Ел тынысы

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Бұл мереке – ұлт руханиятының өркендеуіне, мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан мәдениет және өнер саласы қызметкерлеріне құрмет көрсету күні,деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Бүгінде елімізде 7 600 мәдениет мекемесі жұмыс істейді. Атап айтқанда, 3 890 кітапхана, 57 театр, 231 архив, 275 музей, 2 994 мәдени-демалыс орталығы, 113 кинотеатр, 36 концерттік ұйым және 4 цирк бар. Салада 58 мыңнан астам маман қызмет атқарады. Қазақстанның мәдениет саласында елдің рухани және мәдени-тарихи мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Маңызды бастамалардың бірі — әлемдік қауымдастыққа халқымыздың бай мәдениеті мен төлтума болмысын таныстыратын, сегіз тілде, оның ішінде БҰҰ-ның алты ресми тілі, сондай-ақ қазақ және түрік тілдерінде қолжетімді Qazaq Culture ақпараттық платформасы іске қосылды. Мәдениет мекемелерін дамыту мақсатында 2024 жылы тоғыз республикалық ұйымға «Ұлттық» мәртебесі берілді. Бұл олардың қызметкерлерінің еңбекақысын 1,75 есеге арттыруға мүмкіндік берді.

Қазақстан беделді халықаралық көрмелер мен мәдени жобаларға белсенді қатысып келеді. Атап айтқанда, 60-шы Венеция биенналесінде тұңғыш рет отандық суретшілердің туындылары қойылған Қазақстан павильоны ашылды.

Франциядағы Гиме музейінде сақтар дәуірінен Қазақ хандығына дейінгі кезеңді қамтитын «Қазақстан: Ұлы дала жауһарлары» атты ауқымды көрме өтті.
Қытайдың Тяньцзинь қаласында «Алтын адам және Ұлы дала» көрмесі ұйымдастырылды. Ал, ҚР Ұлттық музейінде Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» атты туындысы экспозицияланды. Министрлік халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға өз үлесін қосты.

2024 жылы Тәжікстан мен Түрікменстанда Қазақстанның мәдениет күндері, сондай-ақ Қазақстанда Түрікменстан, Әзербайжан, Армения және Саха Республикасының (Ресей федерациясы) мәдениет күндері өткізілді. Ашхабад қаласында Құрманғазы мен Абайға, Душанбе мен Қазан қалаларында Абайға ескерткіштер орнатылды.
Сонымен қатар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары және оның аясында өткен Димаш Құдайбергеннің екі күндік концерті секілді 16 ірі имидждік және мерейтойлық концерт ұйымдастырылды.

Еліміздің жас таланттары да ұлттық имиджді нығайтуға зор үлес қосып, 255 қазақстандық өнерпаз 17 мемлекетте өткен халықаралық байқауларда жеңімпаз атанды. «Қазақконцерт» бірлестігі жанындағы Жамбыл атындағы филармония базасында Мемлекеттік классикалық гитаристер квинтеті мен «Бірлік» ансамблі құрылды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Қытай мен Қазақстанның мемлекет басшылары мәдени орталықтар ашу бастамасын көтеріп, тиісті үкіметаралық келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта Қытайда Қазақстанның мәдени орталығын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2025 — идеологиялық және тарихи тұрғыдан маңызды оқиғаларға толы жыл.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай елімізде 2000-нан астам іс-шара өткізу жоспарланған.

Ұлы Жеңістің рухына тағзым ретінде «Батырларға тағзым» онлайн платформасы әзірленді. Онда марапаттау парақтары, майдангерлердің фотосуреттері, естеліктері, майданнан келген хаттар мен өзге де құжаттар қамтылған бірегей деректер базасы жинақталған. Сонымен қатар 6 кітап, фотоальбомдар жарық көрді, «Әлия» көркем фильмі, 80 бейнеролик, 17 деректі фильм мен сериалдар бойынша жұмыстар аяқталу сатысында.

Негізгі архивтік үдерістерді автоматтандырып, азаматтарға ретроспективті архивтік ақпаратқа қашықтан қол жеткізуді қамтамасыз ететін «Е-архив» ақпараттық жүйесін енгізу жалғасуда. Бүгінде бұл жүйе арқылы Ұлттық архив қорындағы жалпы құжаттардың 10 пайызы, яғни 2 654 404 сақтау бірлігі цифрландырылды. Бұл – еліміздің тарихи дамуы, халық тағдыры мее маңызды оқиғалар туралы құнды деректер.

Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасы (ҚазҰЭК) ұлттық мәдени мұраны цифрландыру және сақтау бойынша жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда 80 465 құжаттың электронды көшірмесі қолжетімді. Жүктелген құжаттар 64 тілді қамтиды. 2025 жылғы сәуір айында ҚазҰЭК контентін қарау саны – 595 549, авторлар рұқсат берген кітаптарды жүктеу саны – 322 861. Кітапханаға кіру саны – 146 909, пайдаланушылар – 77 елден 70 721 адамды құрады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button