Басты ақпаратЕл тынысы

Алакөлдің алаңдатқан ахуалы

Қазақстандағы ең танымал туристік нысан болса да, Алакөлдегі демалыс сапасына сын жиі тағылады. Тіпті Мемлекет басшысының өзі өткен аптада «Алакөл маңындағы аймақтың дайындығы төмен» деп халықтан келіп түскен шағымның көптігіне Үкімет назарын ­аударды. Суы мөлдір, тәнге шипа көл жағасындағы жазғы демалыс­тың жайлы және жайсыз жақтарын қарастырайық.

Алматы және Абай облыстары аумағында жатқан айдынды көлге сәйке­сінше осы екі тараптан барып, суға түсетіндер көп. Қабанбай батыр жаралы әскерін көл суына шомылдырып жазған тұсы Абай жағында болса, Қытаймен шекаралас Достық станциясына қарай жолдағы Ақши, Жалаңашкөл, Көктума ауылдары Алматы жағында. Президент Алакөлдің осы қос жағалауындағы тәртіп пен инфрақұрылымды ретке келтіруді міндеттеді. ­Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ өңірдегі жанармай бекеттерінде жанармайдың жоғын, кептеліс күшейгенін сынады.

«Қажетті туристік инфра­құрылым, қызмет көрсету мен қауіпсіздік лайықты деңгейде қамтамасыз етілмеген. Үкіметке қысқа мерзім ішінде елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіріп, олқылық жіберген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тартуды тапсырды» деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.

Қоқыс қалдырмау қиын ба?

Бұрыннан да шағымы көп халық Мемлекет басшысы назар аударғаннан кейін тіпті ұлардай шулап қоя берді. Желіде Алакөлге барған сапарын жазбаған, жамандамаған адам қалмады. Солардың бірі журналист Ерболат Мұхамеджан отбасымен жылда демалатын жердегі тәртіпсіздік пен салғырт­тық өзгермейтінін жазып, «Адам кейпіндегі «малдар» деген жазба қалдырды. Абай облысы Үржар ауданы жағындағы жағдайды сипаттап, жергілікті әкімдіктер тазалықты ретке қоймағанын немесе реттеген болып көрсететінін сынады.

– Мысалы, қоқыс мәселесі. Таңертең прицебі бар бір трактор шығады, сол бір рет жинап шығады, болды, сосын күні бойы шашылып жата береді. Қоқыс салатын жәшіктер толып қалады. Арбат жуылмайды ешқашан. Сол жерде ақша тауып отырған әр кәсіпкер қонақүйі бар ма, коттеджі бар ма, айналасының тазалығына жауап беруі керек. Бірақ ешкім қадағаламайды. Қоқыс желмен, сумен жағалауды былғайды, – дейді ол.

Ол тазалық сақтауға құлықсыз кейбір адамдарды адам кейпіндегі малға теңеді. Себебі демалушылардың көбі ішеді, шылым шегеді, тұқылын, бөтелкесін қалдырып, түкіріп-қақырып жүре береді. Балалар шомылып жүрген жерге барып арақ ішіп, шулап отырады.

– Демалыс орнының жүйесі қойылмаған. Туристік полиция жағажайға келмейді десек те болады. Олар бастықтарын күтумен әуре. Менің ойымша, қоқыс тастаған әр адамды «Сергек» камерасына түсіріп, полиция арнайы бақылауға алуы керек. Жағалауға нақты бақылау камераларын қою қажет. Әрі қарай осы бейнематериалдарды ашық түрде әлеуметтік желілерде тарататын, халықтың өз мәдениетіне ұялатын уақыт келді деп есептеймін. Басқа жол жоқ. Содан кейін әкімдік бірден хаттама жасап, айыппұл салсын. Менің ойымша, айыппұл қатаң болуы тиіс, – дейді ол.

Ал Жақсылық Молдажанов деген қазақстандық азамат Алакөлге барған сапарында әжетхана табу қиын болғанын айтады.

– Мен жақында барып келгенмін, ішім жаман ауырып, әжетхана іздеп таппадым. Екі Алакөлде де қымбат. Тазалық жоқ, – дейді ол.

Көлде шомылу қымбат па?

Ішкі туризмнің сапасы мен соған лайықты баға саясатының жоғынан сол қаржыға шетелде демалғанды жөн көретіндер көп. Дегенмен шетелге саяхатты қалтасы мүлдем көтермейтіндер немесе «өз елімнің туризмі дамысыншы» дейтін ұлтжанды азаматтар Алакөл сияқты демалыс орындарын таңдайды. Емдік көлдің жағасындағы демалыс уақыты 10 маусым мен 1 қыркүйек аралығын қамтиды. Елдің көбінің жазғы еңбек демалысы бітіп әрі балаларын мектепке дайындау керек болғандықтан, 15 тамыздан кейін келушілер күрт азайып кетеді екен. Сұраныс көбейген кезде баға да артып, тамыздың екінші жартысында демалу бағасы арзандайтынын базалардың қызметкерлері растайды. Ал қай демалыс орнын таңдауыңыз қаржыңыз­дың көлеміне байланысты. Соған қарай сапа мен сервис те болады.

