Қоғам

Астанада велошеру қатысушылары мәре сызығынан кейін қоқыс жинады

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Астанада жаппай велошеру өтті. Оған елорда тұрғындары мен қонақтарынан құралған 500-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бұл велошерудің мақсаты – қоғам назарын табиғатты қорғау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәселелеріне аудару болды. Шеруді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды.

Қатысушылар айналма веложолдан Қосшы қаласын бетке алып, «Үркер» (Ильинка) тұрғын алабындағы «Жасыл белдеу» саябағында мәреге жетті. Олар жалпы 25 шақырымдық қашықтықты еңсерді.

Мәреге жеткеннен кейін қатысушылар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдап, аумақты қоқыстан тазартуға атсалысты.

«Бұл жарыс емес – мұнда бастысы жеңіс емес, қатысу, азаматтардың белсенділігі мен табиғатқа деген жанашырлығы. Қуантатыны – көпшілік үн қатып, мәреден кейін бірден тарамай, аумақты ретке келтіруге көмектесті», – деді Астана қаласы спорттық-бұқаралық іс-шаралар дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Велошерудің ең жас қатысушысы – 7 жастағы Әли болды. Ол бұл шараға әкесімен бірге келді.

«Велошеруге әкеммен бірге келдім. Ол мұндай шараларға жиі қатысады және мені үнемі ертіп жүреді. Біз жиі бірге тебеміз – бұл біздің сүйікті ісіміз! Бүгінгі маршрут өте керемет болды, мен шаршаған жоқпын. Мұнда келгеніме қуанып отырмын, бәрі көңілді өтті, велосипед мінген адамдар өте көп болды!» – деді Әли.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button