Елордада әскери міндеттілерді қалай даярлайды?

Астанадағы 68665 әскери бөлімінің дала лагерінде елорданың аумақтық қорғаныс бригадасына тіркелген әскери міндеттілермен оқу-жаттығу жиындары өтіп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жиындар Астана әкімдігі мен Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бірлесуімен 2025/2026 оқу жылына арналған Қарулы Күштерді дайындау жоспарын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Олар 17 қыркүйекке дейін жалғасады. Мақсат – әскери және жұмылдыру дайындығын арттыру, командалық әрі үйлестіру іс-қимылдарын пысықтау, сондай-ақ төтенше немесе әскери жағдай кезіндегі ықтимал жағдайларға әскери міндеттілерді даярлау.
Жиындарға 90 әскери міндетті қатысуда. Оның ішінде 17 запастағы офицер, 15 сержант және түрлі әскер түрлерінде қызмет еткен 58 сарбаз бар. Әскери міндеттілер халықты, стратегиялық маңызды нысандар мен коммуникацияларды ықтимал қатерлерден, соның ішінде диверсиялар мен террористік актілерден қорғау бойынша тапсырмаларды меңгеруде.
Бүгінге дейін Астананың аумақтық қорғаныс бригадасы 1 200-ден астам әскери міндетті дайындады. Аумақтық қорғаныс бөлімшелері еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді және төтенше жағдай немесе әскери жағдай енгізілген кезде жедел түрде жұмылдырыла алады. Жүйелі түрде оқу-жаттығулар, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері үшін біліктілікті арттыру курстары және бригада командалық құрамымен жаттығулар өткізіледі. Бұл аумақтық қорғаныс күштерінің жоғары дайындық деңгейін және тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Бұл жиындар – жай ғана әскери дайындық емес, әскери міндеттілер арасында бірлікті, үйлесімділікті және жауапкершілікті нығайтудың құралы. Әрбір қатысушы ұлттық қауіпсіздік жүйесіндегі өз рөлінің маңызын түсінеді. Мұндай шаралар азаматтардың кез келген қатер жағдайында әрекет етуге дайын болуының кепілі», – деді Азаматтық қорғанысты қамтамасыз ету орталығының жұмылдыру даярлығы бөлімінің басшы орынбасары Талғат Сейітхан.