Шәмші әндері шарықтады

Елорданың «Қаламгерлер» аллеясында әйгілі композитор, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толуына орай «Шәмші әуендері – халық жүрегінде» әдеби-сазды кеші өтті.
Шәмші әндері шарықтаған кешті Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Кітап қала» кітапханасы ұйымдастырды. «Қазақ вальсінің королі» атанған композитордың мерейтойына орай «Шәмші әлемі» атты көрме де қойылды.
Шәмшінің туындылары кәріге де, жасқа да жат емес. Осы кеш соған тағы анық көз жеткізді. Композитордың мұрасы 300-ге жуық әннен тұрса, солардың біразы аллеяда домбыраның, гитараның, баянның сазымен, тіпті ешқандай сүйемелдеусіз де шырқалды. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Пәлі, Шәмшінің «Ақ маңдайлым» әні ХХ ғасырдың төбесінен тамшылап тұрған лирика» дегені бар. Осы «Ақ маңдайлымнан» бастап «Өмір-өзен», «Сыған серенадасы», «Бәрінен де сен сұлу» т. б. өлмес әндер әуеледі. Жиналғандар вальс ырғағымен биледі.
Шәмші әндерінің өміршеңдігі – сөзі мен сазының үйлесім табуында. Композитор қай әніне қандай ақын сөз жаза алатынын жақсы білген. Мәселен, «Ана туралы жыр» әніне сөз жазуға көрнекті ақын Ғафу Қайырбековке қолқа салды. Ал еліміздің әнұранына айналған «Менің Қазақстанымның» мәтінін терең ақын Жұмекен Нәжімеденовке жаздырды. Сол сияқты, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Сабырхан Асанов, Еркеш Ибраһим, Мұхтар Шаханов, басқа да белгілі ақындармен шығармашылық байланыста болды. Шәмшінің өзі де ақындық қабілеттен құралақан емес еді. Мысалы, «Құшақ жайған қандай адам» әнінің сөзі де, әуені де – Шәмші Қалдаяқовтікі.
Мұны айтып жатқанымыз, кеш өткен жерден ақындар да табылды. Соның бірі – жас ақын Абзал Мақаш шабыттанып, Шәмшінің әндерін әулетті. Жалпы Шәмшіге арналған өлеңдер де баршылық. Жиналғандарға «Ардакүрең ақын» атанған Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбайдың «Арыс жағасын» тыңдасам» атты өлеңі ұсынылды.
«Шәмшінің әндерінен географияны оқуға болады» деген сөз бар. Расымен, композитор елімізде әнге қоспаған өлке жоқ шығар, қай пұшпаққа барса да, ән тарту ететін. Мәселен, 1978 жылы Жезқазған тау-кен комбинатының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды. Сол жолы мысты өлкеге барған Шәмші Қалдаяқов осы мерейтойға арнап «Жарқырайды Жезқазған» деген ән (сөзі – Нұрсұлтан Әлімқұловтікі) жазды. Кеш барысында елдің құлағына әлі жете қоймаған осы ән де шырқалып, жиналған барша жұрт «Ана туралы жырмен» кешті түйіндеді.
Кештің өз деңгейінде өтуінде кітапханашы, Мәдениет саласының үздігі Сағыныш Дүйсенқызының еңбегін атап өту керек. Іс-шараны әсерлі жүргізген тәжірибелі маман жиналғандарды Шәмші әлеміне әдемі жетелеп отырды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