Басты ақпаратМәселе

Қай мамандықты таңдаймыз?

«Қай мамандықты таңдау керек?» «Қазіргі заманда қандай мамандықтар сұранысқа ие?» Бұл – мектеп бітіріп жатқан әрбір түлектің алдынан шығатын сауалдар. Жоғары жалақы төлейтін, оқу гранты көп бөлінген мамандықтар да абитуриенттер үшін маңызды. Кез келген адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты екені бесенеден белгілі. Әрине, адам баласы өз қамы, отбасының қамы үшін ғана емес, ел игілігі үшін де жұмыс істейді. Елдің өркендеуі әрқайсымыздың атқарып отырған қызметімізге байлаулы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек нарығының қажеттілігін алдағы 10-15 жылға болжап, Жаңа мамандықтар мен құзыреттердің атласын әзірлеуге тапсырма берген еді. Тиісті жұмыс жүргізіліп, аталмыш жинақ әзірленді.

«Елу жылда – ел жаңа». Заман алға жылжып, әлем дамыған сайын даму үдерісіне сай жаңа мамандықтар пайда болып, кейбіріне сұраныс азайып, келмеске кетіп барады. Мектеп түлектері мамандық таңдағанда өз таңдауына немесе ата-аналарының, туған-туысқандарының, достарының ақыл-кеңестеріне жүгінеді. Осы орайда қателес­пей, өмірде жолыңды табу аса маңызды.

Алысқа бармай, мысал үшін өзімді алайын. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ауылымызға Бақыт есімді адам көшіп келді. Өз ауылымызбен қатар көрші ауылдарға барып, теледидар жөндейтін ол аз жылда байып шыға келді. Көлік сатып алды. Әкелеріміз соны көріп, дәулетті болуы үшін теледидар жөндеуші мамандығын меңгеру керек екен-ау деген пайымға келді. Менен бір-екі жас үлкен Болат және Ренат деген ауылдастарымыз мектептен кейін Қарағандының серіктес шаһары Шахтинск қаласындағы технологиялық колледжге сол мамандыққа оқуға түсті. Әке ақылымен өзім де осы оқу орнына бардым. Әке көңіліне қарап, үш жыл оқып, диплом алдым. Бірақ бұл құжат қазір үйде шаң басып жатыр. Алған мамандық бойынша жұмыс істеуге ниет те болмады, шынын айтқанда, оқуды да қатырмадым. Мұны мамандық таңдағанда әркім қарым-қабілетіне, бейімділігіне сүйену керектігі үшін айтып отырмын. Әрине, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды да білген жөн. Жаңа мамандықтар мен құзыреттердің атласы сол үшін дайындалды.

Бұл жинақта әр сала сарап­шыларының пікірі ескеріліп, дәл қазір сұранысқа ие және жақын жылдары пайда болатын мамандықтар топтастырылған. Сондай-ақ сол салалардағы өзгеретін және жойылып бара жатқан мамандықтар кірген. Жаңа мамандықтарға оқытатын оқу орындары мен  сұранысқа ие болуы мүмкін компаниялардың тізімі берілген. Барлығы 9 сала қамтылған. Соның ішінде тау-кен металлургия кешені, мұнай және газ, энергетика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, туризм, көлік және логистика, машина жасау, құрылыс салалары бар.

Тау-кен металлургия кешені саласында 47 жаңа мамандық, 20 өзгеретін мамандық және 31 жойылып бара жатқан мамандық көрсетілген. Жаңа мамандықтар қатарында биыл пайда болады дегендерді ғана айтайық. Бұл – 3D басып шығару шебері, Big-data архитекторы, Блокчейн желілерінің әкімшісі, Digital-технолог, 3D басып шығару операторы, жабдықтардың жұмысын басқару бойынша маман, құрал-жабдықтарды жөндеу және жаңғыр­ту бойынша супервайзер, қарауыл бригадирі, өнеркәсіп кәсіпорнының (үй-жайларының) дизайнер-жобалаушысы, өнеркәсіптік оқыту геймификаторы, интеграцияланған баға маманы, IT диспетчері, IT-технолог, машиналық оқыту жөнінде маман, геологиялық барлау мен үдерістерді бақылауға арналған ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы, сатып алулар бойынша офицер, рециклинг-технолог, сенімділік бойынша инженер. Өзгеретін мамандықтарға келсек, Қазақстандағы тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіп­орындарында газбен дәнекерлеу машиналарының пайда болуына байланысты газоэлектрдәнекерлеуші мамандығы дәнекерлеуші машиналар операторы болып өзгереді. Сол сияқты жару жұмыстарын автоматтандыруға сәйкес проходкашы мамандығы проходтық комбайндарды басқару операторы болып түрленеді. Жалпы бұл саладағы мамандықтар өзгеріс­тері техниканың дамуына, жұмысты автоматтандыруға байланысты орын алады.

