытта қандай мәселелерге терең мән беру қажеттігі туралы нақты тапсырмалар берді. Қала әкімі Жеңіс Қасымбек Астананы көркейту бағытында көп істерді жүзеге асыруда.
2013 жылы Мадрид қаласында болдым. Бір-екі орамнан кейін келесі саябақ шығады. Тағы жүрсең, солай кездесе береді. Бізде де әрбір екі-үш орам сайын бір саябақ болса, тұрғындар үшін қолайлы болмақ. Адам отбасымен бірге кешке қарай немесе демалыс күндері саябаққа барып, серуендегісі келеді. Біз қазір Президент саябағына барамыз, үйден бір шақырымдай жерде. Ол ештеңе емес. Бірақ саябақтардан үш-төрт шақырым қашықта тұратын адамдар бара алмайды. Сквер, бульвар, аллея көп болуы қажет.
Астанадағы Абылай хан даңғылының жобасы 1970 жылдары жасалған. Ол – осы қаладағы Жобалау институтының үздік жобасы. Ортада жол, екі жағы жасыл желек. Тұрғын үйлерге дейінгі қашықтық 70-80 метрді құрайды. Біріншіден, ағаштар қаланың ауасын таза ұстайды. Екіншіден, көліктердің шуын басады, шаң-тозаңды жібермейді. Өкінішке қарай, қазір ондай жобалар жоқ. Сол даңғылдың бойында Бауыржан Момышұлы даңғылынан Қарағанды тасжолына қарай соңғы жылдары он шақты тұрғын үй салып тастады. Жоба бойынша ол жерде саябақ болуы тиіс еді. Жалпы тұрғын үй алаптарын гүлзармен көркейтіп отырсақ, қала келбеті де өзгеріп, жасыл шаһарға айналады.
Әңгімелескен Айбатыр СЕЙТАҚ,
Астана қаласы