Қоғам

«Астана – болашақтың қаласы»

Елордадағы М.Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясында оқушыларға арналған «Астана – болашақтың қаласы» танымдық-шығармашылық фестивалі ұйымдастырылды. Іс-шара Астана күні қарсаңында өткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Фестивальдің мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлттық мәдениетке құрметті қалыптастыру, тарихи дәстүрлерді жаңғырту, оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілетін дамыту.

Қатысушылар үшін бірнеше тақырыптық алаң жұмыс істеді. Киіз үйде балалар жіп иіру, тоқыма, жүн, қамыс және моншақпен жұмыс істеу сияқты дәстүрлі қолөнер түрлерін меңгерді. Тағы бір алаңда олар ұлттық ойындар – бес тас, асық ату, тоғызқұмалақтан сайысқа түсті.

STEM аймағында оқушылар робот құрастырып, инженерлік жобалар жасап, бағдарламалау бойынша өздерін сынап көрді. Сондай-ақ «Менің Астанам» макеттер көрмесі, «Астанадағы бір күн» атты видео көрсету, интеллектуалды ойындар мен концерт ұйымдастырылды.

«Этнолагерьдің басты мақсаты – өскелең ұрпаққа ұмыт бола бастаған қазақ дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын жеткізу, ұлттық құндылықтарды насихаттау және дәріптеу. Осы мақсатта лагерь жыл сайын мектебіміздің базасында өткізіледі», – деді №86 мектеп-гимназиясының директоры Гүлмира Оразбекова.

Этнолагерь аясында онға жуық үйірме мен шеберлік алаңы жұмыс істейді, олардың қатарында «Әжелер мектебі» де бар. Онда әйелдер балаларға дәстүрлі қолөнер түрлерін үйретіп, өз білімдерімен бөлісіп, тәрбиелік жұмысқа атсалысады.

«Ұрпақ тәрбиесін ұлттық дәстүрлер негізінде жүргізудің маңызы зор. Біз балаларға тек дағдылар мен білім беріп қана қоймай, ұмыт бола бастаған мәдениет элементтерін қайта өмірге әкеліп жатырмыз. Бұл ретте мектебіміз дәстүрлерді жаңғырту орталығына айналды», – деп атап өтті «Әжелер мектебінің» төрайымы Назгүл Абдрахманова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль балаларды ұлттық мәдениет пен шығармашылыққа баулуға арналған тәрбие мен даму бағытындағы кешенді бағдарламаның маңызды бөлігіне айналды.

 

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button