ЕҰУ да Корпоративтік басқару саласының сарапшысы дәріс оқыды

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Executive MBA бағдарламасы аясында Директорлар институтының (Ұлыбритания) және Freedom Holding Corp компаниясы Директорлар кеңесінің мүшесі Филипп Вогелеер дәріс оқыды. Ол заманауи сын-қатерлер мен корпоративтік басқарудың үздік әлемдік тәжірибелері туралы өз көзқарасымен бөлісті. Дәріске басқару саласындағы оқытушылар, студенттер мен сарапшылар қатысты. Іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова ашып, ҚР Мемлекет және қоғам қайраткері Қайрат Келімбетов, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Бақытжан Әбдірайым құттықтау сөз сөйледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Дәріс барысында Филипп Вогелеер мұнда жиналған профессорлар, студенттер және саланың алдыңғы қатарлы сарапшылары елдің әрі үкіметтің болашағын қалыптастыратын тұлғалар екендігіне тоқталды. Сонымен қатар, алғаш рет төменгі қабаттағы музеймен таныстыруға мүмкіндік берген адамдарға шексіз ризашылығын жеткізе келіп, бүгінгі іс-шараға шақырған ұйымдастырушыларға және Ұлттық академия мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне осы университеттің дамуына үлес қосуға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді.
– Бүгін MBA бағдарламасының алғашқы түлектері дипломдарын алып отыр. Бұл – тек осы университет үшін ғана емес, еліміз үшін де, халықаралық деңгейде де маңызды жетістік.Мен білім беру – бұл даму мен табыстың кілті екеніне сенемін. 30 жылдан астам уақыт бойы білім беру қызметімен айналысып келемін, сондағы байқағаным, сапалы білімсіз алға ілгерілу мүмкін емес,-деді ғалым.
Ол сондай-ақ бұл бағдарлама түрлі мәдени және кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік беретінін және ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес дайындалғанын, қазіргі заманғы білім беру моделі – бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде көшбасшыларды тәрбиелеуге бағытталған стратегиялық платформа екенін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда корпоративтік басқару тілі – жаһандық бизнес қоғамдастығында бірыңғай тілге айналғаны, осы ретте, бір ғасырдан астам тарихы бар Директорлар институтының қызметі корпоративтік басқару қағидаттарын ортақ түсінуге жол ашатынын жеткізді. Ол сондай-ақ Қазақстандағы корпоративтік басқаруды дамытуға зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Қайрат Келімбетовке және Қамқоршылық кеңесіне алғысын білдіре келіп, бұл бағдарламаның түлектері өздерінің кәсіби мамандықтарына лайықты әрі бүгінгі нәтижелер – еліміздің дамуына қосқан еңбектерінің жемісі екенін атап өтті.
Филипп Вогелеер дәріс оқу барысында қазіргі басқару жүйесінің негізгі мәселелеріне тоқталды.
«Бүгінгі әлемде, өкінішке орай, кейбір адамдар күш пен зорлық-зомбылық арқылы қиындықтарды шешуге болады деп ойлайды. Бірақ мен бұл пікірмен келіспеймін. Білім мен ынтымақтастық – тұрақты дамудың басты кілті.Менің тәжірибем бойынша, жас буын зорлық-зомбылыққа қарсы. Олар ашық, әділетті және тұрақты болашақ құруға ұмтылады. Бұл жастар сапалы білім алып, өз елінің дамуына үлес қосқысы келеді.Біз барлығымыз бірлесіп тиімді командалар құрып, мемлекет пен қоғам үшін берік негіз салуымыз қажет»,- деді ғалым.
Ол сондай-ақ технологиялар мен тұрақты даму мәселелеріне де тоқталды. Өзінің соңғы 30 жылын жоғары технологиялар саласында жұмыс істеуге арнағанын айта келіп, технологиялар әлемді дамытудың ең тиімді құралы екенін және БҰҰ-ның Тұрақты Даму Мақсаттары (ТДМ) – бұл әлемдік деңгейде барлық елдерге ортақ 17 мақсат екенін қадап айтты.
Егер мемлекет тек білім саласында табысқа жетіп, бірақ басқа салаларда артта қалса, бұл жеткіліксіз, барлық бағыттарда үйлесімді даму қажет деп есептейді ғалым.
Корпоративтік басқару саласы сарапшысының айтуынша, ТДМ-ның 70%-ын технологиясыз жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан мемлекеттер мен ұйымдар технологияларды белсенді енгізуі тиіс. Технология – бұл әрдайым прогреске апаратын жол.
Цифрлық технологиялар, интернет және қауіпсіз байланыс құралдары – мемлекеттердің ұзақ мерзімді даму стратегиясының негізгі элементтері болуы қажет. Мысалы, Қазақстандағы кең жолақты интернетке қолжетімділік деңгейі 40-50% шамасында. Заманауи білім беру сапалы интернетсіз мүмкін емес.
Даму жоспарлары нақты және барша азаматқа бірдей қолжетімді болуы тиіс. Бұл тек ірі қалалармен шектелмей, шалғайдағы ауылдық аймақтарға да жетуі қажет. Егер даму тек Астана сияқты ірі қалалармен шектелсе, бұл әділеттілік болмайды.
Цифрлық тәуелсіздік – қазіргі уақытта аса маңызды мәселе екенін атап өтті ғалым. Бұл – елдің цифрлық қызметтер мен ақпараттық жүйелерге сыртқы саяси тәуелділігін азайтуға бағытталған стратегия деп есептейді ол.
«Соңғы жылдары кейбір елдер сыртқы байланыс арналарына шектеу қойып, азаматтардың электрондық поштаға немесе мессенджерлерге қолжетімділігін шектеді. Сондықтан Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін цифрлық тәуелсіздікке ұмтылу аса маңызды.Орталық Азия – планетаның географиялық орталығы. Бұл өңір цифрлық дәліздердің дамуында стратегиялық рөл атқара алады», – дейді ғалым.
Дәріс соңында университеттің Ғылыми кеңес шешімімен Филипп Вогелеерге корпоративті дамытуға қосқан үлесі үшін ЕҰУ-дың Құрметті профессоры атағы берілді.