Ел тынысы

Тау тұлғаларға ас берілді

Жақында Ерейменнің етегінде дүбірлі той, тағылымды жиын өтті. Қанжығалы қарт Бөгенбай батырдың 345 жылдық, Бөгенбай батырдың тікелей ұрпағы Саққұлақ бидің 225 жылдық, Садуақас Ғылмани ғұламаның 135 жылдық тойын ұйымдастырған ұрпақтары әруақтарға құран бағыштап, сауапты іс тындырды. Қазақ Елінің төрт бұрышынан жиылған қонақтар, соның ішінде танымал тұлғалар той дастарханынан дәм татып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Сол күні ғылыми конференция да өтіп, оған қатысушылар Ереймен елі туралы, ол жерден шыққан баһадүр бабаларымыз жөнінде орамды ойларын ортаға салды. Ас аясында өткен 25 шақырымдық аламан бәйгеде еліміздің әр аймағынан келген небір жүйрік аттар бақ сынады. Аламанда бағы мен бабы келіскен Абай елінен келген сәйгүлік суырылып алға шығып, оның қожайыны бас бәйге – автокөлікті иеленді.

Алқалы жиында құттықтау сөз сөйлеген, тұшымды пікір айтқан жандар аз болмады. Алайда, кенеттен төпелеп жауған жаңбыр сөз сөйлеушілерге мүмкіндік бермеді. Солардың бірі – Сәдуақас қажы Ғылманидың ұрпағы Ғадбул-Самат Ғалымжанұлы Кәрімов. Тектінің тұяғы, асылдың сынығының шаршы топта көпшілікке айтпақ болған ой-пікірін, ғибратты сөзін БАҚ-та толық жариялауды жөн көрдік.
Сәдуақас Ғылмани – жүректің шырағы

«Құрметті ағайын, қадірлі Ерейментау елінің азаматтары!
Мен Сәдуақас қажы Ғылмани – Сакен Қалпенің немересі боламын. Атам өзі азан шақырып қойған атым – ҒабдұлСамат.

Атам өзі туралы былай дейді:
«Мен қария – сексеннен асқан Сәкен,
Еркелетіп атапты мені әкем!
Шын атым, азан айтқан – Сағырақадыр,
Туғанмын Ерейментау, өсіп – жеткен»
Ерейментаудың қасиетті төрінде бүгін тау Тұлғалары, Ел қорғаған ерлер мен Ел іргесін сөзімен бекіткен даналарды еске алып отырмыз.
Қанжығалы Бөгенбай — ел үшін найза ұстап Батыр Ер болса,
Саққұлақ би — әділ сөзбен Ел іргесін бекіткен данышпан.

Сондай-ақ менің Атам Сәдуақас қажы Ғылмани – Сакен Қалпе – ХХ ғасырдағы қазақ халқының дін руханиятының жарық жұлдызы, діни-ағартушы, ақын, ойшыл ең көрнекті тұлғалардың бірі. Ол Хақ пен халық арасындағы көпір болған адам. Атам өз заманында жылаған жүрекке жұбанышы, адасқан жанға жарық шам болған. Кеңестік атеизмнің ауыр жылдарында Дін мен Иманның отын өшірмей, діни қызметін үзбей жалғастырып, мешіттердің сақталуына, діни білімнің тірі қалуына өлшеусіз үлес қосқан.

Сәдуақас Ғылмани – тек дін қызметкері ғана емес, терең білім иесі, шығыстанушы, ақын, аудармашы болған. Ол араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік меңгерген. Имам Ағзам Әбу Ханифа, Ғазали, әл-Фараби секілді ғалымдардың еңбектерін қазақша түсіндіріп, насихаттаған. Атамыздың ең маңызды еңбегінің бірі 5 томдық 108мың сөзден тұратын Арабша-Қазақша Сөздік, мысалы белгілі Арабша-Орысша сөздігінің көлемі – 70 мың сөз ғана.

Сәдуақас Ғылмани – 50-ден астам құнды қолжазбалар қалдырған, олар ислам діні, қазақ руханияты мен мәдениеті үшін баға жетпес мұра болып саналады. Бұл қолжазбалар – бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін рухани, тарихи және ғылыми қазына. Өкінішке орай, солардың, 5-6-уы ғана баспадан шыққан. Кеңес Одағы кезінде – 1958 жылы. «Қәлила мен Димна» Ғылым Академиясының атынан баспадан шықты. Өкінішке орай, бұл кітәп толықтай Атамның еңбегі болсада, түсініктемесінде Кітап Сәдуақас Ғылманидың көмегімен жазылған деп айтылған.

