Адамдық қарызы

Жақында Хакімнің қолына испан жазушысы Мигель де Сервантестің «Дон Кихот» романы түскен. Қарап отырса, әділеттілік талабы барша адамзаттың зиялысын толғандыратын көрінеді.
Соңғы жылдары қыс маусымын Семейде өткізу Абайдың әдетіне айналып еді. Қалада тоқтайтын үйі – Әнияр Молдабаевтың екі қабатты, еңселі баспанасы. Осының жоғарыдағы кең бөлмесі дәйім ақынның келген кезіне дайын тұрады. Жерлес азаматтың үй сатып алуына өзі бас болып, ұлдары қостап, ақшалай жәрдемдескендері жұртқа мәлім.
Күндізгі уақыты көбінесе кітапханада өтеді. Тек кешкісін жақын-жуықпен үйде кездесіп, аз ғана мәжілістес болады. Бұдан соң, басы қашан жастыққа тигенінше оқыған-тоқығанынан ой қорытып, қаламы қолынан түспейді. Осыны білетіндер ел ағасына көбінесе кешкі шайдан кейін жолығысады. Шұғыл шаруасы барлар ғана кітапханаға іздеп барады.
Әкесі Құнанбай бозбала жастан елдің қызметіне «жегіп», билігіне жүгінген жұрттың оған разы екеніне семейліктер біршама қанық. Орыс зиялысы Михаэлиспен кездейсоқ таныстық та «білмекке құмар, үйренуге тоймайтын» қасиетінің арқасы еді. Евгений Петровичке де өзінен 6-7 жас қалыс азаматтың алғыр мінез-құлқы, адамға сергек көзқарасы жағымды.
Ол ұсақ-түйек, еспе сөзден аулақ, әдебиет пен мәфдениет, білім мен ғылым жайына қызығатын ақынға іш тартып тұрады. Өзара емен-жарқын әңгімеден бойының сергіп қалатынын байқайды. Семейде болған кезінде, оның кітапханаға күн аралатпай келетінін де біледі. Михаэлис орыс пен Еуропа әдебиетінің жаңа шығармаларын үзбей оқып, қадағалап отырады.
Сондықтан зиялы қауым бас қосқан ортада ақын-жазушылардың тың туындылары туралы айтуға бейіл. Бірақ сөзіне ықылас қоятын тыңдаушысы азырақ. Әйтеуір, осы бір қазақ азаматы жаңағы олқылықтың орнын толтыра түскендей еді. Ақынның қалада болғанында, оны ұзағырақ көрмей қалса, іздеп тұратын әдет табады.
Әсіресе, Пушкин мен Лермонтовтың поэзиясы жайында сөз қозғалғанда Абайдың жүзі жадырап сала береді. Соған орай ұнатқан ақындарының шығармаларын да тәп-тәуір біледі. Орыс досы, поэзияға деген ықыласын байқаған соң, оны Некрасов пен Крылов, Белинский мен Гоголь және басқаларымен «таныстыруға» ынта қояды.
Қазақ ақынымен әдебиет туралы әңгіменің ара-арасында тұрғылықты ол қарапайым халықтың тіршілігін жақынырақ біле түсуге құмар. Өз тұсынан орыс шаруасы мен жұмысшысының ауыр тұрмысын тілге тиек етеді. Михаэлис, тіпті, қазақ пен орыстың бай-бағыланы мен жарлы-жақыбайының хал-жайы туралы айтқанында шешен болып кететіндей.
Алайда екеуі саясат жайлы әңгімені, өзара келісіп алғандай, көпке созбайды. Біріне-бірінің зияны тиіп кетуінен сақтанады. Әділет пен шындыққа жету түгілі, бұл туралы сөз қозғаудың зардабын саяси көзқарасы үшін жер аударылған орыс досы бір кісідей-ақ біледі. Надандықтың кесапаты, болыс пен бидің өктемдігі туралы сөзге де таңданбайды.
Сондықтан жандарына бататын мәселеден бой тартып, әдебиет пен мәдениет жайында кең отырып, ой бөліседі. Абайдың, әсіресе Шығыс әдебиетінің Фирдоуси, Науаи, Физули секілді атақты шайырлары туралы әңгімесі құлағының «құрышын» қандырады. Оның жақсы өлең жазуға деген арманына, оқу мен білімқұмар мінезіне қайран қалады.
Ал ақынның Михаэлиспен достықтан тапқан тағы бір олжасы дәрігер Нифонт Долгополов, заңгер Северин Гросс, суретші Павел Лобановскиймен танысуы болатын. Бәрі де үкіметке қарсы саяси көзқарасы үшін жер аударылған азаматтар. Олардың, әсіресе қандастарына маман ретіндегі көмегі үшін риза, әңгімелері де жағымды.
Жаңа достарының адамның ұлтына, әлеуметтік жағдайына қарамастан замандасқа деген адамгершіл көзқарастарына Абай тәнті болады. Жеке бастарының пайдасы үшін ел ағасы дейтін кейбіреудің ру-руға бөлініп, бір «уыс» қазақты қырқыстырып қоятыны жанына батады. Бұған Алланы және адамды сүйген әділетті жан қалайша шыдамақ?!
