Тұсаукесерге кәріс рәсімі қайдан кірді?

Қазақта «кіндік кесу», «тұсау кесу» деген сияқты балаға қатысты жасалатын рәсімдер көп-ақ. Осы рәсімдердің қай-қайсысының болсын, ар жағына үңіле қалсаңыз, өзіңіз ойлап көрмеген философиялық ұғымдардың иірімі сізді өзіне тартып алып кетері анық. Ал жоғарыда айтқан екі рәсімге назар салсақ, екеуінде де кесу. Бірінші «кіндік кесу» рәсімі – бала дүниеге келгенде оның өмірге қадам басуы мен осы әлемге қабылдануының белгісі. Бұл жерде «кесу» сөзі тек қана физикалық әрекетті емес, сол сәттегі рухани мәнді білдіреді.
Яғни, анасының ішкі әлемінен сыртқа шығып, өмірдің жаңа белесіне аяқ басқан баланың «жолын ашу» дегенді білдіріп тұр. Осы арқылы баланың анамен тығыз байланысты әлемі үзіліп, ол енді өзінше өмір сүретін, сыртқы әлеммен байланысатын жаңа кезеңге көшеді. Ал «тұсау кесу» рәсімі де осыған ұқсас философиялық мағынаға ие. Бала дүниеге келгеннен кейінгі оның өміріндегі алғашқы қадамдарын басуы. Яғни, оның болашаққа деген жолының басталуы деп түсінеміз. Сондықтан да, «кіндік кесу» мен «тұсау кесу» рәсімдері бір-біріне байланысты деп тұжырымдауға болады. Бірақ әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері бар.
Бұл қандай ырым?
Тұсаукесер – баланың алғашқы қадамын жасауына тілек білдіріп жасалатын ырым. Бұл рәсімде үлкендер ең әуелі сәбидің бауырынан табақ алу рәсімін жасайды да, одан кейін оны қолынан демеп, «Қаз-қаз балам, қаз балам, қадам бассаң мәз боламын. Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін» деп тілек айтып, баланың аяғын тік басуына көмектеседі. Кейде сәбиді итарбамен жетелеп, «тәй-тәйлап» қадам басуға үйретеді. Яғни, бала өздігінен апыл-тапыл басып, жүруге дағдыланған кезде «тез жүріп кетсін» деген ниетпен тұсауы кесіліп, оған ақ жол тілеп, бата беріледі.
Ала жіппен және шөппен кесудің мәні
Ала жіп қазақтың санасында ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың белгісі ретінде қарастырылады. Сондықтан үлкендер баласына «біреудің ала жібін аттама» деп тәрбиелейді, яғни бұл қиянат жасама, елдің берекесін бұзба деген мағынаға ие. Сондай-ақ, қазақта баланың тұсауын кесерде «өмірінде кедергілер көп болмасын» деп қайшымен кесуге болмайды. Әрі бұрынғы заманда тұсауды қойдың тоқ ішегімен немесе көк шөппен кесу дәстүрі де болған, бұл желісінен тай кетпесін, кебежесінен май кетпесін деген тілектен туған ырым болса, көк шөп байлап кескені, өз туған жерінде шөп секілді өсіп-өнсін дегені. Сонымен қатар, тұсауды кесетін адамға да ерекше талаптар қойылған. Мысалы, жүрісі жайбасар немесе қимылы ауыр адамдарға, жасы үлкен қарттарға, тұрмысқа шықпаған немесе үйленбеген жастарға тұсау кесуге рұқсат берілмеген. Қыз баланың тұсауын ширақ, ісі тиянақты келіншекке, ұлдың тұсауын еңбекқор, елдің алдында жүрген азаматқа кескізген.
Тұсаукесерде кәрістің рәсімін орындап жүрміз бе?
Қазіргі заманғы «тұсаукесер» рәсімінде баланың аяғына байланған ала жіп өткір пышақ немесе бәкімен кесіліп, баланы «тәй-тәйлап» жетелеп, оны жайылған матаның үстіне отырғызады. Оның алдына домбыра, кітап, ақша сияқты заттарды қойып, баланың бірін таңдауын күтеді. Бұл заттарды таңдау арқылы баланың болашағын болжап, ақша таңдаса – бай, домбыра таңдаса – өнер адамы, кітап таңдаса – ғалым болар деген түсінікте оның болашағын жорамалдап жатады. Алайда тарихшы, этнолог Тұрар Шәкен бұл рәсімнің қазақ дәстүріне жатпайтынын айтады. Ол бұл ырымның кәріс халқының «ассянди» деген салтынан алынғанын, яғни қазақ халқында мұндай дәстүрдің болмағанын алға тартады.
