Ел тынысы

«Дала үні – Домбыра» республикалық фестивалі өтті

Астанада Ұлттық Домбыра күніне орай «Дала үні – Домбыра» атты алғашқы республикалық фестиваль өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Фестиваль қалалық Дін істері басқармасының қолдауымен және «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қорының бастамасымен ұйымдастырылды.

«Бұл шара бүкіл республика деңгейінде өтуде – фестивальге еліміздің барлық өңірінен өкілдер қатысып отыр. Оның мақсаты – діни бірлестіктер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, рухани сала өкілдерін тарта отырып, ұлттық қазынамыз – қазақ домбырасын ұлықтау. Мұндай іс-шара Астанада алғаш рет өткізіліп отыр. Алдағы уақытта фестиваль жалғасын табады деп үміттенеміз. Егер биыл ол елордада өтсе, келесі жылы өзге аймақтарда да ұйымдастырылуы мүмкін», – деді «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қорының теологы Арман Нұрахметұлы.

Фестиваль Қазақстандағы түрлі діни бірлестіктердің өкілдеріне бағытталған. Ол діни сенімге қарамастан, дәстүрлі қазақ мәдениетінің біріктіруші күшін айқын көрсеткен іс-шара болды.

Мерекелік кешке 21 орындаушы қатысты. Фестиваль екі кезеңнен тұрды: домбырашылар байқауы және вокалды-аспаптық орындау конкурсы – яғни ән, терме және жырлар.

Қазылар алқасының құрамында елге танымал мәдениет қайраткерлері болды:
• Айтжан Тоқтаған – ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, домбырашы, күйші, профессор;
• Жасұлан Наурызбайұлы – Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының мүшесі, республикалық байқаулардың лауреаты;
• Сарсенғали Жүзбаев – өнертанушы, «Шалқар» радиосының бас редакторы, «Құрмет» орденінің иегері;
• Серік Сейтман – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының құрметті мүшесі, «Алқа» радиосының бас редакторы.

Фестивальге өңірлердің дін істері басқармаларының басшылары, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ елордадағы әртүрлі діни бірлестіктердің жетекшілері мен жамағаттары шақырылды.

Қонақтар мен қатысушылар үшін Астананың негізгі тарихи-мәдени нысандарына таныстырылымдық экскурсия ұйымдастырылды. Бұл елорданың мәдени мұрасымен тереңірек танысуға мүмкіндік беріп, өңіраралық және конфессияаралық байланысты достық, жылы атмосферада нығайта түсті.

Фестивальдің жүлде қоры 2 миллион теңгеден асты. Жеңімпаздар дипломдармен, алғыс хаттармен, естелік сыйлықтармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button