Басты ақпаратШаһар шежіресі

Астана – әлем қаласы

Ақпанда біздің басылым Арқа өңіріне ел баспасөзінің қарашаңырағы «Егемен Қазақстан» көшіп келгенін сүйіншіледі. Бұл бір айтулы күн болды. Осынау үлкен ұжымды баспасөздің ардақтысы, халықтың маңдайына біткен марқасқа ұлы, бір кездері өзі осы газеттің бас редакторы болған Шерхан Мұртаза мен газеттің қазіргі бас редакторы Ержұман Смайыл бастап келген еді.

Ел газеті елордаға көшіп келді

1999 жыл, 23 ақпан

«Халқымыздың басында көш аз болған жоқ. Мынау 80 жылдық ғұмыр тарихы бар «Егемен Қазақстанның» бұл Орынбордан бері төртінші көші екен. 70 жыл Алатау баурайында бауыр басқан басылым атынан сөз сөйлеген Шерхан Мұртаза: «Астанаға тек «Егемен Қазақстан» ғана келген жоқ, онымен бірге Сәкен, Тұрар, Смағұл, Ғабиттердің рухы ере келді» деп жиналғандарды бір тебірентіп тастады.

Иә, ғасыр жүгін қара белі қайыспай көтеріп келген қарашаңырақ – «Егемен Қазақстан» енді елге, Астана төрінен үн қататын болады» деп жазған тілші Айтқадыр Тілеуов.

Гүлжанға сенсек,

Тұран-бейден түңілесіз…

13 наурыз

Ол кезде оқырмандардан хат көп келетін. Бір күні редакцияға Гүлжан Әбдіғапарқызы шағым алып келді. Жылай-жылай екі көзі ісіп кеткен. 1999 жылы 27 ақпан күні түрік фирмасы «Окан-Холдинг Исот»-қа сылақшы-сыршы болып жұмысқа кіргенін, аталған фирма президенті Озджан Түркяр аудармашы қыз Жайнагүл сыр­шы-сылақшылардың бригадирі түрік Тұранға жібергенін, тәртіп бойынша кадр бөлімінен алған рұқсат қағазын сол кісігe көрсеткенін, құжаттарын көріп болған ол «жұмысқа кіруіңмен» деп құттықтаған болып, қолын ұстағанын, өзіне тартып, «мен сенің қожайының боламын, о-о сен якши қызсың» деп беліне қол жүгірткенін, онысымен қоймай денесін сипалай бастағанда шалдың қолын жұлқып, қағып жібергенін, содан кейін: «Сен шалдың менің денемді ұстауға қандай қақың бар» деп дауыс көтере сөйлеп шығып кеткенін айтты. Оның шағымын еш өзгертпестен сол күйінде жария­лауды жөн көрдік.

–  Мен содан кейін «Қазақ ої» фирмасының бастығы Бисен ағайға барып, сол кісінің тапсырмасымен 3-бөлмеге обой жабыстыра бастадым. Түс болды. Асханаға барып тамақтанып келіп, жұмысымды жалғастырайын десем, түрік Тұран құрал-саймандарымды бермеді. «Сен киз кет, саған шалач иок» деп тұр. («Сен қыз кет, саған жұмыс жоқ» дегені). Жүгіріп Бисен ағайға бардым.

– Аға, мен не жаздым, жұмысымды барымша тиянақты істедім ғой, – дедім. Бисен ағай да: «Гүлжан, сен жұмысты ұқыпты, өте жақсы жасайсың, саған ризамын» деп жатыр. Бірақ Тұранның жұмыс істеу­ге керекті құралдарымды бермегені жаныма аяздай батты. Оның қылығынан-ақ мен намысыма тиетін әрекет байқадым. Пайғамбар жасындағы адамның келген бойда қол салуы қазақ қызын басынғандық емес пе? Оның ойынша мен жұмыс үшін, ақша үшін әкемдей кісінің арсыз­дығына көнуім керек екен ғой. Жоқ, мен көне алмадым.

Осыған ерегіскен Тұран түрік ізімнен қалмай сол күні мені қалайда жұмыстан қуып шығуға әрекеттенді. Бірақ мен басқа бір Мамед деген бригадирден құрал алып, Бисен ағай тапсырған жұмыстарды еш дамылдамастан істей бердім.

