Табиғатты аялау – адамзаттың міндеті

Табиғат – жер бетіндегі тіршіліктің тұғыры, өмірдің өзегі. Адам баласы табиғаттың бір бөлшегі ғана. Сондықтан оны қорғау – әр адамның қасиетті борышы. Алайда қазіргі таңда қоршаған ортаға деген немқұрайлылық көбейіп, табиғатқа тигізіліп жатқан зиян күн өткен сайын арта түсуде.
Орманның оталуы, өзен-көлдердің ластануы, жануарлар мен өсімдіктердің жойылып кетуі – осының бәрі адамның ойланбай жасаған әрекетінің салдары. Ғаламдық жылыну, ауа райының өзгеруі, экологиялық апаттар – табиғаттың бізге берген ескертуі іспеттес. Ата-бабаларымыз табиғатты қадір тұтып, онымен үндесіп өмір сүрген. Су ішерде «суға түкірме», шөп басарда «таптама» деп, әрбір табиғи байлыққа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеген. Бұл – экологиялық мәдениеттің терең тамыры қазақ халқының салт-дәстүрінен бастау алатынын көрсетеді. Бүгінгі таңда табиғатты сақтау – тек эколог мамандардың емес, барша адамзаттың ортақ міндеті. Әрқайсымыз табиғатқа жанашырлықпен қарап, кішкентай болсын игі іс жасай білсек – үлкен өзгеріс басталады.
Табиғатты аялау үшін не істеуіміз керек?
- Қоқысты кез келген жерге тастамау
- Ағаш егу және жасыл желекке қамқор болу
- Су мен электр қуатын үнемдеу
- Пластик пен полиэтиленді азайтып, қайта өңдеуге үйрену
- Табиғи ресурстарды ысырапсыз пайдалану
- Экологиялық білім мен мәдениетті арттыру
Табиғатты сақтау – болашақ ұрпаққа аманат. Біз бүгін қоршаған ортаға қалай қарасақ, ертеңгі ұрпақ та сондай табиғатта өмір сүреді. Сондықтан табиғатқа жанашырлықпен қарап, оны қорғау – әр азаматтың адамгершілік парызы. Табиғатты аялау – адамзаттың міндеті ғана емес, ар-ождан ісі. Табиғатсыз тіршілік жоқ. Сол себепті табиғатқа қамқор болайық, оны сүйейік, сақтайық. Себебі табиғат – біздің ортақ үйіміз!
Төлеубек Нұрасыл,
11 – сынып оқушысы