Сиқырлы білезік немесе зергердің құпиясы

Өте сирек, қымбат металл бұйымдардың қылдай түйіндерінен адам қиялындағы тылсым өрнектерді бедерлеп, бір халықтың бойына жарастырған, ұлттық нақышын айқындайтын шеберді зергер дейміз. Ғасырлар қойнауынан жалғасын тауып, атадан балаға мұра болып келе жатқан, он саусағынан өнер тамған керемет қасиет иесі – зергер болу Жаратушының ғана қолдауы емес, қажымас еңбектің, зерек ізденістің нәтижесі болар.
Берік Әлібайдың зергерлік бұйымдары бүгінде әлемнің шартарабына таралған. Ұлттың көне қолөнерін жаңғыртушы ғана емес, жаңартушы. Өзіндік мектебі бар, шәкірттері өсіп-өркендеген, шеберханасы дамыған ұсталардың ұстазы.
Түйнектей металды отқа салып, балқытып, төске салып таптап, інжу-маржанды бармағымен баптап, гауһар тастармен безендіре қаптап, иін қандыра құрсау төзімділік пен епті еңбекті қажет етеді. Көз майын тауысып, күндері мен сағаттарын жалдап, алдындағы алақандай шаң-тозаңы әлі басылмаған асыл тастардың қиынды үгіндісінен ой түйіндеп, көкірек көзінің көрігімен бірге көсеп, баға жетпес асыл әшекей бұйымға айналдырады.
Жалпы зергер атаулының, қолөнер шеберлерінің мінезі тұйықтау болады. Берік Әлібай да сондай жігіттердің қатарынан. Біртоға, тұйық, көп ашылып сөйлемейді. Ал әлгі Иорданияның патшайымы Рания әл-Абдулла зор мақтанышпен мойнына тағып, көзге түскен бойтұмар алқа авторы біздің Берік екенін білгенде таңырқаған ел аз болған жоқ. Патшайым бойына керемет жарасып тұрған асыл бұйымдарды байқап қалған фанат зерттеушілерді қызықтырған. Сұрау салып, іздестіре келе, Қазақстандағы мамандардан бұйымның иесі де, киесі де зергер Берік Әлібай екеніне көз жеткізіп тынышталыпты. Шебердің көрігінен шыққан сол алқаны патшайымға өз қолымен бермесе де, әшекейінің соңғы шаңын қағып, «уф» деп үрлеп, «суф» деп нүктесін қойып тұрып, «Түу, неткен әдемі алқа жасадым…», «Патша сарайындағы патшайымға лайық дүние болды…». «Ей, менің асыл еңбегім, иеңді тап, жақсы адамның омырауында жарқырап, мәртебесін көтере жүр» деп еңбегіне сүйсініп, терін сүртіп, тамсанған сәті болған шығар.
Қазақ бойына қандай бұйым тақса да ырымдап тағады. Алқа, тұмар, сырға, білезік, сақина, тағы сол сияқты зергердің қолынан шыққан асыл бұйымдарды құрметті адамдарына сыйға тартады. Сыйлаған жандарға ақ жол тілейді. Пәле-жаладан, жамандықтан, қиындықтан сақтасын деп ырымдайды.
Астана қаласының оңтүстік-шығыс бөлігінің біраз жерін алып жатқан – «Оңтүстік-шығыс» ықшам ауданы. Тыныс-тіршілігі қаланың орталығынан өзгеше өміршең. Коттедж үлгісінде салынған үйлердің әр ауласы шағын бизнес, іскерлер, көлік жабдықтары, көлік жөндеушілер, майда сауда базарларымен ерекшеленеді. Осы бір қайнаған өмірдің бел ортасын бөліп өтетін Қордай көшесінің бас жағында зергер Беріктің «музей-үйі» бар. Ел серуендейтін, көрме іздейтін жер емес. Қайнаған ұсақ өндірістің ортасы. Сыртынан қарағанда елеусіз, көп үйлердің бірі. Сұрап біліп, арнайы бармасаң, тосыннан көзге түспейді. Таяп барғанда аула сыртындағы темір қиындыларынан құрастырып қадап қойған қауашақ, жазба белгілерге назар салмасаң, музейге тіпті де ұқсап не жарасып тұрған жоқ. Бұрындары келіп жүретінмін. Шетелден келетін қонақтарыма кәдесый, сыйлық аламыз десе, ең жақсы, сапалы ескерткіш бұйымдар осында. Ұлттық нақыштағы жәдігерлерді дәріптеу керек болса да тура осында тартамын. Антиквар коллекцияларын, көненің шеберлері сомдаған дүние-мүліктерін баяндап, тарих қойнауынан сыр тарқатқанда өзім де рахаттанып, мақтанышпен тыңдаймын.
