Қайраткердің қадірі кетті ме?

Қазір бізде не көп, атақ көп. Атаққа құмартатын адамдардың саны да жеткілікті. Ал сол атақтар мемлекеттік, ведомстволық және қоғамдық болып бөлінеді. Солардың арасында, әрине, мемлекеттік марапаттардың бәсі бәрінен жоғары. Бірақ соны елеп, ескере қоймайтын біраз жұрт қай атаққа болсын ұмтылады. Адам салып алып жатқандар да баршылық. Содан кейде күлкі мен көпшіліктің наразылығын тудыратын жағдайлар орын алып жатады. Мұның екінші жағы да бар. Бұл – мемлекеттік марапатқа ие болған адамдарды қолдауға қатысты мәселе.
Тұлға мен әртісті шатастырмайық
Бірнеше жыл бұрын жасы сексеннен асқан көрнекті жазушы Софы Сматаев әлеуметтік желі арқылы Мемлекет басшысына хат жазды. Онда денсаулық жағдайын айтып, бұрын емделіп жүрген Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына қарайтын Орталық клиникалық ауруханасынан шығарып тастағанын жеткізді. Сол ауруханаға қайта тіркелу үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері немесе Қазақстанның Еңбек Ері атағын алуы керектігін жазды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2023 жылы ширек ғасырлық үзілістен соң Қазақстанның халық жазушысы атағы қайта беріле бастады. Сол жылы бұл атақты алған қаламгерлердің қатарында Софы Қалыбекұлы да болды. Содан соң жазушы аталмыш ауруханаға қайта тіркелді. Осы сияқты реттелетін мәселелер әлі де бар. Соның ішінде кім-кімді болсын нақты бағалау үшін кезінде тоқтатылған атақтарды қайтару да маңызды.
Төрт жыл бұрын әйгілі әнші Нұрлан Өнербаевпен сұхбаттастық. Бұл сұхбат басылымымызға «Халық әртісі атағын қайтарған дұрыс» тақырыбымен шықты. Президенттің пәрменімен бұл атақ та қалпына келді. Осы жолмен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын да қайтарған дұрыс. «Неге?» дейсіздер ғой. Тарқатайық.
Биыл Қазақстанның халық әртісі атағын алғандардың қатарында әнші Әлішер Кәрімов те болды. Бұл жағдай әлеуметтік желілерде біраз пікірталас тудырды. Соның көпшілігі әншінің осы жоғары атаққа лайық емес екенін жазды. Өз пікірімізді айтсақ, иә, Әлішерге бұл атақ ертелеу берілді.
Еліміздің «Мемлекеттік наградалары туралы» заңы бойынша Қазақстанның халық әртісі атағы бұрын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі немесе Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағына ие болған, Қазақстан Республикасының театр, цирк, музыка өнері мен кино өнерін дамытуға ерекше үлес қосқан адамдарға беріледі. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын беру 1999 жылы тоқтатылды. Яғни жаңа ғасырда бұл атақ ешкімге берілмеді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткеріне келсек, осы атақтың пайда болғанына биыл тура 30 жыл толып отыр. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, ғылым, мәдениет, өнер, өндіріс және әлеуметтік сала өкілдеріне республикаға сіңірген зор еңбегі үшін беріледі. Әлішер Кәрімов бұл атақты 2018 жылы иеленді. Бірақ қайраткер атағын әнші, күйші, бишіге, жалпы өнер адамдарына беру қаншалықты қисынды?
Кім нағыз қайраткер?
«Қайраткер» ұғымы қайрат, қайрат көрсету секілді сөздерден шығып тұрғаны анық. Яғни Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие адам шын мәнінде тұлға болып танылып, ел, мемлекет мүддесі дегенде жанып тұруы керек. Ал өнерпаздар, әсіресе, эстрада әншілері отаншылдық тақырыптағы әндерді шырқағаны болмаса, қай жерде мемлекет мүддесін қорғаған еді? Көпке топырақ шашпайық, ондайлар бар шығар, бірақ өте сирек.