Барша замандасты бауыр тұту ақынды ойлантып, мұның адамдық қарызы екенін көңілге тоқиды. Оның үстіне зиялы ортаның әдебиет пен мәдениетке, қазағының салт-дәстүріне деген қызығушылығы жанын жадыратады. Олардың халыққа қызметі мен айтқан әңгімесінен қандастарына пайдалысын ұстап қалып, ел игілігіне асыруға тырысады.
Сөйтіп, Семейде ашылған Бастауыш білім жөніндегі қамқоршылық кеңесіне, өзімен қатар ұлдары Ақылбай мен Мағауия да мүше болады. Өлкетану музейіне тапсырған халқының тұрмыстық заттары кейін ақынның музейін байыта түскені белгілі. Абай секілді білімпазбен сыйластықтың бағасын орыс достары да біледі.
Ақыннан Михаэлистің жасы үлкен екенін жаңа айттық, ал қалған үшеуінің бір мүшел кішілігі бар. Өзі жазған Қарамола ережесінің көшірмесін қолына тигізгені үшін заңгер Гросс ризашылықпен құрақ ұшады. Абаймен және басқа игі жақсымен пікірлесе жүріп, ол «Материалы по юридическим обычаям киргизов» деген еңбегін жариялайды.
Шығысқа Долгополовтың келуін ақынмен бірге айналасы да асыға тосады. Соған орай Нифонт Иванович та ару-сырқауға ем-дом жасаудан еш тартынған емес. Ал Лобановский ақынның суретін салып, оны қаладағы өлкетану музейіне өткізеді. Жаңағы музейге, әсіресе, Михаэлистің қазақтың тұрмыстық заттарын жинастырып, өткізуге ұйытқы болғанына көңілі толады.
Музейге өткізілген дүниенің кейінгі ұрпақ үшін таптырмас көзайым екенімен іштей келіседі. Алысқа бармай-ақ, Тобықтының Семейде оқуда жүрген балалары көздері қарақты заттарын қаладағы ғимараттың төрінен көргендеріне таң-тамаша болысып, жыр ғып айтысады. Ақынның өзі кір сабын, кісе белдіктен бастап алпыстан астам тұрмыстық затты өткізеді.
Орыс зиялылары ұстанымының бағзы замандардан бергі ғұламалардың адам бақытын дәріптеген ұлағатымен үндес екеніне Хакімнің көзі жете түседі. Әбу Насыр әл-Фараби айтпақшы, «адам өмірге бақытты болу үшін келеді» екен. Демек, зиялы азаматтың адам бақытына қамқор болып, қажыр-қайрат танытуы адамдық қарызы екені кәміл.
Ұлы тұлғалардың бай мұрасы туралы сөз бола қалса, ақын достарының жүзінен сол күнге жетуді аңсаған арманды, қоғамды алға тартатын сана қуатын аңғарады. Ой-толғанысын «өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деп жадына түйеді.
Олай болса «қазақтың бірінің-біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының… рас сөзі аз болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?..» деген сан сауал санасын «тергейді». Оның жауабын да көп ұзатпай табады: «мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан…» көрінеді.
Себебі «…өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді… Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орын толмайды». Халықтың арманының дәлеліндей қиял-ғажайып ертегілер, тіпті бір ғана «ұшатын кілемді» ойлап табудың өзі еркін сананың арқасы екен-ау!
Жаңа достарының әңгімесінен де азат ақыл мен сана қуатын, адам мүддесін көздеген арманды көріп, шын жүректен сүйінеді. Сосын «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді-біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз» деп іштей күйінеді.
Осыны көріп, біле тұра қалайша үнсіз қалмақ?! Адам бақытын жырға қосып, оған кедергі келтіретін надандық, талапсыздық, іштарлық пен қызғаншақтық, жалқаулық пен алауыздыққа аяусыз «сойыл» соғады: «…қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма?..»
Дон Кихотты енді қанша күтеміз?
Жақында Михаэлистен естіген әңгімеден шындық пен әділеттің, мейірім мен қатыгездіктің бүкіл адам баласын толғандыратын мәселелер екеніне көзі жете түседі. Ол испанның Мигель де Сервантес деген жазушысының Дон Кихот туралы шығармасы еді. Ламанчтық жиһангердің басынан кешкендері туралы орыс досы сүйсіне әңгімелейді.
Жазушыға деген ризашылықтан көздері күлім қағып, әрбір оқиғаны өзгеше құлшыныспен, қызықтыра баяндайды. Хакім әңгімені тыңдай отырып ақыл-ойы ел ішін шарлап кетеді. Болыс пен билердің халықты алдап, арбап, бұған көнбегенге қылған зорлық-зомбылығы қабырғасына батып, еріксіз қабағы түйіледі.