Саладағы жойылып бара жатқан мамандықтарға келсек, электролитті қолданбайтын аккумулятордың жаңа түрінің пайда болуына байланысты аккумуляторшы мамандығы жойылады. Сондай-ақ мұнда да техниканың дамуына, жұмысты автоматтандыруға байланысты бункерші мамандығы, 2030  жылға қарай ұста, компрессорлық құрылғының машинисі, концентраторшы, конвейер машинисі, т.с. мамандықтар жойылмақ.

Мұнай-газ саласында 37 жаңа мамандық, 7 өзгеретін мамандық, 13 жойылып бара жатқан мамандық қамтылған. Жаңа мамандықтардың ішінде осы жылы шығады деп көрсетілген көмір өңдеу жөніндегі химик-технолог, есептеу химиясының инженері, үздіксіз жетілдіру маманы, кибершабуылдан қорғаушы, жабдықтарды жаңғырту және бейімдеу жөніндегі инженер-жобалаушы, жеке оқыту бағдарламаларының әзірлеушісі, цифрлық коуч (қашықтықтағы тәлімгер), жабдықтарды жаңғырту жөніндегі супервайзер, facility менеджер, т.с.с. мамандықтар бар.

Бұл сала техниканы қашық­тықтан басқаруға көшуге байланысты кейбір мамандықтар сәл ғана өзгереді. Мәселен, кран машинисі – кран машинисі 2,0, автотиегіш жүргізушісі – автотиегіш жүргізушісі 2.0, дәнекерлеуші – дәнекерлеуші 2,0 болып қалады.

Жойылып бара жатқан мамандықтарға келсек, аналитикалық химияның енгізілуіне байланысты зертханалық ыдыс­тарға деген қажеттілік азаяды. Сол себептен зертханалық ыдыс жасаумен айналысатын шыны жасаушы мамандығы жойылмақ. Сол секілді маркшейдерлік жұмыстарды ұшқышсыз ұшу аппараттары орындайды. Сондықтан маркшейдер мамандығы келмеске кетеді.

Энергетика саласында жаңа мамандықтар қатарында энергомәдениеттердің агрономы, биоэнергетик, жасанды интеллект әзірлеу және енгізу жөніндегі инженер (Smart Grid), ғимараттар, көппәтерлі үй басқарушысы, энергетикадағы кешенді желілердің киберқауіпсіздігі жөніндегі маман, автономды энергия жүйелерін әзірлеуші-жобалаушы, т.б. мамандықтар аталады.

Осы салада өзгеретін 5 мамандық көрсетілген. Атап айт­қанда, автомобиль механигі – электромобильдер механигі, экоблогер – энергоблогер, энерготиімділік жөніндегі инженер – инженер зерттеуші, гидротехникалық құрылыстар жөніндегі инженер – гидротехникалық құрылыстар жөніндегі инженер 2.0, оператор – диспетчер болып түрленеді.

Энергия шығыны мен энергия тұтынудың автоматтандырылған жүйесіне көшуге байланысты тиісті ақпарат қажет болмайды. Сондықтан сall-орталығының операторы мамандығы жойылмақ. Сол сияқты автоматтандырылған жүйе кассир, диспетчер, энергия тұтынуды бақылаушы, әртүрлі бағыттар бойынша менеджер, түбіртекті таратушы, сынама алушы мамандықтары бұл салада болмайды.

Ауыл шаруашылығы саласында жаңа 18 мамандық көрсетілген. Бұл қатарда агрогенетик, агроном-экономист, сандық агроном, экотехнолог, сүт фермаларындағы робот технигі-мал өсіруші, ауыл шаруашылығы өндірісін автоматтандыру және роботтандыру жөніндегі инженер (агроинформатик), т.б. мамандықтар бар.

Ауыл шаруашылығын да автоматтандыру, цифрландыру, роботтандыру күтіп тұр. Соған сай кейбір мамандықтар сәл ғана өзгереді. Мысалы, балық өсіруші – балық өсіруші 2,0 болады. Басқа да осы саладағы кейбір мамандықтарға 2,0 қосымшасы қосылады.

Жаңа мамандықтар мен құзыреттердің атласынан ақпараттық технологиялар, туризм, көлік және логистика, машина жасау, құрылыс салаларындағы жаңа, өзгеретін және жойылып бара жатқан мамандықтармен танысуға болады. Жалпы елімізде кәсіптік-техникалық білімге үлкен мән берілген. Болашақ та – осы салаларда. Атластағы мамандықтар да заман сұранысына сай көрсетілген. Еңбек адамдарына деген ерекше құрмет белгісі ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Елордада екі жылдан бері қазіргі заманға сай мамандықтарды меңгеруге және бас қала тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған JOLTAP жобасы да жүзеге асырылып жатқанын атап өту керек.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button