Балаларға арналған туындының тұсаукесері өтті

Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының ұйымдастыруымен журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, “Низами” медалінің иегері, «Сарасөз» журналының құрылтайшысы әрі бас редакторы Гулжаз Қарыбектің аударуымен жарық көрген түрік жазушысы Фатма Гүнердің «Достардың махаббаты» атты балаларға арналған шығармасының тұсаукесері өтті.
Кеш модераторы – журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Композиторлар одағының құрметті мүшесі, сазгер, ғалым Бекжігіт Сердәлі болды. Ол тұсаукесер кешін жоғары деңгейде жүргізіп, кітаптың мазмұны мен идеялық құндылығына терең үңілуге мүмкіндік берді.
Тұсаукесер рәсімін Түркістан облыстық мәдениет басқармасы Мәдени іс-шаралар және шығармашылық үйірмелердің жұмысын үйлестіру бөлімінің басшысы Мұқағали Кенжетайұлы мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі вице-ректоры, ғылым кандидаты, аға оқытушы Төлегенов Еділ Мейірбекұлы ашып беріп, шығарма мен оның тәрбиелік маңызына тоқталып, аудармашы еңбегіне сәттілік тіледі. Сөз соңында Мұқағали Кенжетайұлы кітаптың авторына Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Серікұлының атынан арнайы алғыс хат пен сый сыяпатын табыстады.
Шара аясында арнайы кітап көрмелері жасақталып, түрік елінің әдебиеті мен мәдениетіне арналған ерекше атмосфера қалыптасты. Сондай-ақ, “Достардың махаббаты” кітабында аталған түрік ұлттық тағамдары — симит, пахлава, түрік кәмпиттері және басқа да тәттілерден арнайы шағын фуршет ұйымдастырылып, қонақтарға ұсынылды. Бұл дастарқан көрмесі кітаптағы мазмұнмен сабақтасып, оқырманды шығарманың ішкі әлеміне еліктіре түсті.
Тұсаукесер рәсіміне Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары қазақ, қырғыз және түрік тілдерінде әсем әндер орындап, кештің мазмұнын тереңдетіп, рухани әсерін арттырды. Кітапхана оқырмандары «Достардың махаббаты» кітабының мазмұнына негізделген әсерлі көрініс қойып, шығарманың идеясы мен тәрбиелік мәнін көрерменге терең жеткізе білді. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің сурет өнері факультетінің студенттері «Достардың махаббаты» кітабының желісі бойынша суреттер салып, шығарманың мазмұнын көркем бейнелеу арқылы кештің көркін аша түсті.
Балаларға арналған жүрекке жылы, тәрбиелік мәні зор туындының тұсауын Мұхит Төлегенов, Айсұлу Қасымбек, Жеңісбек Жапеков және Рысбек Летаев кесіп, шығарманың болашақ оқырмандарына жол ашты. Бұл сәт – түрік және қазақ әдебиетінің арасындағы достық көпірін нығайта түскен ерекше мәдени оқиға болды.
Айта кетейік: Гүлжаз Қарыбектің түрік жазушысы Фатма Гүнерден аударған «Достардың махаббаты» атты балаларға арналған шығармасының жарық көруіне Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры Рысбек Летаев демеушілік көрсетіп, кітаптың жарыққа шығуына тікелей қолдау білдірді. Бұл игі іс – балалар әдебиетіне қосылған құнды үлес қана емес, қос халық арасындағы рухани байланысты нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
Аталмыш шараға Түркістан облысына қарасты барлық орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінің директорлары мен балалар кітапханасының меңгерушілері қатысты.
Шара соңында Гүлжаз Қарыбек барша қатысушыларға, әсіресе кештің мазмұнды өтуіне үлес қосқан зиялы қауым өкілдеріне шынайы алғысын білдіріп, құрмет ретінде өз атынан естелік сый-сияпаттар табыстады. Бұл – автордың шығармашылық еңбегіне қолдау білдірген барша жандарға деген ризашылықтың белгісі болды.
«Достардың махаббаты» – түрік пен қазақ халықтарының арасындағы әдеби, мәдени байланысты нығайта түсетін маңызды аударма туынды. Бұл еңбектің қазақ тіліне аударылуы – қос халықтың рухани көпірін жалғайтын елеулі қадамдардың бірі.
Кеш соңында оқырмандар авторға өз алғыстарын білдіріп, кітапқа қолтаңба алу құрметіне ие болды