«Арнау» астарындағы ауыр мұң

«Air Astana» ұшағына мінген сайын жүрек қылын тербеп, тұла бойыңды шымырлатып тұрған күйге құлақ түресіз бе? Жағымды әуенді тыңдағанда «мынау қайсы күй?», «кімнің күйі?» деп ойланып көрдіңіз бе?
Қазақтың бір күйі – бір роман! Мына күй де дәл сондай! Бұл жай ғана жағымды әуен емес. Түсінген адамға бұл күйдің астарында қабырғаңды қайыстырып, жүрегіңді қан жылататын қайғы-қасіреті жатыр. Арманда кеткен боздақтардың рухына арналған күйде Екінші дүниежүзілік соғыстың мұң мен зары бар. Бұл – майдан даласындағы зеңбірек дауысы мен ана зарының арасындағы жүрек дірілі, боздақтардың аманатын арқалаған әуен.
Екінші жаһандық соғыста қазақ даласының әр түкпірінен аттанған 1,2 миллион сарбаздың жартысы қайта оралмаған. Қан кешкен қазақпен бірге қара домбырамыз да алдыңғы шепке барды, шанағын оқ тесіп, қос ішегінен қан тамып, күй болып күңіренді. Біз тілге тиек етіп отырған «арнау» сол елге оралмаған 600 мыңнан астам боздақтың бізге боздап жеткен үні, үзіліп қалған ғұмырының соңғы жаңғырығы еді.
Жамбыл өңірінің тумасы, майдангер күйші Тұраш Әбеуов соғыстың нақ ортасында жүріп, осы «Арнау» күйімен болашақ ұрпақтың жүрегіне, тарихтың таспасына өз үнін, он саусағының дірілдеген сирек сезімін қалдырды.
Тұраш Әбеуов 1922 жылы Жамбыл облысындағы Жамбыл ауданына қарасты Қыршынды деген жерде дүниеге келген. Жасынан Жетісудың ән-күйін, әсіресе, Байсеркенің күйлерін жадына жаттап, жүрегіне сіңіріп өскен ол 1938 жылы Алматыдағы театр училищесіне оқуға түсіп, 4-курстан әскерге шақырылады. Командир шенінде танк жүргізіп, алдыңғы шептегі ұрысқа қатысады. Қазір «Арнау» деп аталатын бұл күй кезінде «Лениншіл комсомол», «Қазақстан комсомолы» деп аталған. Ол кезде Тұраш атамыз командир болған болса керек, өрімдей қазақ жастарының танктің үстіне ұрандатып алдыңғы шепке кетіп бара жатқанын көргенде «айналайындар-ай, аман келулерің қиын ғой» деп қайғыдан қан жұтып отырып осы күйді жазған дейді.
Соғыс кезінде домбыра да жылады… Қазақ күйшілері сұм соғыстың зұлматын домбыра тілінде жеткізді. Сөз айтуға тыйым болған заманда күй сөйледі. Мысалы: Дина Нұрпейісованың «Жеңіс», «Ана бұйрығы», «Майдандағы ұлыма» күйлері ананың зары мен үмітінің үні болса, Мұрат Өскенбаевтың «Жеңіс» күйі 1945 жылғы жеңісті сәтке арналды, Төлеген Момбеков «Інілеріме» күйімен майдан даласындағы жауынгер бауырларына елдің аманатын, ананың тілегін, даланың тынысын күй арқылы жеткізді. Ал Мағауия Хамзиннің «Белгісіз солдат» күйі – елге оралмаған ердің артында қалған елесі мен әке жүрегіндегі өшпес жараның сөз де, тіл де жетпейтін жоқтауы. Бұл күйлердің барлығы да бір ауыр шындықты айтады: соғыс – тек ұрыстағы өлім ғана емес, ел ішіндегі үзіліп кеткен үміт, үзіліп қалған ұрпақ, тоқтаған күй.
Тұраш Әбеуовтің «Арнау» күйі «Қазақтың 1000 күйі» жинағына енген. Бірақ көпшілік бұл туындыны тыңдай тұра оның тарихынан бейхабар. Бұл күйдің «Air Astana» ұшағында орындалуы – үлкен символ. Ұшақ көкке көтерілген сайын қазақтың арманы да аспанға өрлейді, ал күй соған үн қосады.
Әр күй – бір тағдыр, бір роман. Ал соғыс жылдарындағы күйлер – қасіреттің қабырғаны қайыстырар ғазалы. Ендеше бұл күйлерді құлақпен емес, жүрекпен тыңдайық. Себебі бұл күйлер – боздақтардың дауысы, аналардың зары, халықтың қасіреті.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