Анам әкесінің атын халыққа жеткіземін деп, тым болмаса Астана қаласында бір көшеге Атамның атын берсін деп бармаған жері, баспаған тау қалмады. 2004 жылы сол кездегі Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеджановқа барады, еңбегі ақталып осы кісі Сәдуақас Ғылмани атамызға көше атын емес мешітке атын беру керек деп ұсыныс айтып бұйрық шығарады. 2005 жылы Бас Мүфти Әбсаттар қазы Дербісәлі мен Астана Әкімінің шешімімен Астанадағы бірінші мешітке Сәдуақас қажы Гылманидың есімі берілді!

Ерейментау өңірінің ақсақалы Тасмағанбет Тәлімұлы белгілі әдебиеттанушы, ғалым Дихан Қамзабекұлына Сәдуақас Ғылманидың ұлы «Хаматқа» деп арналған қолжазбасын әкеліп береді. Сәдуақас Ғылмани атамыз әр баласына (Хамат, Үкіжан- Мұмина, Әминаға) арнап кітап жазып қалдырған. Осы қолжазбаның негізінде 2010 жылы академик,профессор Дихан Қамзабекұлы «Сәдуақас Ғылмани» деген кітәпті жарыққа шығарады. Бұл оқиға Сәдуақас Ғылмани мұрасын қайта жаңғыртуда үлкен рөл атқарды. Дихан Қамзабекұлы кейін осы қолжазбаларға сүйене отырып, С. Ғылманидың діни, әдеби және ағартушылық еңбектерін зерттеп, ғылыми айналымға енгізді. Оның жазбалары мен естеліктері арқылы көпшілік алғаш рет Ғылманидың бай мұрасымен таныса бастайды. Бұлақтың көзін ашқандай, атамыздың ардақты атын көпшілікке таныстырғаны үшін анамыз Дихан Қамзабекұлына шексіз риза болып, батасын беріп кетті.
Кейн Сәдуақас Ғылманидың 9 бөлімнен тұратын 1 томдық шығармалары «Заманымызда болған ғұламалардың ғұмыр тарихтары» деген үлкен кітап (575 парақ, 1000 дана) болып шықты. Осы маңызы зор, құнды кітапты өз қаражатына басып шығарған Бөгенбай батырдың тікелей ұрпағы, Барлыбай тегі Ерлан Қайланұлы. Анамыз Ерланға шексіз риза болып, батасын жаудырып кетті. Ерлан десе ішкен асын жерге қоятын, баласынан артық көріп қатты жақсы көретін. Осы текті адамдарға Алла разы болсын!
Сәдуақас қажы Ғылмани – иман мен парасаттың, білім мен сабырдың, ұлт пен дін тұтастығының символы. Ол – қазақтың дінін де, тілін де, рухын да аман алып өткен ерекше мұра иесі. Атамыздың өлеңдері мен өсиеттерінде имандылық, сабыр, адалдық, білім, ұлт бірлігі туралы терең ойлар кездеседі.
Сол кісінің ұрпағы ретінде ата рухын биік ұстап, аманатына берік болып, ұлттың рухани тамырын жалғастырған Сәдуақас Ғылманидың үлкен қызы Үкіжан (Мүмина) Анамыз өмір бойы әкесінің діни–рухани мұрасын сақтап, насихаттаумен айналысқан. Адамгершілігі мен қайсарлығы үшін «Ел анасы», «Абыз ана» деп аталып, есімі халық арасында ерекше құрметке ие болған. Анамыз 91жасында болса да белсенді атсалысып, қойған мақсатына жетіп 2014 жылдың 14 мамырында Сәдуақас қажы Ғылмани мешітінің жанында мұражай ашты. Музейге өзінің әкесінің жеке заттары, өмірлік және шығармашылық жолын айқын көрсететін: қолжазбалар, киім-кешек, кітапхана, фотосуреттер, , аудио-ұстаулар, тұрмыстық заттар тапсырылды.

Бүгінгі күні Сәдуақас қажы Ғылманидың Мұражайы Ұлттық рухани мұраны сақтау және насихаттау ісіндегі ірі бастама. Үкіжан Апаның да өмір жолы мен мұрасы — ұлт алдындағы үлкен еңбек, ол ұлттық мәдениетті жаңғырту мен келешек ұрпаққа үлгі.

Сәдуақас Ғылмани атамның айтып кеткен бір сөз бар:
“Білімсіз дін — соқыр,
Имансыз жүрек — құр,
Елсіз ер — тұл.”
Осы бір терең ой — бәрімізге де аманат, неге десең Сәдуақас Ғылмани – өткеннің шамы ғана емес, бүгінгі жүректің шырағы! Сөзімнің соңында “Тау тұлғалардың елі – Ерейментау” атты рухани іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз! Тау тұлғаларымызға тағзым ете отырып, еліміз аман, дініміз ардақты, рухымыз биік болғай деп тілейміз».

Төлен Тілеубай

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button