Жырдан маржан шашылды

Қазақтың жыраулық дәстүрлі өнерінде Бесқала жырауларының орны бөлек, мақамы өзгеше екені мәлім. Наурызбек, Құдайберген, Жақсылық жыраулардың жалғасындай, бүгінге жеткен көзі мен ағындай өнер иесінің бірі – белгілі жыршы Қоныс Жүсіп елуге толып, Астанада Музыкалық жас көрермен театры сахнасында еліміздің түкпір-түкпірінде осынау бекзат дәстүрді насихаттап жүрген саңлақ өнер иелерін жинап, тамаша ғажайып кеш өткізді. “Жырдан маржан шашайын» атты шығармашылық жыр кеші аншлагпен өтті.
Мерейтой аясында қазақтың дәстүрлі өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жыр тұлғасына Астана қаласы әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Іс-шараға еліміздің әр аймағынан және Қарақалпақстаннан келген өнер қайраткерлері қатысты.
Қазақтың барлық дәстүрлі жыраулық мектептерінің жырлары мен термелерін сахна төрінде әуелеткен кеште еліміздің дәстүрлі өнер майталмандары өнер көрсетті. Кешті біраз жылдан бері қарақалпақстандық қазақтардың музыка мәдениеті жайында бірнеше кітап жазған жас өнертанушы, гуманитар ғылымдар магистрі Күнқожа Қайрулла жүргізді.
– Бесқала қазақтарының музыкалық мұрасы − ұлт руханиятын байытар құндылық. Өзге елде жарық дүние есігін ашса да, атажұртына оралған соң сырттағы қандастарымыз жасаған мәдени-рухани байлықты паш етіп жүр, деп айтқан ол белгілі жыршы Қоныс Жүсіптің шығармашылығына тоқталып өтті.
Жыраулық дәстүрдің бес мектебінен келген өнер иелері жырдан шашу шашып, мерейтой иесіне шын ықыластарын білдірді.
Қазақ музыка мәдениетінің бір бөлшегі болған Бесқала жыраулық дәстүрінің мұралары бүгінгі күнде елімізде және Орта Азия театрларында, үлкен сахналарда, оқу орындарының залдарында орындалып, халыққа рухани азық болып келеді. Қазіргі таңдағы өкілдерінің қатарында Наурызбек жыраудың жолымен айтатын Өсербай Сәрсенбайұлы, Сәрсенбай Рахманбердиев секілді белгілі жыраулардың қатарында Қоныс Жүсіп те бар.
Наурызбек жырау мектебінің белді өкілі Қоныс Бесқала жыраулық дәстүрінен басқа репертуарында көптеген жыр-дастандар, өлеңдер бар. Олардың қатарында эфирде орындалып жүрген “Әбубәкір Кердерінің сөзін”, “Тұрмағамбеттің сөзін” Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармаларын айтуға болады.
Кешегі ХХ ғасырдағы жыршылардың ғана емес, ХІХ ғасырда өмір сүрген жыраулардың да мақамдары мен жыр-күйлері бүгінге жетіп отыр. Ел арасынан мұндай дүниелерді әлі де көптеп кездестіруге болады. Бір ғана Наурызбек жыраудың өзі қырыққа жуық мақаммен жырлаған. Соның ішінде жиырмадан астам мақамды өз жанынан шығарған екен. Кеш иесі Қоныс Жүсіп уақыттың шектеулі екенін айта отырып, Наурызбектің мақамымен «Асау-Барақ» дастанынан үзінділер айтты. Баяулап барып, екпіндете, елдің рухын көтере әуелейтін жырлар жиналған жұртты бір желпіндіріп тастады.
Қазақтың қанымен дарып, жүрегіне жеткен жырлар туралы айтқан жүргізуші Күнқожаның жыраулық дәстүрлдегі «Ортаға салу» дәстүрі, тағы басқа Бесқала жыраулық дәстүрі, қазақтың басқа да жыраулық дәстүрлері жайлы айтқан зерттеулері, құнды мәліметтері, мазмұнды әңгімелері кеш көрігін қыздыра түсті.
Астанадағы Музыкалық жас көрермен театрында әуелеген жыр-әуендер, термелер жанымызды тазартып, рухани биікке көтерді. Сахнаны ұлттық әшекейлермен әрлеп, қазақтың дәстүрлі өнерін елордаға жиналған қалың қауымға паш еткен қазақ өнерінің жанашыры, үлкен жүректі азамат Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы, профессор, театр режиссері Асхат Маемировқа да айрықша алғыс айту да орынды.
«Ердің жасы – елуге» келіп, ел алдында есептік концертін беріп, перзенттік борышын орындап жүрген бекзат өнердің иесі Қоныс Жүсіпке, жары белгілі дәстүрлі әнші Ырысты Сүлейменоваға шығармашылық табыс, отбасыларына амандық тілеп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын киелі өнерге қызмет ете беруін тілеп, болашақта талапты шәкірттері, талантты ұл-қыздарға үйретері көп болсын дейміз.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