Басты ақпаратРуханият

Жексембектің жолы

Биыл аса көрнекті күйші-композитор, дарынды дирижер, Қаз КСР және КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ аясында аталып жатыр. Майталман музыкант қазақ музыкасының өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқанмен қатар, дарынды өнерпаздардың үлкен өнерге араласуына сеп болды. Академик Ахмет Жұбанов бала Нұрғисаны өнерге жетелеп әкелгендей, Атабайдың перзенті де талай таланттың жолын ашты.

Соның ішінде белгілі күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов пен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жексембек Нұржауов есімдерін атап өтсек жеткілікті. Бұл екеуі де Тілен­диевтің тәлімін көріп, шеберлігін шыңдап, бүгіндері айтулы өнерпаздарға айналды.

Ермұрат Үсенов жайлы әңгімені кейінге қалдырып, оның «Анама» атты күйін шебер шертетін Жексембек Нұржауов туралы айтайық. Күйшінің өнерге араласқанына жарты ғасырға жуықтады. П.Чайковский атындағы музыка училищесін бітіргеннен кейін Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияға түсті. Студент күнінде-ақ өнерімен көзге түсті. Оқи жүріп, қара шаңырақ – Құрманғазы атындағы академиялық оркестрде қызмет істеді.

«Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестріне тыңдау жүргізілгенде соған қатысты. Күй тартысы оркестр жетекшісі Нұрғиса Тілендиевтің өзіне ұнап, өнер ұжымына жеке орындаушы және бас концертмейстер ретінде қабылданып, домбырашылар тобын бастады. Сол уақыттан Нұрғисаның қасында, оркестр құрамында 15 жылдай жүріп, үлгі-­өнегесін бойына сіңірді. Мұнымен қоса ұстаздық жолға түсіп, өзі бітірген Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияда дәріс берді.

Тәуелсіздіктің елең-алаң тұсында Жексембек Нұржауов Әулиеата өңірінде, көне Тараз төрінде ұлттық өнердің өрістеуіне үлкен еңбек сіңірді. Жұмыс бабымен сол елге ауысып, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі болды. Филармония жанынан қазақ ұлт аспаптар оркестрінің құрылуына тікелей араласты. Сонымен қатар Абай атындағы музыка колледжінде шәкірттерді дайындады.

Еліміздегі үлкен өнер ұжымдарының бірі – Астанадағы Еркеғали Рахма­диев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі. Құрамында 100-ге жуық өнерпаз жинақталған оркестрге Жексембек Нұржауұлы жеке орын­дау­шы, бас концертмейстер қызметіне арнайы шақырылды. Басшылықтың сондағы ойы «оркестр мүшелері, соның ішінде, әрине, жастар тәжірибелі домбырашыдан үйренсін» дегенге сайды. Нұрғиса мектебінен өткен күйші астаналық өнерпаздармен білгенімен бөлісіп, күй тартудың үздік үлгісін көрсетті. Сонымен қатар Қазақ ұлттық өнер университетінде қызмет істеді.

Қазақ күйінің насихатына үлкен үлес қосып келе жатқан белгілі күйші, радио­журналист Сәрсенғали Жүзбай Жексембек Нұржауовтың күй тартысынан Тілендиевтің мәнері байқалатынын айтады. Нұрғисаның өзі де «Жексен, сен күйшілікке туған баласың. Оркестр құрамындағы басқа күйшілер бір төбе де, өзің бір төбесің» деп айтып отыратын көрінеді. Шынында, Жексембек Нұржауов шертпені де, төкпені де шебер тартады. Қазақ күй өнерінің қанша мектебі болса, соның бәрін меңгерген. Репертуарында белгілі күйлердің ел тыңдай қоймаған нұсқалары бар. Мысалы, күй анасы Дина Нұрпейісованың Жаппас Қаламбаев алып қалған «Бұлбұл» күйінің нұсқасын бірден-бір орын­даушы – ­Жексембек Нұржауов.

Кезінде оның орындауында 20 шақты күй енген «Ақ жарма» атты күйтабағы шықты. Қазақ радиосының «Алтын қорына» да 20-дай күй жазып алынды. «Отырар сазы» оркестрінде жүргенде ел аралап, талай өнер сапарына шықты. Сол кезде Қаратау өлкесіне де барды. Дәулескер күйші-композитор Төлеген Момбековтің алдында «Салтанат» күйін шертіп, автордың ризашылығы мен батасын алды.

Жексембек Нұржауовты бүгінде ескінің көзі деп айтуға болады. Қазір өмірде жоқ талай жақсымен кездесіп, үлгісін үйренді. Мәселен, көрнекті композитор, Қаз КСР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кенжебек Күмісбековпен консерваторияда қызметтес болғанда композитор Жексембектің күйшілігіне тәнті болып, «Арман» атты күйін «Жексен, осы күйді сен тартып жүрші» деп берді. Күйші бұл туындыны қазір үнемі насихаттап жүреді.

Жексембек Нұржауов белгілі күйші, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан Тоқтағаннан дәріс алса, өзі де Мұрат Нүкеев, Рүстем Жүнісов, Мұрат Әбуғазы, Нұрберген Қырғызбаев, т. б. шәкірттерді тәрбиелеп шығарды. Әлі де тұғырдан таймай, жастарға білгенін үйретіп келе жатыр. Құрманғазы оркестрінен басталып, «Отырар сазында» шыңдалған күйшілігі кемеліне келіп, Астанадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрінде тәлімгерлікке ұласқан Жексембектің жолы осындай.

Аманғали  ҚАЛЖАНОВ

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button