Ветеринария қалай дамып келеді?

10 шілде Ветеринария қызметкерлері күні ретінде алғаш рет 2024 жылы белгіленді. Бұл күн ветеринар мамандарының жануарлар денсаулығын қорғаудағы өлшеусіз еңбегін атап өту үшін енгізілді.
Қазіргі таңда Астанада ресми түрде 21 ветеринарлық клиника мен 10 тіркелген жануарлар панажайы жұмыс істейді. Бұл үй жануарларын күтіп-ұстауға және оларға көрсетіліп жатқан қамқорлықтың артып келе жатқанын білдіреді.
«Таңба» жануарларды есепке алу ақпараттық жүйесінің мәліметінше, бүгінде елордада 18 мың мысық пен 20 мың өзге де үй жануары тіркелген.
«Альфа-вет» клиникасының директоры Дмитрий Терентенко ветеринария саласында 25 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.
– Мен бұл салада 1999 жылдан бері жұмыс істеймін. Аграрлық университетті тәмамдадым. Біздің тәжірибеміз мол – тек мысық-иттермен ғана емес, барлық жануармен жұмыс істейміз. Көбіне хомяк, егеуқұйрық, теңіз шошқасы, тотықұс сияқты үй жануарларын әкеледі. Соңғы кезде жабайы жануарларды да жиі әкелетін болды: көгершін, кірпі, ұясынан құлаған балапандар. Әсіресе көктем мезгілінде адамдар тауып алған жануарларды емдеп, кейін босатып жібергісі келеді, – дейді астаналық маман.
Клиника басшысының айтуынша, елордада жыл сайын жануар иелерінің саналы көзқарасы артып келеді. Көпшілігі алдын ала тексерістен тұрақты өтіп, вакцина салдырып, ерекше жағдайларда да ветеринардан кеңес алуға тырысады. Сондай-ақ иесіз жануарлар панажайының рөлі артып келеді. Онда жануарларды емдеп, күтіп-баптау, жаңа иесін табу сынды маңызды жұмыстарды еріктілер мен панажай қызметкерлері атқарады.
Әліби Мұхтар