– Корей халқы баланың бір жасқа толған күнін ерекше атап өтеді. Бұл мерекеде жібек матадан тігілген киім (ханбок) кигізіп, баланың болашағын болжау үшін арнайы рәсім жасалады. Үстел үстіне әртүрлі заттар қойылады: күріш, кітап, қызыл үрмебұршақ, чартаги (кеспе), қаламсап немесе қарындаш, қайшы, жіп, ине, пышақ, ақша. Бұл заттардың баланың таңдауы арқылы оның болашақ мамандығы туралы жорамал жасау мақсатында қойылады. Мысалы, бала пышақты таңдаса – әскери қызметкер болады, инені таңдаса – ісмер, ақшаны алса – табысты, кітапты таңдаса – ғалым болады деп болжайды. Егер бала чартагиді (кеспе) алса, ол бай-бақуатты әрі бақытты болады деп есептеледі, ал қызыл үрмебұршақ болса – еңбекқор, адал, жауапты болады деп жорамалданады. Күріш таңдау – байлықтың символы, яғни мұқтаждық көрмейді дегенді білдіреді, ал қаламсап немесе қарындаш таңдау ғалым болуға нұсқайды. Жіп болса, ұзақ ғұмырды болжайды. Қазіргі кезде қазақтың тұсаукесер рәсімі де тура осы форматта өтіп жүр. Олар баланың алдына домбыра, кітап, бокс қолғабы сияқты нәрселерді алдына қойып, бала сол заттардың бірін таңдаса, оның болашағы сол нәрсемен байланысты болады деп жорамалдайды. Бұл түбегейлі қате. Себебі қазақ халқы ешқашан баласының болашағын алдын ала болжауға тырыспаған, әрі оған кесім жасаған емес, – дейді Тұрар Сәттарқызы.
Бала алға жүреді
Міне бұл тұсаукесер рәсіміндегі бір қателігіміз болса, екінші қателігіміз – баланың тұсауын арт жағынан кесу. Оны «алды ашық болсын» деп ырымдағанымыз болса керек. Алайда этнограф бұл да қате екенін айтады.
– Кейде баланың тұсауын артынан кесетіндер де болады. Алайда тұсаукесер дәстүрінің мәні баланың жолын ашу, алға қарай жетелеу екені айқын. Сондықтан тұсауды баланың алдынан кесу керек, себебі бала артқа емес, алға қарай жүреді.
Тұсау кесілгеннен кейін баланы жасөспірімдер кезектесіп, тез-тез жүргізеді. Оларға тәттілер үлестіріліп, сый-сияпат көрсетіледі. Сосын барып,
«Қаз, қаз балам, қаз, балам,
Қадам бассаң, мәз болам.
Күрмеуіңді шештік біз,
Тұсауыңызды кестік біз.
Қаз, қаз, балам, қаз, балам,
Тақымыңды жаз балам» деп, шашу шашылып, тұсаукесер жыры айтылады, – дейді ол.
Шын мәнінде бүгінгі ғылыми-техникалық прогресс, жаһандану, әлеуметтік өзгерістер мен жаңа мәдениеттердің ықпалы дәстүрлердің өзгеруіне әкеп соғуда. Сондықтан да кейбір жастар «Өзге ұлттың баласы тұсауы кесілмей-ақ жүгіріп кетеді, ал біздің қазақтың баласы тұсауы кесілмесе сүріншек болады» деген пікірге қарсы шығып жатады. Алайда әр ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлері мен ұлттық құндылықтары бар. Бұл дәстүрлер адамның рухани күш-қуатын арттырып, тылсым мәнге айналады. Ұлттық жадында сақталып, келешек ұрпаққа жететін мұра болып саналады. Сондықтан тұсаукесерді тек салт емес, баланың болашағына бағытталған ақ тілектердің символы деп де ұғынған жөн.
Шапағат ӘБДІР