Есірткі қылмысына қарсы күрес қалай жүруде?

Елордада есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың баламаларының заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған ауқымды шаралар жалғасуда. Астанадағы есірткі ахуалы, анықталған қылмыстар, профилактикалық жұмыс және есірткіге қарсы күресте қолданылып жатқан цифрлық технологиялар туралы қалалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының бастығы Олжас Жаппаров, қалалық ПД ЕҚҚІБ аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Әлия Қибатқызы және Астана адвокаттар алқасының адвокаты Мерхат Ахметолдин баяндады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бүгінде есірткінің заңсыз айналымы – ең өзекті және трансұлттық қауіптердің бірі. Цифрлық технологиялардың дамуы есірткінің Telegram, Element, Instagram, OLX сияқты платформалар арқылы таратылуына, криптовалюта арқылы есеп айырысуға және есірткі зертханаларын құруға жол ашып отыр. Мұндай зертханалардың кейбірі Астана аумағында да анықталған.
Қылмыстардың басым бөлігі «жасырып кету» («закладка») арқылы жасалады. Бұл жаңа әдістерге бейімделіп, анықтау мен тосқауыл қою тәсілдерін жетілдіруді талап етеді.
«Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы (1 маусым – 31 қазан):
• есірткі таратқан 42 Telegram-арна бұғатталды;
• 50 млн теңге көлеміндегі қолма-қол қаражат пен 5 000 доллар көлеміндегі криптовалюта тәркіленді;
• басқа өңірден Астанаға синтетикалық заттар жеткізген бір есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды;
• есірткі жарнамасы туралы тұрғындар анонимді түрде хабарлай алатын Telegram-бот іске қосылды (екі азамат марапатталды);
• 600 сайттың қызметі бұғатталды.
Астана қалалық Полиция департаментінің бастамасымен Smart Astana қосымшасында «Есірткіге – ЖОҚ: Хабарлама жібер» сервисі іске қосылды. Оның көмегімен азаматтар қаладағы граффити, парақшалар мен интернет-дүкендер туралы ақпарат жолдай алады. Жедел әрекет ету жүйесі есірткі жарнамасын қысқа мерзімде жоюға және хабар берушіге қабылданған шаралар туралы мәлімет беруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Астана – есірткісіз қала» жоспары аясында мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, волонтерлер мен спорт ұйымдарының қатысуымен жүйелі алдын алу жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылдың басынан бері 374 іс-шара өткізілді, оның ішінде дәрістер, семинарлар, спорттық акциялар және дөңгелек үстелдер бар.