Ел тынысы

7 мыңға жуық бала ваучермен қамтылды

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Абай облысына жұмыс сапары аясында бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, өңірдегі мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы жұмыстармен танысты. Сапар барысында министр бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысын пысықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

2025 жылдың наурыз айынан бастап Семей қаласындағы 73 балабақшада ваучерлік қаржыландыру жүйесі пилоттық жоба ретінде енгізілді. Қазіргі таңда 7 мыңға жуық бала мектепке дейінгі біліммен қамтылып, балабақша кезегі 20 пайыз қысқарған. Мысалы, «Балдәурен» балабақшасында осы уақытқа дейін 320 ваучер берілген. Мекеме директорының айтуынша, бұған дейінгі қабылдау процесінде ата-аналар түрлі қиындықтарға тап болған.

«Бұрын балабақшаға жазылу кезінде электронды кезек ұзаққа созылып, мекенжай жағынан теңсіздік туындайтын. Орын бөлу ашық болмайтын. Ал ваучерлік жүйе бұл жағдайды өзгертті. Енді ата-аналар өз баласына ыңғайлы балабақшаны өзі таңдай алады. Қабылдау тәртібі ашық, әділ және қолайлы болды», – деді балабақша директоры Айгүл Құрманбаева.

Министр балабақша жұмысымен таныса отырып, екі маңызды мәселе – балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиешілердің біліктілігіне назар аударды. Соңғы алты жылда балабақшаға кезек бес есе қысқарса, ваучерлік жүйе енгізілгелі бұл көрсеткіш тағы 44 пайыз азайған. Дегенмен, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі әрдайым басты орында болып қала береді.

«Мемлекет баланың өзін қауіпсіз сезінуі үшін барлық жағдайды жасап отыр. Балаларға қатыгездік таныту – мүлде жол берілмейтін жағдай. Мемлекеттік немесе жекеменшік болуына қарамастан, барлық мектепке дейінгі ұйым басшылары балаларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға толық жауапты. Әрбір құқықбұзушылық дерегі жеке қаралады», – деді Ғани Бейсембаев.

Қазіргі таңда елімізде 11,6 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым бар. Онда 100 мыңға жуық тәрбиеші жұмыс істейді. Мемлекет жыл сайын 3–5 мың тәрбиешінің біліктілігін тегін арттыруды қамтамасыз етіп келеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button