Әлеуметтік қолдау жайы қалай?

Астана қаласы Коммуникациялар қызметі алаңында қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының биылғы жартыжылдық жұмысының қорытындысы шығарылды. Тиісті баяндаманы аталмыш басқарманың басшысы Илья Скуб жасады.
ның айтуынша, қала әкімдігі жыл сайын 200 мыңға жуық адамды тегін қызмет көрсету және ақшалай төлемдер секілді әлеуметтік қолдаумен жүйелі түрде қамтиды. Бұл көмек зейнеткерлерге, соғыс ардагерлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларға және аз қамтылған азаматтарға көрсетіледі. Жалпы қазір елордада «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған 35 мыңнан астам көпбалалы отбасы мен 7 мыңнан астам көпбалалы ана, 38 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан, 10 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасы тұрады.
Аз қамтылған азаматтардың кедейлік шегінен төмен табыстарын (41 987 теңге) ескере отырып, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсетіледі. Бүгінгі күні есепті тоқсанға құжаттар қабылдау басталды. Жыл басынан бері 1 359 отбасы (6 930 адам) қамтылды. Соның ішінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін 1 200 отбасыға (2 319 бала) қосымша төлем төленді.
2025 жылдың 6 айында тұрғын үй көмегі 533 отбасын немесе 671 адамды қамтыды. Соның ішінде көмір сатып алуға 92 отбасыға 16 АЕК көлемінде көмек көрсетілді. Тұрғын үйлерді газдандыруға көмекті (130 АЕК) 80 отбасы алды. Тіс протездеу қызметі 1 418 адамға, емдеу қызметі 1 406 адамға көрсетілді. 2 771 адам жеңілдікпен курорттық емге жіберілді. Коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді ұстауға, телефон абоненттік төлеміне 1-ден 8 АЕК-ке дейін ақшалай өтемақы, елорданың ресми мерзімді басылымдарына жазылуға, монша, шаштараз, мәдени-сауықтыру, спорттық іс-шараларға баруға 6,5 АЕК көлемінде ақшалай төлемдер берілді.
Әлеуметтік маңызы бар ауруларды (ЖИТС, қатерлі ісіктер) емдеуге әлеуметтік көмек көрсетілді. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар дертке шалдыққан балаларға айына 25 АЕК көлемінде, туберкулезбен ауыратындарға 10 АЕК көлемінде ай сайынғы төлемдер төленді. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 169 адамға 15 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек берілді.
«Тілсіз жаудың» кесірінен баспанасынан айырылған немесе жылжымайтын мүлкі бүлінген отбасыларға 400 АЕК көлемінде көмек көрсетіледі. Биылғы бірінші жартыжылдықта бұл көмекпен 101 адам қамтылды.
Астананың жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқу ақысын төлеуге жыл сайынғы әлеуметтік көмек алуға өтініштер қабылдана бастады. Әлеуметтік көмек Астана қаласының жалпы білім беретін мектептерінің түлектеріне көрсетіледі. Соның ішінде жетімдер, балалар үйінің түлектері, бала кезінен мүгедектер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, асыраушысынан айырылған жағдайда мемлекеттік жәрдемақы алатын азаматтар бар. Өтініштер осы жылдың 23 тамызына дейін қабылданады.
Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған бірқатар іс-шаралар өткізілді. Ұлы Отан соғысының 6 ардагері, басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс қимылдарының 1 098 ардагері, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жеңілдіктер бойынша 499 адам қамтылды.
«Басқарманың басым міндеттерінің бірі – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау және оларды оңалту. Елордада шамамен 38 мың мүгедектігі бар адам (ересектер – 27 140 адам, балалар – 10 869 адам) тұрады. 2025 жылдың 6 айында Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектерге 21 705 бірлік техникалық оңалту құралдары мен қызметтері ұсынылды. Мүгедектігі бар адамдарға, жүріп-тұруында қиындықтары бар адамдарға және мүмкіндігі шектеулі балаларға «Инватакси» көлігінің тегін қызметі көрсетіледі. «Инватакси» қызметі 5 бағыт бойынша 129 «Инватакси» автокөлігін пайдалана отырып, күніне орта есеппен 1 167 тасымалдау көрсетіледі» деді Илья Скуб.