Қыздарым тұрмысқа шыққанда тағы келіп, ақылдастым. «Тоғжанымды қазақша дәстүрмен, театрландырылған көрініспен ұзатайын деп едім… тойына тігетін киіз үй керек. Кереге, уық, шаңырағы. Тағы сондай салт-дәстүрге келетін кебеже, құрсау, жиһаз жинап бер» деп алдына тағы барғам.
Небір тарихи жәдігерлер: алаша, шекпен, шапан, текемет, сырмақ, сандық, қылыш, қалқан, найза, қанжар, құман үлгілерімен түрлерін көзіңмен көргенде, ғасырлар қойнауына қалай еніп, ерекше әсерде жүргеніңді сезбей де қаласың. Қазақтың өзіне ғана тән ою-өрнегі, өзіндік ой жүйесі, биік мақсат-мүддесін танып, бойыңды шабыт билейді. «Ойпырмай, мына сәукелені қай дәуірдің қызы кисе де арманы жоқ-ау!» деп, ендігі текемет, сырмақтан өтіп, асыл тастармен көмкерілген бұйымдар экспонаттарына бір тоқталып, сары алтындай самаурындар тұсында бөгелдік. Әттең, кей тұстарда бірінің үстіне бірі қаланып сыймай тұрған асыл дүние мүлікті көргенде үйдің тарлығы білініп, ішің ашиды. Бірін көріп, бірін өлшеп, біріне таңырқап, бас шайқап, ұзақ тұрып, таңдай қағып, қызықтап келеміз. Көрікті әспеттелген құнды жәдігерлерден көз тұнады. Жанымызда қосыла тамашалап жүрген бөгде жандармен пікір алмаса жағалап, тағы бір ерекше бай сөренің жанына тоқтадық. Міне, біздің іздегеніміз. Бізді күтіп жатқан бұйым да осылардың арасында болар. Жүзік, сырға, білезік, алқа, тұмар көздің жауын алады…
Зайыбым Зарияның көзі ерекше бір білезікке тоқтады. Иранның көк тасын дөңестеп ойып салған, айналасы күміспен көмкеріліп, өрнектелген. Тастардың падишахы бирюза жаныма жылы леп бергендей болды. Сақина сырғасы да жұптасып, қатарында, төңкеріле жарқырап жатыр. Келіншегімнің жанары жайнап, өңі құлпырып, ұзақ ойланбастан, сөреден білезікті алдырып, қолына тақты. Білезіктің тағы бір ерекшелігі – тұйық. Бір бүйірінде Беріктің өзі қиыстырып бекіткен, нәзік байқалатын жарасымды шаппа тиегі бар. Бұған дейін киіп, өлшеп, көріп келе жатқан білезік тиектері оңай ашылып, оңай жабылып тұрған. Мынаны да бір ашып, бір жауып, салмақтап, саралап, білегіне тағы бір салып, жауып көрген еді… білезік ашылмай қалды. Әрі-бері айналдырдық, тілін таппадық. Шарасыздан Шараны шақырдық. Ол да аша алмады.
Иранның дөңес көк тасымен ою-өрнегі жарасқан күміс білезік өз иесін тапқанына дән риза сияқты. Әдемі саусақтарға дәл келіп, жайнай түскен жүзік пен құлақтағы теңселе құлпырған сырғалар да менмұндалап, әйелімнің бойында жарқырап жараса қалды.
Гүлнәр: «Отағасының кейбір бұйымдары келген қонақтар арасынан иесін өздері таңдайды» деп күлді. Біз риза болдық.
Еркін ҚАСЕНОВ,
Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері