Теміржолмен тағдырлары тоғысқан

Астаналық теміржолшы-ардагер Кендай Ахметов ақсақалдың отбасы – елордадағы үлгілі еңбек әулетінің бірі. Олардың болат жолдағы еңбек тарихы сонау 1949 жылдан, яғни Кендай қарияның атасы Ахмет теміржолда жұмыс істеуге кіріскен кезінен бастау алады. Содан бүгінге дейін оның атасынан тараған 48 адам теміржолда қызмет істеді.
Солардың ішінде бүгінде бәріне абыз ақсақалы болып отырған «ҚР құрметті қайраткері», «ҚР құрметті азаматы», «Құрметті теміржолшы», «Құрметті энергетик», «Еңбек ардагері», 2014 жылғы «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы Кендай Төлеутайұлы және оның жан-жарымен 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні қарсаңында бір ауыз тілдесуді жөн көрдік.
Соғыстан кейінгі жылдары жұмысқа кіріп, теміржолшылар әулетінің негізін қалаған Ахметтен тараған 4 бала екінші буын теміржолшылар болса, олардан өрбіген барлық немерелері де үшінші буын ретінде ата жолын қуды. Ахметұлы Төлеутайдан туған 11 баланың бәрі, соның ішінде Кендай да шойын жолда еңбек етті. Әулеттен 3 бірдей «Құрметті теміржолшы» шықты. Оның бірі – Кендай Ахметов. Бүгінде төртінші буын ұрпақтар, солардың қатарында басты кейіпкеріміздің қызы Гүлнәр да ата кәсібіне адалдық танытып, «ҚТЖ»-да еңбек етіп жүр. 72 жыл ғұмырының 48 жылдай уақытын Сарышаған және Астана станцияларындағы ШЧ және ЭЧ мекемелерінде еңбек етуге арнаған Кендай ақсақал өмірде мамандық пен жар таңдауда шатаспағанына мың да бір шүкір етеді. Жұбайы Күлән Ахметованы осы салада жұмыс істеп жүріп кездестіріп, 1975 жылы екі әріптес Сарышағанда бас құрап, төрт баланы дүниеге әкелді. Балаларын еңбекке баули және өздерінің адамгершілік қасиеттерін көрсете отырып тәрбиелеп, елге абыройлы, көпке құрметті, ағайынға сыйлы, қоғамда да танымал отбасына айналды.
1953 жылы Балқаш қаласында теміржолшылар әулетінде дүниеге келген Кендай Ахметов Сарышаған станциясындағы белгі беру және байланыс дистанциясында механик болып еңбек жолын бастаған. Содан орта арнаулы және жоғары білімді сырттай оқи жүріп, әрі Отан алдындағы борышын өтеп, қызметін жалғастыра берген. Механиктен телім бастығы, 2000 жылы Астанаға ауысқан соң, 2016 жылы зейнетке шыққанға дейін зертхана бастығы, бас инженер, ЭЧ-8 мекемесінің директорына дейін жетіп, басшылық лауазымда да қызмет атқарды.
– Отбасы – шағын мемлекет. Оның өз заңдылықтары, қағидалары болады. Елінің қамын жейтін де, малын жейтін де ұрпақ сол шағын мемлекетте алған тәлім-тәрбиесіне қарай ер жетеді. Ең басында қосылғанда №4 бекет деген жерде 4 жылдай тұрдық. Сонда нанды да пойызбен әкеп тұрады. Суды да тасып әкеледі. Қиын кездер бастан өтті, екеуден-екеу 4 жылдай сол жерде өмір сүрдік. Бірақ ешқашан ешкімге шағым айтып көрмеппіз. Теміржол деген біздің отбасымызға бір нәсіп, бағымыз болды, басқа салада мүлдем қызмет еткен жоқпын, – дейді өзі.