«Кісіге біліміне қарай болыстық қыл, татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады» деп ойға батады ақын. Бірақ оқып, тоқыған деген кейбіреудің әділетті белден басқан озбырлығы білімнің үнемі адамдықтың өлшемі бола бермейтінін аңғартады. Ендеше билік тізгініне көрген, білгені көп, тегі жақсы, елжанды адамның ие болуының жөні бөлек.
Ал татымсыздың «ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді-ау! Олар өздері де үздік кісіміз, өздеріміз біреуге үлгі беріп, ақыл айтарлықпыз деп сайланды. Өздері түзеліп жеткен, енді елді түзерлігі-ақ қалған. Ол не қылып тыңдасын және тыңдайын десе де, қолы тие ме?..».
Өкінішке қарай, жаңағы «татымсыздың басында өзіндік жұмысы бар: ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба, елдегі бұзақыларымызды бүлдіріп аламыз ба… деген бейнетінің бәрі басында». Олай болса «қолдары қайдан тисін?!.». Одан бері не өзгерді?.. Ой «тұтқынынан» ақынды Евгенийдің көтеріңкі әрі көңілді дауысы ажыратып алады.
Дон Кихот пен Санчо Пансаның бастан кешкен оқиғаларына Абайдың да жаны жадырайды. «Өздерің қараңдаршы, – дейді әңгімеші досы сәл-пәл жымия отырып, – испан жазушысы кейіпкерлерінің күлкілі әрекеттерімен тұтас қоғамды келемеждеп отыр емес пе? Зеріккен Герцог пен оның әйелінің Санчоны губернаторсың деп сендіргеніне жол болсын!».
Алайда байлық пен биліктен азғындаған «ақсүйектер» өздері ойлап тапқан «ойындарының» салдарынан қалай масқара болғандарын да аңғармай қалады. Есек мінген губернатор Санчо халыққа «сендер мені әдеттегідей жылап емес, күліп қарсы алдыңдар» деп, ащы шындықты жария мысқылдап, жиналғандарды күлкіге қарқ қылады.
«Жоғары мәртебелімен» кездесуге келгендер, оның «Губернатордың есекке мінгені күлкілі екен, ал есек губернаторға мінсе, күлуге шамаларың болмас еді» деген сөзінен тағы да қыран-топан күлкіге батады. Ол мұнымен де тоқтамай, биліктің «бетпердесін» одан әрі сыпырады. Хакімнің өзі де «әлсіздің сөзін салғыртсып, қырындап шала ұғатындарды» көріп жүр.
Сондықтан ондайларды «атқа мінсем, ол – биік, арыздарыңды естімей қалуым мүмкін, сондықтан есекке міндім» дейтін Санчоға қосыла «мақтамен бауыздайды». Ақын «бақпен асқан патшадан / Мимен асқан қара артық…» – деп ой желісін тартады. Бірнеше ғасыр бұрынғы «Дон Кихот» хикаясындағы» халықты «еститін» билік туралы сөз әлі де өзекті.
«Өзің қарашы, билікқұмарлар марқұмның мүрдесін таптап жүре беруден де тайынбайды, – деп қамығады жиһангер. – Тойымсыздар тиын үшін өлтіреді, арызқойлар жақындарын жыланша шағады. Мен жылаған жұртқа көмектесіп, ешкімге зиянымды тигізгім келмейді». Өз тарапынан, тіпті Санчо да малшы мен жалақор әйелдің дауына дұрыс ұйғарым жасап, көпшілікті риза етеді.
Дон Кихоттың «Санчо, біз талмай күресіп, алтын ғасырға жетеміз, әділдік арамдықты жеңеді, бұдан бір адым кері шегінуге болмайды» деген сөзіне Абай да қосылады. Ол адамдық, шындық пен әділет мәселелерінің мәңгілік көкейтесті екенімен үнсіз келісіп, көкірегінің түбіндегі ойларына сәуле түскендей серпіледі. Ал біз ше, Дон Кихотты енді қанша күтеді екенбіз?
P.S: Әңгімеміздің басында айтқанымыздай, классикалық шығармалар жөніндегі сөзімізге қайта оралайық. Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік музыкалық драма театрында «Дон Кихот» трагикомедиясын тамашаладық. Осы орайда айтарымыз, әсілі классикалық дүниелерді бүгінгі заман «жаңғырығымен» үндестіремін деп, жаңаша «кейіптеуге» тырысу, біздіңше, ағаттық. Себебі классиканың артықшылығы да сонда, оларда көтерілетін адалдық пен арамдық, әділет пен әбілет – адам баласы үшін мәңгілік мәселелер және сонысымен де құнды. Демек, классиканы заманауи көрсетемін деп, өзгерістер енгізу – әрқашан жаңа, яки ешқашан «ескірмейтін» дүниеге «жамау» жапсырғандай әбестік. Бұл, әлбетте, қазақ сахнасында заманауи дейтін көзқараспен қойылып жүрген барлық классикалық асыл мұраға қатысты.
Болат ЖҮНІСБЕКОВ, жазушы