Басты ақпаратҚоғам

Баланы еңбек есейтеді

«Еңбегі бардың өнбегі бар» деп түгел сөзін түйіндеген қазақ халқы ұрпағын адал жұмысқа, маңдай терімен нәпақа табуға жастайынан баулиды. Бала ес білгеннен тартып үй жұмысына араласып, ата-анасына қолғанат болады. Қыз – үйдің тірлігіне, ұл – сырт­тың жұмысына араласып, ерте бастан еңбекке бейімделеді. Бұл өмірлік мектептің алғашқы баспалдағы еді.

Еңбек – тек күнкөрістің ғана емес, адамдық болмыстың да өлшемі. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығы ұрпақты жалқаулықтан сақтандырып, маңдай термен келген нанның қадірін ұғынуға шақырады. Бүгінгі таңда да осы өсиеттің мәні жойылған жоқ. Керісінше, заман талабына сай жауапкершілікті, табанды, өмірге икемді ұрпақ тәрбиелеудің басты шартына айналып отыр.

Бала психологиясы нәзік. Ол көргенін бойына сіңіріп, үлгі тұтқанын қайталайды. Егер сәби кезінен «еңбек ету – міндет әрі абырой» екенін ұқса, өскенде жалқаулықтан бойын аулақ ұстайды. Психологтардың пікірінше, балаға еңбек дағдысын ерте үйрету оның жауапкершілігін арттырады, төзімділік пен табандылыққа баулиды. Мәселен, қарапайым ғана үй ішіндегі тапсырмалар – төсек жинау, ыдыс жуу, еден сүрту тәртіп пен ұқыптылықты қалыптас­тырады. Ал ауладағы жұмыс ағаш отырғызу, гүл егу, малға шөп салу – табиғатқа жанашырлықты, еңбектің жемісін көруді үйретеді. Бірақ қазір мүлде керісінше, әсіресе, қала баласының көбі бүгінгі күні «еңбек» деген ұғымды тек сабақ оқу, компьютермен жұмыс істеу немесе спортпен айналысу деп түсінеді. Сосын да бәріміз қазір еңкейгеннен ерінетін ұл, көк иненің к…ін түртпейтін қыз өсіріп жатырмыз. «Жақсы оқыса болды» деген жалғыз мақсат қойып, сабағын ғана қадағалаймыз. Ал шын мәнінде, білім мен еңбек қатар жүргенде ғана бала жан-жақты дамиды. Оқып алғанымен, еңбекке бейімделмеген жас болашақта жауапкершіліктен қашатын, қиындыққа төзімсіз болып шығуы мүмкін.

Баланың еңбекке бейімделуі, ең алдымен, отбасынан басталады. Әке-шешенің күнделікті тірлікті қалай атқаратыны, бір-біріне деген қарым-қатынасы балаға үлгі. Егер ата-ана еңбекті қадірлеп, маңдай терін сыйласа, ол да соны бойына сіңіреді. Қазақта «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай көр, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жасқа келгенде досыңдай сырлас» деген тәмсіл бар. Бұл жерде «құлындай жұмсау» – баланы жастайынан еңбекке бейімдеудің қалыптасқан қағидасы. Баланы тәрбиелеу, оны жақсы көру дегеніміз – тек «жаным, күнім» деп алақанға салып әлпештеу емес. Нағыз мейі­рім – баланы еңбекке баулып, болашаққа бейімдеу. Өйткені еңбек дағдысы сіңген бала ғана ертеңгі күні өмірдің сынағына төтеп беріп, өз нанын адал таба алады. Әкенің батасы мен ананың мейірімінен бөлек, еңбектің тәрбиесін көрген ұрпақ қана жауапкершілікті сезініп өседі. «Шеше көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар» деген мақалдың да айтпағы осы.

Екінші тұрғыдан, бала тәрбиесі – мектеп, қоғам және ата-ана сынды үш жақтың ортақ міндеті. Егер осы үштаған бір арнада тоғыспаса, ұрпақ тәрбиесінде олқылық туындайды. Ата-ана – алғашқы ұстаз, мектеп – білім мен тәрбие беретін орталық, ал қоғам – сол тәрбиенің өмірлік тәжірибеде шыңдалатын алаңы. Әсіресе еңбекке баулу мәселесінде осы үш тараптың ықпалы қатар жүруі тиіс. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, қазір ата-аналардың көбі баланы еңбекке тәрбиелеуге жеткілікті мән бермейді. «Балам тек сабақ оқысын, ауыр жұмысқа араласпасын» деген ойдың өзі жас ұрпақты өмірден алыстатып, жауапкершіліктен қашықтатады. Мектеп болса, көбіне білім беруге басымдық беріп, еңбек тәрбиесін қосымша шара ретінде ғана қарастырады. Ал қоғамда еңбек адамының мәртебесі төмендегендіктен, жасөспірімдер жеңіл жолды, оңай табысты көбірек көксейтін болды. Бұл – болашақ үшін қауіпті құбылыс.