Оның айтуынша, «Инватакси» саны 2022 жылы 80-нен 2023 жылы 117 көлікке артты. Қызмет алушылардың саны 1 186 адамға өсті. Бүгінгі таңда қызмет алушылардың жалпы саны – 2 778 адам. Осы жылдың наурыз айынан бастап «Smart Astana» қосымшасы арқылы мүгедектердің қызметтерді алуын растау үшін QR-код жүйесі орнатылды. Қызмет алушыларды толық қамту, сондай-ақ инватакси қызметтерін көрсету механизмін өзгерту, сапасы мен жылдамдығын арттыру аясында елордада «Яндекс Go» қызметі арқылы қанатқақты жоба іске жалғасып жатыр. Жоба іске қосылғаннан бері оған 1 098 адам қатысып, 200 мың саяхат жасалды.
«Қала әкімдігі 2023-2027 жылдарға арналған мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта сапасының мониторингін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын бекітті. 2020 жылдан бастап объектілерді пайдалануға беру кезінде мүгедектердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігінде объектінің сәйкестігі туралы декларацияға қол қоюға 2 069 декларация ұсынылды. Соның ішінде 798 өтінішке қол қойылды. Тиісті талаптарға сəйкес келмеуіне байланысты 1 287 өтінішке қол қоюдан бас тартылды» деді басқарма басшысы.
Жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру жүзеге асырылады. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ҮЕҰ саны 2019 жылы 5-еу болса, 2025 жылы 8-ге жетті. 2019 жылдан бері қызмет алушылар саны 2 еседен астам өсіп, бұрын 1 823 адам болса, қазір 3 747 адам болды. Жыл басынан бері жан басына қаржыландыру бойынша қызметтерді тиімді көрсету мақсатында арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын ұйымдарды лицензиялау жұмыстары жүргізілуде.
«Лицензиялауды енгізу – арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету жүйесін жаңғырту кезеңдерінің бірі. Ол көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарының сақталуына және қорғалуына кепілдік беруге, ұйымдар үшін бірыңғай стандарттарды белгілеуге бағытталған» деді Илья Скуб.
Оның айтуынша, елорданың еңбек нарығындағы жағдай тұрақты және қатаң бақылауда. Жұмыссыздық деңгейі – 4,4% (елде – 4,6%). Есеп беру кезеніңде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 10 052 адам, оның ішінде 5 117 жас қамтылды. Соның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 1 331 адам тұрғызылды. Қоғамдық жұмыстарға 2 522 адам, «Жастар практикасына» – 280 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 202 адам тартылды. «Күміс жас» жобасына 565 адам, «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқытуға 1 993 адам, сұранысқа ие дағдыларды онлайн оқытуға 985 адам қатысты. Әлеуметтік кәсіби бағдармен 2 056 адам қамтылды. Кәсіптік оқытуға 39 адам жіберіліп, грант – 61 адамға, бір реттік ваучерлер 23 адамға берілді.
Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға әлеуметтік осал топтарға 65 грант мақұлданса, 61 грант алушыға төлем жасалды. Жалпы 125 адамға грант беру жоспарланған. «Электрондық еңбек биржасы» интернет-порталында 744 жұмыс беруші 7 125 бос жұмыс орнын орналастырды. Жұмыссыздардың мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында, соның ішінде жастар мен жеке санаттағы азаматтарды жұмысқа тұрғызу үшін 25 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді. Өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыру шеңберінде 16 107 жұмыс орны құрылды. Оның 10 522-сі тұрақты болса, 5 585-і уақытша орындар).
Басқарма басшысының мәліметінше, Астана қаласында қандас мәртебесін алған 28 478 этникалық қазақтың 20 623-і Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданды. Осы жылдың басынан бері 411 адам қандас мәртебесін алды. Елорда бойынша 2025 жылға арналған шетелдік жұмыс күшінің рұқсат етілген шекті саны – 975 адам. Қазірге дейін шетелдік жұмыс күшін тартуға 970 рұқсат берілді.
2022 жылдың басынан бері барлығы 352 шетел азаматы (оның ішінде 54 кәмелетке толмаған азамат) босқын мәртебесін алуға өтініш білдірді.
«Қала мекемелері деңгейінде мемлекеттік органдардың құзыреті шегінде жедел әрекет етуді талап ететін мәселелерді шешу бойынша шаралар қабылдануда. «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының алаңында мемлекеттік органдардың басшылары тұрақты түрде елорданың мұқтаж азаматтарына қабылдаулар өткізіп, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсетуде» деп түйіндеді сөзін Илья Скуб.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