Мәселе

«Ң» қайда кетті

немесе «жана» дәуірге аяқ бастық па?

Үйіміз мектепке жақын болғандықтан, мектеп ауласында өткен түрлі мерекелік думандардың дауысы алдымен бізге жететін. Бір қарағанда жақсы-ақ. Бірақ кешегі іс-шара көңілге кірбің түсірді. Жүргізуші мұғалім: «Балалар, жанағы әнді қайта айтамыз», «Мен жана не дедім?» деп қайталай бергені көңілден бұрын құлаққа түрпідей тиді.

Оқытушы әрі мектеп сахнасынан сөйлеп тұрған соң, қазақ тілінің мәйегін бұзбай, тазалығын сақтаса нетті?! Бірақ бұл тілдік қателік бүгінгі мұғалімдер үшін таңсық болмай қалғаны анық. Бұл – жай ғана жаңсақ айту емес, төл дыбысымыз – «ң» әрпінің жоғалып бара жатқанының нақты көрінісі. Шынын айтсам, қазақша мүдірмей сөйлейтін өз балам да сол мектепке барғалы «ң»-ын жоғалтып, «ыңқылдап» сөйлейтінді шығарды. Бір айдай жағаласып жүріп, әріптің орнын әрең таптық. Бұл – күлкі емес, күрсінерлік жағдай.

Қазір мұғалімдер ғана емес, жүргізуші, журналистер арасында «ң» дыбысын айта алмайтындар көбейіп барады. Ең сорақысы – мұндай сөйлеу мәнері «Жаңа Қазақстан», «Жаңа жыл» сияқты ресми ұғымдарға да еніп үлгерді. Экраннан, сахнадан «ЖА-НА» деп айтқан сайын жүрек шымырлайды.

Қазақ тілінің төл дыбысы саналатын «ң» түбір сөздердің құрамында жиі кездеседі (таң, тең, тоң, көң, тың, жең, мең, сең). Ның/нің, -дың/дің, -тың/тің, -ың/ің, -сың/сің түрінде қосымшаларда да жиі кездеседі. Қазақ тілінің осы бір дыбысының ерекшелігін ескермей, «Тәнертен көніл күйім бұзылып, сен соққандай есенгіреп қалдым» деп «ң»-сыз сөйлесе, сөзде не қадір, сөйлемде не мағына қалады? Есеңгіреп, сандалып қалды деген мағына беретін «сең соққандай» деген сөзді «ң»-сыз айтсақ, сөздің мағынасы бүкілдей өзгеріп кетпей ме?! Демек, «ң» – қазақ тілінің ішкі құрылымын сақтап тұрған дыбыстық тірек. Ендеше «ң»-ды айта алмау – төл сөзіміздің бұрмалануы ғана емес, түсініктің өзгеруі, тамырдан ажырау. Ғалымдар «егер әдістемелік құралдарда «ң» дыбысының артикуляциясы дұрыс түсіндірілмесе, болашақта бұл дыбыс мүлде жойылып кетуі мүмкін» деп дабыл қағып келеді. Түрік тілінде де дәл осылай болған – арнайы таңбасы болмағандықтан, ұрпақ тілінен жоғалып кеткен. Украин тілінде де «ң» болған, кейін жоғалтып алған деген дерек те бар.

Қазақ тілінде сөз басында кездеспейтін бес дыбыстың (р, й, у, л, ң) бірі осы «ң» дыбысы (ңөң-ты есепке алмағанда). Сондықтан да оның әліпби атауы «ңы» емес, «ың» болатынын кезінде А.Байтұрсынұлы ескертіп кеткен. Ендеше тіліміздің табиғатын сақтап қалғымыз келсе, әр әріптің мәнін, әр дыбыстың қызметін дұрыс ұғуымыз керек. Теледидардан «кен дала», «Жана Қазақстан» деп «ң»-сыз жазып, жас ұрпақты соған үйретсек, ертеңгі ұрпақ қазақ тілін қазақша емес, шала сөйлеуді «норма» деп қабылдайды. Осы тұрғыдан алған ең үлкен жауапкершілік алдымен ұстазда, журналисте, жазарман мен сөйлерменде. Яғни жауапкершілік бізде.

Әліпбидегі әр әріп – ұлттық код. «Ң» – қазақтың үні. Сол үн өшсе, ұлт үнсіз қалады. Абай болған абзал!

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button