Басты ақпаратМәселе

Халық өңірлерден неге көшіп жатыр?

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында «Ішкі және сыртқы көші-қон үдері­сінің бақылаусыз қалуы ірі қалаларымыздың инфрақұрылымына орасан салмақ түсіріп отыр. Жұрттың өңірлерден не себепті тоқтаусыз көшіп жатқанына мұқият талдау жүргізіп, әлеу­меттік және экономикалық тұрғыдан баламалы орталықтар құруға бағытталған шұғыл шешімдер қабылдау керек» деп атап өтті.

үгінде елі­міздің 15 өңірінде ауыл халқы санының айтарлықтай азаюы тіркелуде. Оның ішінде ең жоғары көрсеткіштер Абай облысында 3,2%-ды, Солтүстік Қазақстан облысында 3%-ды және Қарағанды облысында 2,9%-ды құрап отыр. Ағымдағы жылдың 1-жартыжылдығында 383 мың қазақстандық қоныс аударса, олардың басым бөлігі Астана мен Алматыға қоныс тепкен. Соңғы 20 жылдың ішінде елімізде 1400-ден астам ауыл жойылып кетті, ал Үкіметтің бағалауы бойынша тағы 500 ауылдық елді мекен «перспективасы жоқ» елді мекендер қатарына енгізіліп отыр. Ал бұл дегеніміз – адамдардың тағдыры, жабылып қалған мектептер мен медициналық пункттер, иесіз қалған ауылда жалғыздықта өмір сүріп жатқан қариялар, болашағын ауылдан емес, қалада іздеуге мәжбүр болған жастар.

Негізгі себептері баршамызға мәлім: ауылда заманауи қолайлы тұрғын үйлер жоқ, инфрақұрылым әлсіз, адамдарға жұмыс жоқ, әлеуметтік қолдау да жеткіліксіз. Жастарымыз да өз болашақтарын ауылмен байланыстырмайды!

Ал басқа елдердің тәжірибесі ауылдарға нақты қолдау көрсетуге болатынын дәлелдеп отыр. Мәселен, Ресейде 2020 жылдан бері «Ауыл ипотекасы» бағдарламасы жұмыс істейді, ол бойынша жылдық 3%-ға дейінгі мөлшерлемемен 25 жылға кредит беріліп, бүгінде 100 мың отбасы ауылдан баспанаға ие болған. Әзербайжанда мемлекет ауылдық жерлерде 4%-дық кредитпен үйлер салып беруде. Тағы да басқа мысалдар келтіруге болады.

Бізде «Асыл мекен» ауыл ипотекасы іске қосылды, бірақ ол басталмай жатып тоқтап қалды. Оның үстіне, көптеген ауылдарда сатып алатын үй де жоқ: жаңа тұрғын үйлер салынбаған, нарықта ұсыныстар жоқ. «Ауыл» партиясы фракция­сы ауылды қайта жаңғыртуға арналған кешенді ұлттық бағдарлама қабылдау мәселесін алға қойып отыр, ол ең алдымен, мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы ауыл тұрғындары үшін қолжетімді тұрғын үй салуды жеделдетуді; ауыл ипотекасын 1%-бен іске қосуды; әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға жаңа серпін беруді қамтиды. Ауыл тұрғындары күн сайын қарапайым өмір сүру жағдайы үшін күреспеуге тиіс; сондай-ақ «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын жаңа мемлекеттік қолдау шараларымен толықтыруды қамтиды.

Сонымен қатар, ауыл экономикасын дамыту керек, яғни, фермерлік шаруашылыққа, кооперацияға, қайта өңдеуге қолдау көрсетіп, елдегі 1,5 миллионнан астам жеке қосалқы шаруашылықты экономикалық айналымға тарту қажет. Бүгінде олар ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 70%-дан астамын өндіруде. Депутаттармен кездесулер кезінде фермерлер бірінші кезекте мамандандырылған Агробанкті құру және квоталарды ұлғайтып, өтінімдерді қарау мерзімдерін 2 айдан 10 жұмыс күніне дейін қысқарту арқылы маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарына шетелдік жұмыс күшін тартуды оңайлату және мемлекеттік бажды жеке тұлғалар үшін қолданылатын деңгейде белгілеу мәселелерін шешуді сұрайды.

Серік ЕГІЗБАЕВ,

Мәжіліс депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button