Басты ақпаратҚоғам

Аспанға құштар әулет

Серікбаевтар әулетінің азаматтық авиациядағы ғұмырнамасы – көк аспанмен тағдырын байланыстырған тұтас династия шежіресі. Бұл – зеңгір көкте еркін қалықтаған қыран құстай биіктік пен кеңістікке құштар текті әулеттің тарихы. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұған дейін бір әулеттен 28 авиация маманы шыққан емес. Міне, сол үшін де бұл шаңырақты ұшқыштардың ұстаханасындай болған ұлағатты ұя деуге толық негіз бар.

Бұл әулеттің те­мірқазық өзегі төрт бауыр – Марат, Дүйсенғали, Дәулетбай және Болат Серікбаевтар, сондай-ақ, әпкесі Марал Хамзинадан бастау алады. Олардың өнегелі өмір жолы – өз кәсібіне деген адалдық пен сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.

Әулеттің тұңғышы Марат Мұсаұлы Серікбаевтың авиациядағы сапары азаматтық әуе саласының енді ғана қанаты қатая бастаған шақта басталды. Көшбасшылық қасиеті, кәсіби шеберлігі және қайтпас қайсар мінезінің арқасында ол І дәрежелі ұшқыш атанып, азаматтық әуе эскадрильясын тізгіндеді. Кеңес Одағы мен Қазақстанда ұшқан барлық үлгідегі әуе кемелерінің, халықаралық ұшқыштар отрядының командирі болған ол отандық авиация заңнамасын қалыптастыруға үлкен үлес қосты.

Ауған соғысына қатысып, «Құрметті авиатор» атағымен және басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталды. Әкенің қанымен, ананың сүтімен келген тектілік арқылы 46 жыл жемісті еңбек етіп, сол телегей теңіз тәжірибесін ізін басқан шәкірттермен бөлісіп, тәлімгер атануы да тегін емес.

 

 

Династия тағдырында Марал Мұсақызы Хамзинаның да өрнекті ізі, айшықты қолтаңбасы бар. Марал Хамзина – Целиноград бірлескен авиа­отрядының қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш бортсерігі. 1972 жылы Целиноград-Свердловск рейсін орындау кезінде Марал ұшақ салонының есігі ашылып кеткенін байқап қалады. Дереу ашық есікке қарай батыл ұмтылып, жолаушылар өміріне қауіп төндірген апаттың алдын алады. Осы ерлігі үшін және авиациядағы көп жылғы еңбегі ескеріліп, 2007 жылы Марал Хамзина «Әлия Молдағұлова» атындағы алтын медальмен марапатталды.

Ол 1989 жылдан бастап Ту-134, Ту-154, Ил-86 алып ұшақтарымен алыс шетелдерге сапарлап, төрткүл дүниені шарлады. 1993 жылдан бергі Азаматтық әуе басқармасында нұсқаушы, Астана қаласындағы «Эйр Қазақстан» ұлттық авиакомпаниясының аймақтық өкілі, бортсеріктер қызметінің инспекторы, 2000 жылдан «Целина» авиакомпаниясының сервистік тобына қызмет көрсету бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Сол еселі еңбегінің өтеуіндей «Қазақстанның еңбек сіңірген авиация қызметкері», «Құрметті авиатор» атақтарына ие болды.

Ағайынды Серікбаевтардың әкеден өрбіген одан кейінгі үш бауыр да ағасы Марат Мұсаұлы Серікбаевтың жолын жалғап, азаматтық авиацияның ұшқыштары атанды. Олар курсанттан әуе кемесінің командиріне дейінгі қиын жолдан өтті. Жылдар бойы жинаған мыңдаған сағаттық ұшу тәжірибесімен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Ал 40 жылдық тәжірибесі бар Дәулетбай Мұсаұлы Серікбаев – Ақтөбе жоғары азаматтық авиация училище­сінің түлегі, І санатты ұшқыш. «Тrans Asia Airlines» әуекомпаниясының ұшу қызметі бойынша вице-президенті, «Эйрбас-310» әуекемесінің командирі, Азаматтық авиация комитеті ұшу қауіпсіздігі басқармасының басшысы, ҚР Азаматтық авиация комитетінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін абыроймен атқарған. Як-40, Ту-154, А-310 әуе кемелерін басқарған кезінде білігімен көзге түсіп, Президенттік экипаждың құрамында болды, «Құрметті авиатор» және басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталған.

 

 

 

Көп жыл бойы түрлі әуе кемесін басқарған І санатты ұшқыш Дүйсенғали Мұсаұлы Серікбаев азаматтық авиация саласында табаны күректей 34 жыл қызмет етті. Жалпы ұшу сағаты 14 мыңнан асатын кәсіби маманның отандық әуе қызметінде әулеттің атына кір келтірген кезі болған емес.

 

Үйдің кенжесі Болат Мұсаұлы Серікбаев та алдыңғы толқын ағалары салып кеткен сара жолды жалғап, жоғары санатты ұшқыш атанды. Як-40, Ту-154, Ил-86, А320, Boeing 737 әуе кемелерін басқарған тәжірибелі маман күллі әлемді шарпыған COVID-19 пандемиясы кезінде Уханьнан қазақстандықтарды эвакуациялап, ел сенім білдірген аз ғана ұшқыштардың қатарында болды. Фәни дүниемен қош айтысқан соң Болат Мұсаұлына «Құрметті авиатор» атағы берілді.

Әрине, мұндай азаматтық болмыс-­бітім ата-ананың тәлімді тәрбиесімен қалыптасатыны анық. Әкесі Иман-Мұса Серікбаев – Ұлы Отан соғысының ардагері, заңгер, прокурор болып қызмет еткен. Соғыстан кейінгі жылдары ел басқарған Жұмабек Тәшеневтің серіктерімен елдің еңсесін тіктеуге, аяғынан тұруына зор еңбек сіңірді. Анасы Нәпия Сүлейменқызы Темірболатова – бидің ұрпағы, балаларына патриотизм, адалдық, ерлік пен ізгілік қасиеттерін сіңірді.

Серікбаевтар әулетінің тәрбиесі кейінгі ұрпаққа да оң әсерін тигізді. Жас ұрпақ династиясының бірнеше өкілі ел дамуына өз таңбасын қалдырып үлгерді. Соның ішінде Марал Мұсақызы Хамзинаның үлкен ұлы Дәулет Ғазизұлы Хамзин – Азаматтық авиацияның дамуына үлес қосқан халықаралық сарапшы. Авиация саласында 1994 жылдан бастап қызмет атқарған ол әр кездері SCAT әуекомпаниясының вице-президенті, Қарағанды, Тараз, Астана әуежайларының басқарма төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды.

Биыл «Ұрпақтар сабақтастығы» жо­басы аясында өткен отбасылар бай­­қауында Есіл ауданының намысын қорғаған Хамзиндер отбасы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ұшқыштар әулеті өз араларынан әлі де талай азаматтық әуе саласының тарландары шығатынына сенеді. Олардан қалған рухани мұра елінің ержүрек мақтаныштары, жаңа ұшқыштарды адалдық пен шеберлік жолына жетелей берері сөзсіз.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button