Ел тынысы

Түрік кинематографистері Қазақстанның табиғи локацияларына ерекше қызығушылық танытты

ТҮРКСОЙ бастамасымен құрылған TÜRKFİLM – Түркі әлемі кинематографистерінің одағы аясында Стамбұлда панельдік сессия өтті. TÜRKFİLM құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркияның ұлттық кино мекемелерінің өкілдері кіреді. Жиынға түркі мемлекеттерінің кино саласындағы жетекшілері қатысып, ортақ кинокеңістіктің даму жолын талқылады. Түрік кинематографистері іс-шарада Қазақстанның табиғи локацияларына ерекше қызығушылық танытып, оларды киножобалары үшін тартымды әрі әсерлі орын ретінде қарастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Сессияға Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали қатысып, еліміздің киноиндустриясы, оның даму қарқыны және халықаралық серіктестік әлеуеті туралы баяндама жасады. Басқарма төрағасы Орталықтың киножобаларды іріктеу механизмдері, бірлескен өндіріс бойынша өтінім беру тәртібі, сондай-ақ отандық киноөндіріске қолдау көрсету құралдары туралы кеңінен баяндады.

Құрманбек Жұмағалидың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда киноөндіруші компаниялардың саны артқан, жыл сайын шамамен 100-ге жуық отандық фильм жарық көреді. Бүгінгі таңда ел аумағында 500-ден астам өндірістік компания тіркелген, олардың басым бөлігі Алматы қаласында шоғырланған.

Кино инфрақұрылымына келсек, Қазақстанда 113 кинотеатрда 446 экран жұмыс істейді. Жыл сайын 23 миллионнан астам көрермен кинотеатрларға барады, бұл – кино өнеріне деген тұрақты қызығушылықтың дәлелі.

Басқарма төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған киноны қолдауға бағытталған жаңа заң туралы да сөз қозғады. Аталған заң киножобаларды іріктеу рәсімін жетілдіруге, кино саласы мамандарына кәсіби және әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған.

Сондай-ақ, Құрманбек Жұмағали Қазақстанда заң жүзінде бекітілген рибейт жүйесі туралы баяндады.

«Біз бірлескен киножобаларға, әріптестікке және халықаралық инвестицияларға әрдайым ашықпыз. Кино – бұл тек мәдениет пен өнер ғана емес, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді арттыратын қуатты құрал. Түркі мемлекеттері арасындағы шығармашылық байланыстарды күшейту – ортақ мақсатымыз», – деді ол.

Сессия аясында түркі елдерінің тарихын экран тілімен бейнелеу, бірлескен жобаларды дамыту және халықаралық фестивальдерге қатысуды кеңейту мәселелері қозғалды. Құрманбек Жұмағали өз сөзінде Қазақстан барлық қатысушыларды Ақтауда өтетін фестивальде қарсы алуға дайын екенін атап өтті.

«Қорқыт фестивалі – шығармашылық диалогтың, тәжірибе алмасудың және ортақ жобаларды дамытудың маңызды алаңы. Біз бұл фестивальдің түркі елдері арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі тереңдете түсетініне сенімдіміз», – деді ол.

 Еске сала кетейік, биыл Ақтауда Түркі әлемінің мәдени тұтастығын көрсететін және ортақ жобаларды дамытуға серпін беретін Қорқыт халықаралық кинофестивалі өтеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button