Мәдениет

Бозоққа түнгі саяхат

Халықаралық музейлер күні қарсаңында «Бозоқ» археологиялық паркі аумағында
«Бозоққа түнгі саяхат» атты этнографиялық фестиваль өтті.

Іс-шараны ұйымдастырушы «Бозоқ» Мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Сәуле Бұрбаеваның айтуынша, аталмыш фестиваль еліміздің тарихы мен мәдениетін насихаттауда маңызды орын алады. Іс-шара мемлекеттік мәдени саясаттың міндеттері мен Қазақстан Президенті ұсынған тарихи-мәдени мұраны қазіргі заман талаптары тұрғысынан қайта пайымдауға бағытталған стратегиялық көзқарас аясында жүзеге асырылды.

Этнографиялық фестивальге Парламент депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, ғылым және білім беру салаларының қайраткерлері, шығармашылық зия­лы қауым, мектеп оқушылары мен студенттер, мәдениет қызметкерлері және өткенмен ашық сұхбатқа ұмтылатын азаматтар қатысты. Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай жиналғандарды жақындап қалған Халықаралық музейлер күнімен құттықтап, тарихи жадтың ұлттық өзіндік сананы қалыптастырудағы маңыздылығын ерекше атап өтті. Жастарды өткенге құрметпен қарауға тәрбиелеу және дәстүрлі құндылықтарға баулу тұрақты мәдени дамудың негізі екенін айтты.

Парламент Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл, белгілі суретші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Камиль Муллашев ізгі тілектерін жеткізді. Фестиваль тек мәдени алмасу алаңына ғана емес, өнер, ғылым және қоғамның Ұлы дала мұрасын сақтау мен терең пайымдаудағы кеңістігіне айналды.

Мерекелік этнографиялық фестиваль фольклорлық «Қазына» фольклорлық ансамблінің өнер көрсетуімен ашылды. К.Ақышев атындағы Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдуллина жетекшілік ететін «Есіл» археологиялық экспедициясының қатысушылары «От жағу», «Отпен аластау» секілді көне дәстүрді көрсетті. Іс-шараға еліміздің жетекші этнологтарының бірі, тарих ғылымдарының кандидаты Зұбайда Сұрағанова атсалысты. «Аңыз түні» атты бөлімде археологтар ғылыми жаңалықтармен бөлісіп, Бозоқ қалашығының тарихи маңызы мен Ұлы даланың өркениеттік феномені жайлы ой-пікірлерімен бөлісті. Тарих ғылымдарының докторы, танымал археолог Зейнолла Самашев археологиялық мұраны сақтау мен оны ғылыми тұрғыдан ұғыну ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі екенін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, Бозоқ қалашығы – қазақ халқының тарихи жадын сақтаушы, ортағасырлық урбанистік дәстүрлер мен бүгінгі мәдени сананың арасындағы маңызды көпір. Зерттеуші археологиялық ескерткіштерді насихаттауда жүйелі тәсілдің қажет екенін алға тартып, бұл бағытта жастардың қатысуын, нысандардың цифрлық визуализация­сын және мәдени туризмді дамыту идеясын ұсынды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button