Елорда тынысы

Елордалық өрт сөндірушілердің дайындығы пысықталды

Кеше Астана қаласындағы Төтенше жағдай департаменті жасыл аймақ аумағында «Өрт-2025» өрт тактикалық оқу-жаттығуын өткізді. Оқу-жаттығу шартында көрсетілгендей, құрғақ және ыстық ауа райының салдарынан елорданың барлық аумағында өрт қаупі пайда болады. Яғни демалуға келген тұрғындардың сөндірмеген от ошақтарының кесірінен құрғақ шөптің жануы орын алып, өрт әрі қарай орман белдеуіне тарай бастаған.

Шақыру орнына қаланың шұғыл қызметтері, оның ішінде төтеншеліктер және Полиция департаменттері, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері, «Астана Орманы» ЖШС, «Жасыл-Аймақ» РММ, «Зеленстрой» АҚ, «Астана Су Арнасы» МКМ жұмылдырылды. Өйткені, қатты желдің салдарынан 4 өрт ошағы пайда болып, жақын маңдағы үйлерге таралу қаупі туындап, өрт аумағы 5000 шаршы метрге дейін тараған.

«Өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында өрт толығымен сөндірілді. Өрт орнына «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылып, тік өрт сөндіру жүйесінің көмегімен суды ағызу арқылы өртке барлау жүргізді. Жаттығуға барлығы 110 адам, 35 бірлік техника жұмылдырылды. Жалпы оқу-жаттығудың ең басты мақсаты – орман және орманды дала өрттерін сөндіру бойынша қаланың шұғыл қызметтері мен өрт сөндірушілердің өзара іс-қимылдарын пысықтау, өрт сөндірушілердің кәсіби дағдыларын және дайындығын арттыру болып отыр» дейді Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы Саят Кажимов.

Оның айтуынша, адамдардың немқұрайдылығынан пайда болған өрт 20 минутта өшірілген. Сондай-ақ бұл шара республикалық көлемде жылына бір мәрте өткізіліп келеді.

Айта кету керек, құрғақ шөптің жануын уақытында жойылмаса, үлкен шығынға әкеп соқтыруы мүмкін. Көп жағдайда мұндай өрттен сол маңда салынып жатқан құрылыс нысандары мен  тұрғын үйлер зардап шегеді.  Бұл орайда табиғи өрттердің шығуына 72-ден 99%-ға дейін себепкер адами фактор болып отыр.

Бұған қатысты Астана қаласы ТЖД табиғат аясына шыққан кезде сөндірілмеген темекі, сіріңкелерді лақтырмауды, аң аулауға шыққанда бықситын материалдардан жасалған оқ тығынын пайдаланбау туралы жиі ескерту жасап келеді. Сонымен қатар, демалатын жерден кетерде отты сумен сөндіруді немесе ошақтың жануы толық тоқтағанға дейін топырақ лақтыруды, шыны ыдысты және сынған шыныны қалдырмау керектігін үнемі айтуда.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button