Көпшілікті қызықтырған қымыз мерекесі

Елорданың «Қазанат» атшабарында екі күн бойы «BaiQymyz – бапталған қымыз» ұлттық тағамдар гастрофестивалі өтті. Іс-шара ұлттық сусынның пайдасын паш етіп қана қоймай, қазақтың мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрін дәріптеген этнографиялық мерекеге айналды.
Аталған фестиваль халқымыздың дәстүрлі тағам мәдениетін, оның ішінде қымыз өндіру дәстүрін жаңғырту мен халықаралық деңгейге шығаруға бағытталды. Мұны болашақта Октоберфест сияқты халықаралық үлгідегі мәдени-аграрлық брендке айналдыру көзделіп отыр. Қонақтар екі күн бойы қымыздың түр-түрінен дәм татып, жылқы тұқымдары таныстырылған көрме мен этно-мәдени бағдарламаны тамашалады.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған ғылыми конференцияда қымыздың емдік қасиеті, жылқы шаруашылығы мен дәстүрлі мал шаруашылығының даму болашағы талқыланды. Германия, Ресей, Қырғызстан елдерінен келген ғалымдар, дәрігерлер, ветеринарлар мен кәсіпкерлер өз баяндамаларын оқыды. Қатысушылар арасында германиялық жылқы шаруашылығы маманы Ханс Цольман, медицина ғылымдарының докторы Бақытжан Бимбетов, этнограф Айгерім Мұсағожинова және басқа да сарапшылар болды.
Ханс Цольман – Германиядағы ең ірі қымыз өндіруші. Қазіргі кезде ол 66 жылдық тарихы бар «Хоэр Оденвальд» жылқы шаруашылығын басқарады. Оның айтуынша, шаруашылықты қайың атасы ашқан. Ол кісі Кеңес дәуірі тұсында Қазақстанда түрмеде жатқанда құрт ауруына шалдығады. Түрмеден шығып, қазақ досы қымызбен емдеген соң, дертінен құлан-таза айыққан. Содан Германияға оралып, қымыз өндірумен шұғылдана бастады.
Қазір қымыз Германияда өте үлкен сұранысқа ие, жергілікті халық денсаулыққа пайдалы сусын ретінде іздеп сатып алады екен. «Хоэр Оденвальд» шаруашылығы айына 2-3 мың литр қымыз өндіреді. Бір литрінің бағасы – 15 еуро. Шаруа қожалығында 10 адам және Ханс Цольманның отбасы мүшелері жұмыс істейді.
«Біз отбасымызбен кез келген тапсырыс берушіге қымыз қазақ халқының киелі әрі шипалы сусыны, оның отаны Қазақстан екенін айтып жүреміз. Жалпы қымызды сатумен қоса, насихат жұмыстарын да жүргіземіз» дейді Ханс Цольман.
Фестиваль аясында «Ең үздік қымыз» байқауы ұйымдастырылды. Жалпы жүлде қоры 45 миллион теңгені құраған оның мақсаты еліміздегі ең сапалы әрі шипалы қымызды анықтау, қымызды денсаулық пен қонақжайлықтың символы ретінде таныту, сонымен қатар агротуризм мен жылқы шаруашылығын дамытуға серпін беру болды.
Байқау еліміздің түкпір-түкпірінен келген 50-ден астам қымыз өндірушінің басын қосты. Әрқайсысы кемінде 500 литрден қымыз алып келді. Жалпы алғанда елордаға 30 тоннаға жуық қымыз жеткізілді. Ұлытау облысындағы Жаңаарқаның қымызы осы күні брендке айналды. Алты жыл бұрын жаңаарқалықтар «1000 күбі – 10 мың литр қымыз» жобасымен Гиннес рекордтар кітабына енді. Осы өңірдің Ералиев, Ақтүбек, Ақтау, Түгіскен, басқа да ауылдарының қымыз өндірушілері өнімдерін ұсынды.
«BaiQymyz» байқауына қатысуға ауылымыздың әкімі ұсыныс жасады. Сауып отырған биелеріміздің түсіне байланысты өніміміздің атауын «Qula» қымызы атадық. Қазіргі таңда 100-ге тарта жылқымыз бар. Өзімнің шамама қарай 6 бие сауып отырмын» деді қатысушылардың бірі, Ералиев ауылындағы «Асбер Агро» ЖШС өкілі Гүлім Түскенова.
Жаңаарқаның қымызы «Алтын қор» арнайы жүлдесін алды. Түгіскен ауылындағы «Ілияс» шаруа қожалығының «Nomad milk» қымызын өндіретін Аманжан Омаров пен Қайнеш Ахметова 1 млн теңгелік сыйлыққа ие болды. Ал үшінші орынды Ақмола облысы Бурабай ауданының «Қымызынай» өнімі (10 млн теңге), екінші орынды Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданындағы «Қарынши» шаруа қожалығы (15 млн теңге), бірінші орынды Абай облысы, Саржал ауылының «Жаныс» шаруа қожалығы (20 млн теңге) жеңіп алды.
Фестиваль барысында шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Онда қымыз дайындау, сақтау, ашыту, сондай-ақ оны капсула түрінде өндірудің заманауи әдістері таныстырылды. Сонымен қатар, тері илеу, ат әбзелдері мен тұрмыстық бұйымдарды жасау бойынша да қолөнер шеберлері өз білгендерін үйретті.
«Ер қанаты» атты жылқы көрмесінде қазақтың байырғы тұқымдары Жабы, Көшім, Қостанай, Мұғалжар, Адай және спорттық бағыттағы жылқылар көрсетілді. Оның аясында қолөнер шеберлері ер-тоқым, қамшы, ат әбзелдері сияқты тарихи бұйымдарын ұсынды. Көрменің басты ерекшелігі бірегей бұйымдар мен жылқыға арналған аукцион болды.
Бағдарлама шеңберінде аударыспақ, асау үйрету, құмай тазы жарысы, шалма салу сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізілді. Қошқар көтеру, мешкейлер сайысы мен жілік сындыру секілді ерекше іс-шаралар фестиваль көрігін қыздырды.
«BaiQymyz» көптеген қала тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын тудырды. Алғашқы күні оны 40 мыңнан астам адам тамашалады. Жалпы қонақтар саны 70 мыңнан асты.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