Елорда тынысы

Елорда – медициналық туризм орталығы

Былтыр елордаға келген шетелдік пациенттердің саны екі есеге артты. Осылайша, Астана қаласы медициналық туризм саласының қарқынды даму кезеңіне өтті деуге болады. Медициналық қызмет алған шетелдік азаматтар саны 4 500-ден асқан. Бұл көрсеткіш – елорданың халықаралық медицина нарығындағы беделінің бір көрінісі.

Мамандардың айтуынша, шетелдік пациенттер кардио­хирургия, нейрохирургия, онкология, ЭКО, ортопедия мен стоматология бағытын таңдаған. Астанадағы жетекші клиникалар жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілгендіктен, халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетеді. Бүгінде қаламызда  аккредитациядан (JCI) өткен 7 халықаралық клиника жұмыс істейді.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, медициналық туризмге сұраныс негізінен ТМД елдерінен – Өзбекстан, Қырғыз­стан, Ресей және Моңғолиядан келетін науқастар тарапынан жоғары. Сондай-ақ Түркия, Германия мен Таяу Шығыстан келушілер де жоқ емес.

2024 жылы UMC клиникалар желісінің өзінде ғана 2 000-нан астам шетелдік пациент ем қабылдаған. Бұл – Астананың денсаулық сақтау жүйесі өңірлік хаб ретіндегі әлеуетінің нақты айғағы. Алайда саланың дамуымен қатар, бірқатар өзекті мәселелер де барын айтуымыз керек. Атап айтқанда, шетелдік пациенттерге бағытталған сервистік қызметтің жеткіліксіздігі, тілдік тосқауыл, медициналық сақтандыру жүйесінің толық іске қосылмауы – тез арада  шешуді қажет  ететін мәселелер. Осыған байланысты, Астана қаласының әкімдігі мен денсаулық сақтау ұйымдары медициналық туризмді қолдау және дамыту мақсатында нақты шаралар қабылдауда. Соның ішінде, шетелдік пациенттерге арналған қызмет көрсету стандарттарын енгізу, ақпараттық және логистикалық қолдау механизмдерін дамыту және алдағы жылдары Астанада жаңа перинаталдық орталықтар, көпбейінді ауруханалар мен емханалар салынатын болды. Бұл өз кезегінде тек ішкі сұранысты ғана емес, халықаралық медициналық туризм аясындағы қажеттілікті де өтеуге мүмкіндік береді.

Жаңа нысандар бой көтермек

Бас қалада халық саны жыл санап артып келеді. Қаланың Бас жоспары бойынша жүргізілген демографиялық болжамға сәйкес, 2035 жылға қарай елорда тұрғындарының саны 2,3 миллион адамға жетеді деп күтілуде. Алайда соңғы жылдары денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылым халық өсіміне ілесе алмай отыр.

«2015 жылдан бері елордада бірде-бір ірі медициналық нысан салынбаған. Осы уақыт ішінде қала халқы 800 мыңнан 1,5 миллион адамға дейін көбейіп, шамамен екі есеге артты. Нәтижесінде, бүгінде ауруханаларда төсек-орын жетіспеушілігі өткір мәселеге айналды» дейді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова. Жалпы, 2027 жылға қарай қосымша 1400 төсек-орын қажет болады екен.

«Елордалық емханалар шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеуде. Жобалық қуаты бір ауысымда 11 мың адамды қабылдауға есептелген емханалар бүгінде 30 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетіп отыр. Осы жағдайды ескере отырып, қала әкімдігі алдағы үш жылда 12 жаңа денсаулық сақтау нысанын салуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 2 перинаталдық орталық, жаңа көпсалалы аурухана, №2 қалалық көпбейінді аурухана жанынан қабылдау-­диагностикалық кешен, 2 мемлекеттік және 3 жекеменшік емхана, және 3 жедел жәрдем қосалқы станциясы бой көтермек» дейді басқарма басшысы.

Мамандардың айтуынша, бұл жобалар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға айтарлықтай әсер етеді. Сонымен қатар, денсау­лық сақтау саласының ұзақ мерзімді дамуына да серпін бермек.

Халық денсаулығы жақсарып келеді

Бүгінде елордамыздың денсаулық сақтау саласында 11 мыңға жуық медицина қызметкері еңбек етуде. Олардың қатарында дәрігерлер, орта буын медбикелер мен кіші медициналық персонал бар. Бұл – әрбір астаналықтың өмірі мен саулығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген мамандар.

Медицина қызметкерлерінің еңбегі мен кәсіби шеберлігінің арқасында медициналық көмек қолжетімді. Мұны нақты көрсеткіштерден көруге болады. Мысалы, өткен жылдың өзінде туберкулез, қан айналымы жүйесі аурулары, жарақаттар, улану және түрлі жазатайым жағдайлардан болатын өлім-жітім көрсеткіші айтарлықтай төмендеді. Сонымен қатар, өкпе ауруының бастапқы аурушаңдық деңгейі де азайған.

«Медициналық қызмет сапасының артқанының бір дәлелі – стратегиялық маңызды көрсеткіштердің бірі болып саналатын орташа өмір сүру ұзақтығының 78 жасқа жетуі. Бұл – еліміз бойынша белгіленген жоспарлы көрсеткіштен 3,5 жылға жоғары. Бұл нәтижелер елорда тұрғындарының денсаулығы жақсарып келе жатқанын және атқарылып жатқан шаралардың тиімді екенін көрсетеді» дейді Әлия Рүстемова.

Атап өткен жөн, қала билігі медициналық инфрақұрылым мен материалдық-техникалық базаны жақсартуға да ерекше көңіл бөлуде. Жедел жәрдем қызметінің жеделдігін арттыру үшін 47 жаңа көлік сатып алынды. Қазіргі таңда автопарктің қамтылуы 85%-ды құрап отыр. Бұл – халыққа көрсетілетін шұғыл медициналық көмектің қолжетімділігін арттырған маңызды қадам.

Сондай-ақ соңғы екі жылда 70-тен астам резидент дәрігер жұмысқа қабылданса, биыл денсаулық сақтау жүйесіне тағы 100 жас маман қосылады деп жоспарланып отыр.

Дәрігерлерді қолдау – ерекше назарда

Президент тапсырмасына сәйкес, медицина қызметкерлерін қолдау ерекше назарда. 2025 жыл – Еңбекші мамандықтар жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай, орта буын медицина қызметкерлерін қолдау мақсатында тәлімгерлік бағдарламалар іске қосылып, сестриналық практика кеңейтіледі.

Медицина саласындағы әлеу­меттік қолдау да назардан тыс қалған жоқ. Былтырдың өзінде 51 медицина қызметкері тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Алдағы екі жылда 400 медицина маманын жатақханамен қамтитын екі жаңа нысан салу жоспарланған. Астананың денсаулық сақтау саласындағы жүйелі жұмыстары елорданың ғана емес, жалпы ел медицинасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталып отыр.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button