– «Алакөлге барып демалуға ақшасы жетпейтіндер Жерорта теңізін жағалайды» деген жаңа әзіл шығыпты. Жаны бар сөз. Мәселен, Ақшидегі Grand Villa деген қонақүйге бір түнеп шығу үшін 200 мың теңге төлейсің. Бұл ақшаға тек таңғы ас қана кіреді. Ал түскі және кешкі асты сатып алып ішесің. Бір отыр­ғанда 50-60 мың теңге тастап кетесің. 0,25 Coca-Cola-ны 1500 теңгеден сатады. Басқасының бағасын айтпасам да түсінікті шығар?! – дейді журналист Диас Нұрақын.

Тағы бір журналист Оңғар Қабден өзі барған сапарынан сурет салып, Алакөлде демалу қымбат дегенді жоққа шығарды. «Орташа бағасы 15 мың. Қымбаттау люкстері 20-25 мыңның маңайында. Үш уақыт тамағы мен жатын орын осы бағаға кіреді» деді ол. Дегенмен оның пікірімен келіспейтіндер көп. Қарапайым халық: «3 күнге 300 мың теңге кетті. Ұшақтың билетімен 500 мың. Арзан демес едім. Сол бағаға сай сервис жоқ», «Қымбат, 2 отбасы бардық, үйді 60 мыңға күндізге әрең таптық, 2 күнге 120 мың, оған тамақ кірмейді, сатып алдық, тамақтың ең арзаны – 2500 теңге, ол бағаға сай емес тамағы, одан да Ыстықкөлге барған арзан түсті», «Бес күнге 2 үлкен, 2 балаға 800000 теңге есептеп берді. Оған жол кірмейді. Сонда күні 160000 теңге, адам басына 40000 теңгеден болады. Ал Түркияға барып келдім, 5 күнге 125000 теңге, үш уақыт тамағы мен ұшағын қосқан әрі 5 жұлдызды қонақүй. Бұл – бір адамға ғана есептелгені», «Алакөлде баға қалтаңа қарай. 12-15 мыңға үш уақыт тамағымен бар. Өзім биыл «Ақ шағалада» жаттым. Тамағы, тазалығы ұнады. Көп адам Алакөлді Мысырмен салыстырады. Ол жақта жыл – он екі ай маусым және әлемнің түкпір-түкпірінен келеді. Жылдар бойы қалыптасқан жүйесі бар. Алакөлде ұзаса екі ай науқан. Тамыздың ортасында адам болмайды», «6 ересек, 5 кішкентай балаға 7 күнге 2,3 млн теңге кетті, таңғы ас қана кіреді, орташа есеппен түскі ас пен кешкі асқа 45 мың шамасы шығады, ұшақтың билеті 500 мың шамасы (бару-қайту), сонда бас-аяғы 3,3 млн теңгедей қаржы, бірақ сол бағаға сай сервис жоқ, интернет түгілі, жай байланысқа зар болдық» деген пікірлерін білдіреді. Соған қарағанда, әрине, балалы-шағалы, отбасылы адамдарға мұндай демалыстың ең арзанының өзі ауыр тиеді. Ал жалғыз-жарым жүргендерге біліне қоймайды.

Науқан 2-3 айға созылады

Көл жағасындағы демалыс орындарының деңгейін үшке бөліп қарастыруға болады. Ғаламторды сүзіп шықсақ, Алматы облысы жағындағы жағалауда 300-ден астам демалыс орны бар екен. Соның ең арзаны, яғни демалыс үйлерінің бір тәулік демалу бағасы 10-18 мың теңгеден басталады. Оған жалдау және үш мезгіл тамақ кіреді. Ішінде душы, желдеткіші, тоңазытқышы, төсек орны бар. Одан жоғары сападағы бөлмелер 19-40 мың теңге арасында. Оған тек таңғы ас пен үй аумағындағы бассейн, кинотеатр, балалар алаңы сияқты нысандарды пайдалану кіреді. Үшінші деңгей 50 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеден асады. Мәселен, 4 орындық үй 105 мың теңге тұрады, бір қызығы бұл сомаға тамақтану кірмейді.