9 немере-жиендерінің қызығын көріп отырған ата мен әже «бақыттың кілті – еңбек пен сыйластықта» дейді. Өнегелі әулеттің үйінен қонақ үзілмейді. 2014 жылы «Мерейлі отбасы» байқауына қатысуға елорда әкімдігі тарапынан ұсыныс берілгенде туған-туыс, көрші-қолаңнан Ахметовтер туралы сұрастырылып, сырттай мінездеме жиналған. Сонда олар туралы бірде-бір теріс пікірдің болмауы мәлімет жинаушыларды да таңғалдырыпты.
– Қазақта «иық бар, сол иық қисайса, тірелетін иық бар ма?» деп айтады. Жұбайым менің иығым сияқты, әрқашан қиыншылық болса, маған тіреу, ақылшым, кейде көмекшім болады. Күләнмен отасқаныма 40 жылдан асты. Үйде де, жұмыста да бір болғаныма өкінген кездерім болған жоқ. Менің күнделікті өмірімнің 60 пайызы жұмыста өтті, сондықтан көбіне бала тәрбиесіне жұбайым жауапты болды, дегенмен балаларыма қашанда уақыт бөлуге тырыстым. Әсіресе ұлымды 4 жасынан бастап жұмысқа бірге алып кетіп жүретінмін. Оған жұмыстың да, өмірдің де қыр-сырын үйреттім. Қазір балам мен келінім бізді бағып, құрметтеп, қыдыртып, жағдайымызды жасап отыр. Міне, нағыз қазақы тәрбие деген сол, – дейді ақсақал.
Астанаға осыдан 25 жыл бұрын көшіп келген Ахметовтер әуелгі жұмысты үй салып, ағаш отырғызудан бастаған. Сенбі-жексенбі демалыс екен деп ешкім түске дейін ұйықтамайды. Үйде темірдей тәртіп сақталады. Қыздар әжесіне көмектесіп, шағын бау-бақшаны баптайды. Оларды еңбекке баулу үшін жерден қалай өнім алуға болатынын, қалай суарып, түптеу керегін көрсетіп отырады.
– Еңбекке баулудың, дұрыс өмір сүрудің ең әдемі үлгісі осы болар. Өзің диванда күні бойы теледидар қарап жатып, балаға еңбек туралы айту қисынсыз. Балаларды «еңбекқор бол, елді алдама» деп кішкентай кезінен тәрбиелейміз. Бақыттың кілті байлық пен мансапта емес, адал еңбек, асыл жар, ақылды балада, – дейді кейіпкеріміз.
Кендай мен Күлән теміржолшы-ардагердің және қызы Гүлнәрдің еңбек өтілін қосқанда, бір әулеттің өзінің теміржолдағы еңбек өтілі 120 жылдай болып қалды. Ұлы Серік те 10 жылдай теміржолда еңбек етіп, қазір жеке кәсіппен айналысуда. Үйде де, түзде де бірге болып, қол ұстасып, бір жастықта қартайып келе жатқан үлгілі отбасының отағасы мен отанасы осындай өнегелі әулет болудың басты құпиясы өзара түсінісу, сыйласу және кешірімді болуда дейді.
– Отбасында қашанда әйел өзін ерінен бір саты төмен ұстауы керек. Әйел – ана, ана болған соң балаларыңның еркелігін көтересің ғой, сол сияқты ер-азаматтың да кейбір мінезіне көз жұма қарау қажет. Ер адам ашуланса, әйел үндемей қоя салғаны жөн, кейін ашуы басылғанда айтуға болады. Жұмыстан келгенде қас-қабағына қарап, киімі мен тамағына дұрыс мән беру керек. Қазір көп отбасында баспананың жоғы, қаржы тапшылығы мәселесі бар, соған шыдамайды. Ол қиындықты да бірге жеңеміз деп ұмтылса ғана отбасын сақтай алады. Өмірде ештеңе оңайлықпен келмейді, ауызбіршілік болса, бір-бірін сыйлап, бірге әрекет етсе, түбі бәрі реттеледі, – дейді Күлән Ахметова.
Осындай өнегелі жолымен үлгілі отбасы мәртебесін сақтап келе жатқан Ахметовтер әулеті жақында Астанада аудандар арасында өткен «Ұрпақтар сабақтастығы» байқауында тағы да бірінші орын алды.
Райхан РАХМЕТОВА