Мектеп – тек білім беретін орын емес, баланы өмірге бейімдейтін тәрбие орталығы. Сондықтан еңбекке баулудың бағдарламалық негізін күшейту қажет. Қолөнер үйірмелері, бау-бақша ісі, түрлі шығармашылық шеберханалар арқылы оқушыларды еңбектің әр саласымен таныстыру – бүгінгі күннің талабы. Мұндайда бала өз еңбегінің нәтижесін көреді, еңбектің қадірін түсінеді. Бұрын балалар үйде үй жұмысын істесе, мектепте кезекшілік міндетін өтеп, сыныпты сыпыру, парта орындықтарды, терезені сүрту жұмыстарын, «еңбек сағаты» кезінде аула сыпыру, ағаш егу сынды жұмыс­тарды істейтін. Ал қазір мүлде керісінше, ата-­аналардың өзі баласының мектепте сыпырғы ұстауына, тазалық жұмысына араласуға тіс-тырнағымен қарсы. Мәселен, жақында Астанадағы мәлім бір мектеп балалардан оқудан тараған кезде орындықтарды партаның үстіне көтеріп қойып кетуді талап етсе, бүкіл ата-ана оған қарсы тұрып, «мектептің тазалықшылары не істейді» деп өре түрегелген. Яғни баласын қойып, ата-анасының еңбек жөніндегі көзқарасы дұрыс емес қоғамда баланы еңбекке қалай тәрбие­лейміз?!

Еңбек істеп үйренген бала епті, ұқыпты әрі үнемшіл болып өседі. Ол табиғатты аялауды, адамдардың еңбегін құрметтеуді ерте түсінеді. Әрекетке бейімделіп, маңдай терімен жұмыс істеген баланың денесі шымыр, рухы мықты болады. Ал керісінше, күні бойы кітапқа шұқшиып, бос уақытында телефонға телмірген жастардың бойында өмірге деген қызығушылық әлсірейді. Тіршілікке деген сенімі төмендеп, қиындыққа төтеп беруге төзімі жетпей қалуы мүмкін. Білімнің өзі еңбекпен ұштаспаса, өмірлік тәжірибесіз құр теория күйінде қала береді. Сондықтан бүгінгі білім беру жүйесінде «еңбек тәрбиесі» арнайы бағдарлама ретінде қарастырылуы тиіс. Шағын шаруашылық жұмыстарын, қолөнер үйірмелерін, ауылшаруашылық тәжірибелерін мектеп бағдарламасына енгізу – баланың еңбекке икемделуіне жол ашады.

Әлемнің дамыған елдерінде еңбек тәрбиесіне айрықша көңіл бөлінеді. Баланы жасынан еңбекке баулу – олардың өмірге бейім, табанды әрі жауапты болып өсуінің басты шарты деп есептеледі. Жапонияда еңбек тәрбиесі мектептен басталады. Оқушылар арнайы тазалықшыларды күтпей-ақ сынып бөлмесін, дәлізді, тіпті мектеп асханасын өздері жинайды. Мұның мақсаты – еңбектің қадірін түсіну, ұжымдық жауапкершілікті сезіну. Германияда жасөспірімдерге жазғы демалыста түрлі кәсіпорындарда тәжірибеден өтуге мүмкіндік беріледі. Бұл тек табыс табуға емес, болашақ мамандығын таңдауға, еңбек құндылығын ұғынуға жол ашады. АҚШ-та балаларды еңбекке баулу «волонтерлік мәдениет» арқылы жүзеге асады. Жасөспірімдер қоғамдық жұмыстарға қатысып, қайырымдылық шараларында еңбек етеді. Бұл – жауапкершілік пен әлеуметтік белсенділікті арттырудың жолы. Ал Қытайда қыста мектептің қарын күреу, ағаш егу – оқушылардың үнемі істейтін жұмысы. Осы тәжірибелерден байқайтынымыз, шетелде еңбекке баулу – тек тұрмыстық машық емес, тұлғаның азамат болып қалыптасуының негізгі бөлігі.

Жастар үшін үлгі – қоғамда абыройға ие тұлға. Егер қоғам еңбек адамын дәріптемесе, жасөспірімдер де адал еңбекті қадірлей алмайды. Мәселен, диқан, құрылысшы, шебер секілді кәсіп иелерінің қоғамдағы орны төмен бағаланбауы тиіс. Керісінше, олардың еңбегін насихаттау арқылы жас ұрпаққа үлгі көрсету маңызды. ­Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстіміздегі жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауының бір мәні осында. Бұл – ел дамуының негізгі қозғау­шы күші саналатын еңбек адамын бағалау, жастарды адал еңбекке баулу, оларды қарапайым кәсіп иелерін құрметтеуге шақыру жолындағы маңызды қадам.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button