Ертегіге елти ме ұрпақ?

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Әжемнің ертегілері» клубының ұйымдастыруымен ерекше форматтағы шығармашылық іс-шара – «Ертегі – әдеби мұра» атты ертегітерапия сағаты өтті.
Ертегітерепия сағатын «Ертегітерапия» жобасының авторы, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершу өткізді. Іс-шараға кітапхана оқырмандары, ата-аналар және олардың балалары қатысты. Жиналған қауым, әсіресе балалар, ертегі әлеміне сапар шегіп, әсерлі әрі тәрбиелік мәні зор жиынға белсене қатысты.
Бағдарлама барысында, ең алдымен, экран арқылы ертегілердің сахналық қойылымы көрсетілді. Балалар ертегі кейіпкерлерінің іс-әрекетін көріп, қызығушылықпен тамашалады. Осы көріністер арқылы олардың қиялы оянып, ішкі сезімімен жұмыс істей бастады. Кейін балалар сол ертегіде көрген кейіпкерлердің қимыл-қозғалысын қайталап, өзара диалог құрып, рөлдік ойындар арқылы ертегі мазмұнын жандандырып жеткізді.
Жоба авторы Маржан Ершу балаларға ертегілердің терең мағынасын, олардың тәрбиелік және рухани құндылығын түсіндірді. Ол әр баланы ертегі кейіпкерінің рөліне енгізіп, сахналық қойылым арқылы жақсылық пен жамандықтың, адалдық пен аярлықтың айырмашылығын көрсетті. Осылайша балаларды ізгі, мейірімді, шыншыл, жақсы азамат болуға үндеді. Ал қатысушылар бұл тәсіл балалардың бойындағы адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға үлкен ықпал ететінін айтып, ризашылығын білдірді.
Ертегітерапия – бұл халық ауыз әдебиетінің даналығы мен заманауи психология, педагогика, мәдениеттану және философия ғылымдарының тоғысында дамыған шығармашылық және тәрбиелік әдіс. Ол баланың жан дүниесін байытып, оның рухани, эмоционалдық дамуына ықпал етеді. Ертегі арқылы бала өзінің ішкі сезімін танып, оны сөзбен жеткізуге үйренеді, сондай-ақ қоршаған ортамен үйлесімді қарым-қатынас орнатуға машықтанады. Бұл әдіс баланың креативті ойлау қабілетін дамытып, оның эмоционалдық интеллектісін арттырады.
Іс-шара барысында қатысушылар ертегітерапияның қолдану әдіс-тәсілімен танысып, ертегілердің баланың тәрбиесіне және психологиялық саулығына әсері туралы көптеген тың мәлімет алды. Сонымен қатар ертегілердің тілдік, мәдени және рухани маңызы, олардың заманауи қоғамдағы орны мен қолдану аясы жайлы өзекті ойлар ортаға салынды.