Руханият

Қараөткел – алаштың кіндігі

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және елорданың Мемлекеттік архиві ғылыми-әдіс­темелік кеңесінің ұсынысымен жарық көрген Жамбыл Артықбаевтың «Қараөткел құпиялары» атты зерттеу кітабының таныстырылымы Астана күні мерекесіне орайластырған рухани оқиғалардың бірі болды. Еліміздің бас қаласының өткенін тірілтіп, тарихын түгендейтін еңбек  «Қараөткел туралы ізденістер», «Есіл-Нұра – екі су», «Ерте заманның ескерткіштері», «Қараөткел тарихы» және «Қараөткелге қанаттас» атты бес тараудан тұрады. Өлкеміздің арғы тарихынан тартатын қараөткел құпияларымен газет оқырмандарын да таныстыруды жөн санадық.

Есіл – қазақ жерінен өз бастауын алатын және Ертіс арқылы Солтүстік мұзды мұхитқа жететін өзен. Сарыарқаны бір көрген адам оның қасиеті осы Есілмен қадірлі екенін біледі. Оның ұзындығы – екі мың шақырымнан астам. Ерте кезде Есілдің суы арнасынан асып-тасып жатқанын, жағасы тоғай, көк шалғын болғанын қазақтың ауыз әдебиетінен білеміз. Кенесары ханның жанында болған Досқожа жырау көтерілісшілер Сарыарқадан Жетісуға қарай ауғанда:

Бұл қоныстан кеткен соң, Көреміз бе, дүние-ай, Мына жатқан Есілдің,

Көкорай тартқан өзенін?! – деп жылап қоштасатын өзені осы Есіл.

Осындай себептерге байланысты Есілдің ұзын-ырғасындағы әрбір жары мен саласы, тоғайы мен шілігі, ежелден қазақтың қоныс салған қыстаулары мен өткелдері халықтың жадында жақсы сақталған. Мысалды алыстан іздемей-ақ қазір Петропавл атанып жүрген Қазақстанның солтүстік аймағындағы қаланың орналасқан жері ертеде қазақ заманында Қызылжар болғанын айтсақ та жетеді. Қызылжар – Есілдің орта ағысындағы ерекше тарихи топонимдердің бірі. Жалпы қазақ жерге ат бергенде ең алдымен, оның табиғи ортасын ашып көрсетуге қабілеттілігін ескереді. Себебі қазақ жеріндегі топонимдердің бәрі де мәңгілік қозғалыстағы ел үшін географиялық карта мен компас қызметін атқарады. Қараөткел атауының әлі күнге дейін елдің аузында болуы да осындай себептерге байланысты. Қараөткел атауы қазақтың жыл құсындай оңтүстік пен солтүстік арасында әрлі-берлі көшкен, ұлы меридиан саудасын жүргізген заманында қалыптасқан үлкен өткел дегенді білдіреді.

Ю.Шмидт өзінің «Очерки киргизской степи к югу от Арало-Иртышского водораздела в Акмолинской области» кітабында Қараөткелдің ені – 75 м, судың тереңдігі – 70 см, табаны тастақ Сарыарқадағы ең бір үлкен өткел екенін жазады (Шмидт, 1894, с.128). Сіздер ортағасырлық сауда керуендерін немесе көшкен елді көзге елес­тетіп көріңіздер, кемі мыңдаған жүк тиеген түйелер мен күйме-арбалар. Мұндай жағдайда міндетті түрде өткелдің табаны тастақ болуы керек, әйтпесе өзен ми-балшыққа айналып, одан өту мүмкін болмайды. Кейбір жазушылар жазып жүргендей, «Қараөткел» атауын ХVІІІ ғасырдағы жаугершілік заманмен немесе Қанжығалы қарт Бөгенбайдың сүйегін Әзірет Сұлтанға алып бара жатқан қаралы көштің осы жерден өтуімен байланыстыру қисынсыз. Оған бір себеп – Қараөткел маңындағы сақ, ғұн, түркі замандарының толып жатқан қорған обалары мен қалалық қоныстары. Қараөткел Қазақ хандығына дейінгі заманында Ұлы даланың ірі сауда орталықтарының бірі болған жер, яғни атау сол замандарда пайда болған. Қаланың іргетасында керуен сарайлар мен қолөнер орталықтары, саудагер қауымдардың отырықшы қоныстары, мешіттер мен мектеп орындары жатыр. Біз тым әріге бармай-ақ ХІХ ғасырдың басындағы жазба деректерді қарастырып көрейік.

Подполковник Шубиннің Омбы облысының бастығы генерал-лейтенант де Сент-Лоранға Ақмола сыртқы округін ашу туралы 1830 жылғы рапортынан:

«Место сие состоит над самой рекою Ишима, и оно безопасно от наводнения во время весны, где весьма можно свободно расположить построение казенных зданий и подле онаго пролегает караванная дорога, по которой из всех мест как то – Бухарии, Ташкении, Кокании, с Семи рек и прочих азиатских владений проходят торговцы с караванами на Петропавловск и из оного в те владения. Караваны сии имеют стечение всегда при урочище Карауткуль, которое отстоит от предпологаемого места только в 4 верстах. Они находятся тут по одному месяцу, а иногда и с половиною, разменивают один другому свои товары и напоследок так случается, что некоторые сбыв избыток свой или товар возвращаются в свои отечества».

Тәжірибелі орыс офицерінің жаңа ашылып жатқан округке (дуан) Қараөткелді ұнатқанын осы жазбадан-ақ білуге болады. Бір қызығы, округ орталығы 1832 жылы Қараөткелден емес, осы жерден 25 шақырым оңтүстік- шығысқа қарай, Нұраның оң жағасындағы Тайтөбеден ашылды. Осы төбенің басында тұрған Ақмола қарауыл мұнарасы жаңа округтің атауына айналды.

«Қараөткел құпиялары»

 кітабынан алынды

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button