Ертеңгі күні тағы да құралдарымды басқа бригадирден алып, жұмысыма кіріскенім сол еді. Екі қазақ милиционер келді де (қасында Тұран бар):

«Түрік бастықты тыңдамай жүрген керемет қыз сен бе?» деп алқымымнан қатты қысып, екі қолымды екі жаққа бұрап, екіншісі кеудемнен ұра бастады. Жаным мұрнымның ұшына көрінгесін, тамағымнан қылғындырып жатқан көзі бақырайған милиционерді (аты-жөнін білмеймін) қолынан қыршып, тістеп алдым. Сол кезде екіншісі шашыма жармасты. Шыңғырып қатты жұлқынғанымда бір уыс шашым әлгі милиционердің қолында қалып қойды. Мені екі қандасымның сабағанына риза болған Тұран түрік «өзіңе де сол керек, менімен төсекке жатуға көнбеген қалай екен?» деген кісіше миығынан күліп тұрды. Сосын ол қалтасынан 100 теңгеліктен 400 теңге шығарды да, менің бетіме лақтырып: «Мынаны ал да, тайып тұр» деді. Мен ақшаны алған жоқпын.

– Мен жұмысқа бұйрықпен кіргенмін, екі күнгі еңбегімді сенен емес, бухгалтериядан аламын, – дедім. Сөйтіп, шетелдік құрылысшы екі можантопай қоғамдық тәртіп сақшысына ақша беріп, маған айдап салып (әлбетте, солай, олар тек ақшаның күшімен ғана әрекет жасайды) жанымды да, тәнімді де жаралады. Ызадан қатты булығып жыладым. Жыладым да ойға кеттім. Жоқ, мен өз елімде, өз жерімде жүріп намысымды таптатпаймын. Әділдік іздеймін дедім. Екі күн жұмыс істегенімде бірнеше қаракөз қыздардың сол түрік Тұранға тіс­теніп «әбден басынып болды» деген сөздерін талай естідім. Ал ол қыздар пікірлерін ашық айтуға қорқады.

Өйткені бірдеңе десе, олардың кез келгені менің жолымды құшары анық. Сондықтан іштен тынып, күнкөріс үшін мазаққа көніп жүре береді.

Мен бұл қалаға 1997 жылы тамыз айында Торғай облысы таратылған соң келгенмін. Бар ойым – адал еңбек етіп, ел қатарлы өмір сүру. Ауылдағы кәрі ата-анама көмектесу. 1997 жылдың қыркүйегі мен 1998 жылдың қазан айларында Швейцарияның «Мабетекс» фирмасы құрамында Президент Резиденциясын, Үкімет, Парламент үйлерін, Сыртқы істер министрлігі, аэровокзал ғимараттарын саларда шетелдік азаматтармен қоян-қолтық түсіністікпен жұмыс істедік. Олардың да бізге, қыз балаларға деген көзқарасы, сыйластығы өте жоғары болды. «Мабетекс» фирмасының иісі мұсылман-албандардан жұмысым үшін алғыс алған мені Тұран түрік «арам ниетіме көнбедің» деп екі милиционерге сабатты. Жер бетінде әділдік болатын болса, қазақ қызы деген атыма, абыройыма дақ түсіргім келмейді. Көмектесіңіздерші!

Гүлжан ТАЙЖАН, Астана қаласы, Сарыарқа көшесі  82 «а» үйі тұрғыны

Тұран-бей Қазақстаннан қуылды

29 сәуір

Артынша «Астана ақшамы» жазып еді… деген айдармен тағы бір мақала жарық көреді. Бұл жолы газеттің саясат бөлімінің меңгерушісі Таңатар Төлеуғалиев шетелдіктен зәбір көрген оқырманның хатын тексеруге кіріседі. Алдыңғы мақалада түрік фирмасы «Окан-Холдинг-Исот»-қа қазақ қызы Гүлжан Тайжанның жұмысқа алынып, екі күннен кейін сылақшылар бригадирі Тұран-бей тарапынан қудалауға ұшырап, ақыры екі қазақ миллиционері Қ.Жатаев пен Е.Түменбаевтың Гүлжанды ұрып-соққанынан көрген зорлық-зомбылығы, жұмыстан қуылғаны сол күйінде берілген болатын.

«Расы керек, мақала газет бетінде жарық көрісімен, редакцияға телефон шалып та, аяқтай өздері келіп те, хат жазып та басылым көтеріп отырған мәселенің ақ-қарасын анықтау қажеттігіне пікір білдірген оқырмандар легі аз болған жоқ. Бұл газет қыз­меткерлерін бір марқайтып тастады десек, артық айтқандық емес. Сондай-ақ, шетелдік құрылыс фирмасы тарапынан қоқан-лоқы, кейбір дөңайбат көрсетулер де болды.