Біздіңше, қайраткер деп кешегі Желтоқсан көтерілісіне қатысып, сотталған композитор Хасен Қожа-Ахметті атауға болады. Сол Желтоқсан оқиғасынан кейін іле-шала Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбиннің алдында қасқайып сөйлеп, қазақ жастарын қорғаған көрнекті ақын, биыл туғанына 105 жыл толып отырған Жұбан Молдағалиевті қайраткер десек жарасады. Жұбан ақынды қазір Халық қаһарманы атағына ұсынып жатыр. Өте дұрыс деп есептейміз. Ал Әлішер Кәрімов секілді әншілерге Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы берілсе, ешкім ештеңе дей қоймас. Бұл жігіт кезінде еліміздің атынан «Славян базары», «Ереван шақырады», Юрмаладағы «Жаңа толқын» байқауларына қатысып, жүлделі орындарды алды. Елге еңбегі сіңгені рас. Бірақ әртістің аты – әртіс.
Қазір Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы кім көрінгенге беріліп, бұл атақтың да, «қайраткер» ұғымының да қадірі кетіп барады. Шын мәнінде елге сіңірген еңбегіне сай, тұлға атына лайық адамдарға берілсе – әңгіме басқа.
Жарылқап пен Жарқынайды теңестірдік пе?
Таяуда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай қаламы қарымды қаламгер Жарылқап Бейсенбайұлы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Көрнекті ақын Жұматай Жақыпбаевтың жырындағыдай, бұл «Майданнан соң иесін әзер тапқан ордендей» жағдай болды. Соны жампоз журналистер Қали Сәрсенбай мен Қайнар Олжай әлеуметтік желіде атап өтті.
Иә, Жарылқап Бейсенбайұлы жарты ғасыр бойы қазақ баспасөзінің отымен кіріп, күлімен шықты. Басқасын айтпағанда, биыл 35 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан «Ана тілі» газетінің жарық көріп, қалыптасуына зор үлес қосты. Осы басылымның алғашқы бас редакторы болды, оншақты жыл ішінде оны нағыз ұлттық басылымға айналдырып, таралымы 100 мыңнан асты. Шоқантанудағы еңбегі – бір бөлек дүние. Осы уақытқа дейін атақ қумады, атақ оны өзі іздеп тапты. Қали Сәрсенбай жазғандай, сонау кеңес заманында алған Қазақстан комсомолы сыйлығынан кейін алып жатқан атағы осы шығар.
Жарылқап аға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерін сексеннің сеңгіріне жақындағанда бір-ақ алып отыр. Одан әлдеқайда жас, бейнелеп айтқанда, «бала-шаға» бұл атақты жылда иеленеді. Мәселен, биыл әнші, актриса Жарқынай Ханайым алды. Бұл қандай қайраткер, әртіс емес пе? Осындай келеңсіздік Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағының жоғынан орын алып отыр. Бұл – Жарылқап Бейсенбайұлы мен Жарқынайдың еңбегін теңестіргендей жағдай.
Мынаны да айта кетейік, бұрын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағының иегерлеріне берілетін жеңілдіктер бар еді. Соның бастысы – Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына қарасты денсаулық сақтау мекемелеріне тіркеліп, тегін қаралып, емделу, денсаулығын нығайту. Бүгінде ол жоқ. Ал бұл атаққа ие Жарылқап Бейсенбайұлы секілді қаншама қарт бар. Жастарға денсаулыққа қатысты жеңілдік керек емес, ал жасы келіп қалғандарға, әрине, қажет. Сонда қарт Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлеріне не істеу керек, тағы қанша күту керек? Бұл да реттейтін мәселе. Себебі аталған атақ – мемлекеттік. Мемлекеттік марапаттарды қадірлеу керек. Ал сондай атақтың өзінің қадірі болмаса, оны кім қадірлейді?..
Аманғали ҚАЛЖАНОВ