– Маусым басталғалы барлық орын толып тұр. Шілдеде мүлдем бос орын қалмайды. Туристер өте көп, өз елімізден бөлек, Америка, Корея, Ресейден де судың шипасына бола келетіндер аз емес. Әзербайжандар «мұндай көл еш жерде жоқ» деп бір-біріне Алакөлді мақтайды. Елдің мұндағы демалысты қымбат деуі негізсіз. Біздегі ең қымбат номер – 3 бөлмелі коттедж, аумағы – 100 шаршы метр, бағасы – тәулігіне 90 мың теңге, бірнеше отбасы болып келетіндер үшін тиімді. Бұл сомаға тамақ кірмейді. Басқа да артықшылығын пайдалана береді. Сол сияқты 2 адамдық орын 24 мың теңге тұрады, оған номер, паромда жүру, жағажай, балалар алаңы, кинотеатр, бассейн кіреді. Сондықтан қымбат дегені дұрыс емес. Тек адам өте көп болғандықтан, өзі іздеген бағадағы орындарды таппай қалуы мүмкін, – дейді «Пеликан» демалыс орнының директоры Мария Сагурова.

Алакөл жағалауында кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкерлер бастысы жолдың жақсарғанына, 15-20 жылда Алакөлдің маңы біраз дамығанына көңілі бітеді. Енді жағалаудағы қоқыс, кәріз жайына алаңдайды. Жанармай бекеттері де көбейіп, электронды техникаларды тұтыну деңгейінің көбеюіне қарай жиі өшетін электр жарығымен қамту мәселесі шешілсе деген ұсыныстарын айтты.

Осы айтылғандардан бөлек, арзан жағалауда шатырларды 7 мың теңгеге, күн шатырларды 3 мыңға, жатын тақталарды 2 мыңға жалға беретіндер бар. Жағалауда жабайы сауда қызып тұр. Көбіне қоқыс та сол саудамен байланысты көбейіп кетеді. Бұл жердегі әжетхана мәселесі тазалық жағдайын асқындыра түседі. Халық қарасы көбейген соң қоқыс та үйіліп кететіндіктен, жәшіктердің санын арттырып, оларды тек таңертең және кешке емес, күндіз де тазалап тұратындай жағдай жасау керек. Осындай түйткілді мәселелері көп Алакөлдегі туризм қарапайым халықтың жеке мәдениетінен бастап, әкімдіктер тарапынан жүйелі жұмыс жүргізуді, демалыс орындары жағынан жауапкершілікті күшейтуді қажет етеді.

Үкіметтің шұғыл жиыны

Премьер-министр Олжас ­Бектенов Президент Қасым-­Жомарт Тоқаевтың туристік саладағы тапсырмаларының орындалу барысы туралы жиын өткізді. Мемлекет басшысы берген ескертулерді жедел жою үшін жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіру мақсатында Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев өңірлерге жіберілді. Оның қорытындысы бойынша кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту туралы ұсыныс берілмек.

Президенттің Алакөл маңындағы әйгілі туристік аймақтың демалушыларды қарсы алуға дайындығы төмен екені жайлы айтқан сынынан кейін Абай облысы әкімінің орынбасары Серік Түленбергенов Мақаншы ауданына барды. Көл басындағы жиында демалушыларға қолайлы жағдай жасау, санитарлық тазалық пен қауіпсіздік мәселесі талқыланды. Енді көл жағасына құқық қорғау органдарымен бірге рейд жүргізіліп, тәртіптік шаралар күшеймек. Соның ішінде моторлы қайық иелерінің қызмет көрсетуі қатаң тексеріледі. Тазалық мәселесі қарастырылып, қоқыс тастаған сауда орындары мен демалыс үйлеріне айыппұл салынады.

«Алакөлдің Абай облысындағы жағалауына биыл ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұған дейін наурыз айынан бастап облыс әкімі Берік Уәли туристік орынға 3 рет барып, көшпелі жиын өткізген. Алакөл жағалауына 2018 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген. Осыны ескере отырып, облыс­тық бюджеттен 658 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржыдан Арбат алаңын жөндеуге 108,9 млн, жаңа қоғамдық кеңістік құруға 171,6 млн, жағалауды абаттандыруға 107,5 млн теңге бағытталды. 25 киім ауыстыратын орын, 50 контейнер, 2 биотуалет орнатылды. 7 пирс­тің 3-еуі орнатылып, құтқару мұнаралары мен жағажайды жарықтандыру жұмысы жүргізілді» делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы назар аудартып, қозғау салғанда ғана шешілетін болса, бұл тізімде Алакөлден басқа елімізде әлі қанша туристік нысан бар. Олардың көбінің мәселесі ортақ – қымбат баға, төмен сервис, қоқыстың көптігі, әжетхананың жоқтығы. Бастысы, бұл салада қозғалыс басталды. Енді Үкімет шешімдері нақты үлкен өзгеріс­терге бастау болып, алдағы уақытта Алакөлімізбен және басқа да туристік орындарымызбен мақтанатын, қазақ шетел асып ешқайда кетпейтін, керісінше, әлем турис­тері ағылатын күнге жету керек. Әйтпесе тек шипалы көліміз бен тылсым табиғатымыздың бары ғана мақтан болып қала бермек…

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button