Бірақ, біз осының барлығына сабырлылықпен, салқынқандылықпен қарадық. Кейбір адамдарға мақаланың тақырыбынан бастап, әрбір сөйлеміне дейін, берілген коллаждың мәніне дейін жеке-жеке түсіндіріп беруге тура келді. Осының барлығы газеттің адам тағдырына ешқашан немқұрайды қарай алмайтындығының бір айғағы. Әрбір оқырман – біздің тірегіміз. Редакцияға түскен хатқа үлкен жауапкершілікпен мән бере қарайтындығымыз да сондықтан».

Одан әрі Қазақстан Республикасы Астана қаласы ІІБ Төлқұжат және виза жұмысы басқармасының бастығы Святослав Петрович Ногай берген мақалаға тікелей қатысты Туран Илмазды елімізден қуу жөніндегі қайтып келу құқығынсыз анықтама беріліп отыр.

Астана – бейбітшілік ордасы

10 шілде

1 шілде – Астана қаласы ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» сыйлығымен марапатталғанын, Қазақстанның жас елордасы Астана әлем жұртына тағы да жарқырай танылғанын сүйіншілеген.

Бейсенбі күні Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбековтің атына ЮНЕСКО-ның бас хатшысы Фредерико Майордың атынан жеделхат келіп түсті. Онда 1996 жылдан бері дүниежүзінің бес аймағындағы (Африка, Араб мемлекеттері, Еуропа, Азия-Тынық мұхит аймағындағы елдер және Латын Америкасы) бір-бір қалаға берілетін «Қалалар бейбітшілік үшін» халықаралық сыйлығының қорытындысы шығарылып, Азия аймағы бойынша берілетін жүлде Қазақстанның жас елордасы Астана қаласына берілгені туралы бірауыздан шешім қабылданғаны хабарланған. Сыйлыққа берілетін 25 мың доллар Астана қаласы муниципалитеті қызметін көтермелеуге арналады.

Қаламыздың мерейін өсірген ЮНЕСКО сыйлығы 1999 жылдың 1 шілдесі күні Боливияның Ла Пас қаласында салтанатты жағдайда тапсырылатын болады.

           Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

АСТАНА – БІРЛІК ТӨРІ

2 қазан

Осы нөмірде «Беделсөз» атты жаңа айдар ашылып, онда халқымыздың тұлпар мініп, ту ұстаған тұлғалы азаматтары, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көрнекті өкілдері, сондай-ақ, еңбегімен еліне елеулі баска да бауырларымыз өміріміздің толып жатқан өзекті мәселелері төңірегінде қалам тербеген.

«Болар ел төрін қадірлейді. Астана – тәуелсіз Қазақ төрі. Төрден көргенділік пен көрегендік үн қатса лазым. Менің тұрақты оқырман ретінде айтарым: «Астана ақшамы» газеті орынды сөзімен, орнықты көзқарасымен ерекшелініп келеді. Қазіргідей өтпелі кезеңде елді біріктіретін де, ірітетін де сөз. Астана – бірлік төрі. Ендеше, «Астана ақшамына» бірлік сөзін сөйлеген жарасады.

Тек «Астана ақшамы» ғана емес, қазақ тілінде шығатын жарияланым атаулының нарыққа көшерде қолы қысқарып отыр. Олардың қолын ұзартатын да, өрісін кеңейтетін де тек бір өзіңсің, қазақ тілді оқырман!

Ел билеген, кәсіп ашқан азаматтар! Осындай жоқ-жітілікті кезеңде өздігінен баспасөзге жазыла алмайтын егделер мен жастарға, барлық оқу орны мен мәдениет ошағына, әсіресе, мектептер мен кітапханаларға қол ұшын берсеңіздер, бұл – елге қарасқандарыңыз, тілге қарасқандарыңыз дегім келеді» деп жазған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбайұлы.

Нан бағасы арзандады 23 қазан

Республика күні құрметіне «Ақмола Астық концерні» бірқатар өнімдерінің бағасын арзандатқанын айта келе, газетте сол кезде жоғары сортты ұнның жаңа құны 1200, бірінші сорт – 1100, екінші сорт – 900 теңге болғаны, нан бағасы 19 теңгеге түсіп, арзан да сапалы өнім концерннің дәстүрлі ұн базарында сатылатыны баяндалған.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button